Зейнетақыны мерзімінен бұрын шешіп алған қазақстандықтар 10% мөлшерінде салық төлейді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинағынан беретін төлемдерге жеке табыс салығы салынады (Салық кодексінің 326-бабы).
«Бұл ретте жеке тұлғалар ең төменгі 1 жалақы мөлшеріндегі салықтық шегерімді қолдану арқылы салық салынатын соманы азайтуға құқылы. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары (ҰОС-на қатысушыларға теңестірілгендер, барлық топтағы мүгедектер, мүгедектердің ата-аналары мен қамқоршылары, жетім балаларды асырауына алған ата-аналар) тағы қосымша 882 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде шегерім қолдануға құқылы. Бұл - 2,3 млн теңгені құрайды (Салық кодексінің 345, 346, 353-баптары). Көрсетілген шегерімдерді ескере отырып, тұрғын үй сатып алуға, емделуге және басқа да рұқсат етілген мақсаттарға зейнетақы ақшасынан ішінара алынатын сомаларға 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады», - делінген хабарламада.Еске сала кетейік, Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға рұқсат берген болатын.