Ресейде чемпиондыққа таласатын қазақ жігіттері салмақ өлшеу рәсімінен өтті
Ресейде чемпиондыққа таласатын қазақ жігіттері салмақ өлшеу рәсімінен өтті
© Сурет ғаламтордан
Мәскеуде Абдулманап Нұрмағамедовты еске алу турниріне қатысатын спортшылардың салмақ  өлшеу рәсімі өтті. FNG және GFC бірлескен турнирінің басты жекпе-жегінде Arlan MMA Pro Team командасының өкілі қазақстандық жауынгер Дәурен Ермеков ресейлік Владимир Минеевпен кездеседі. Жекпе-жекте орта салмақтағы (84 кг) Fight Nights Global чемпионы атағы сарапқа салынбақ. Екі спортшы бірдей салмақ көрсетті – 83,9 кг. Кештің үшінші жекпе-жегінде Arlan командасының тағы бір жауынгері Мұратбек Қасымбай ресейлік Мұхамед Эминовқа қарсы шығады. Бұл шайқастың жеңімпазы жеңіл салмақта (66 кг) чемпиондық атаққа ие болады. Бұл жолы да спортшылар таразыда тең түсті – 65,8 кг. Кештің басында жеңіл салмақта (61,2 кг) өнер көрсететін Азамат Маркабаев қазір Ресей атынан өнер көрсетіп жүрген Қазақстанның тумасы Никита Балтабаевпен кездеседі. Екі жауынгер де 61,2 келі лимитінен асқан жоқ. Ауыр салмақтағы қазақстандық жауынгер Дархан Бәкенов ресейлік Владимир Бриктің салмағынан асып түсті. Отандасымыз 119,3 кг көрсетсе, Брик 106 кг тартты. Сонымен қатар, кеш басында Сәбит Жүсіпов бразилиялық  Рилдечи Диаспен кездеседі. таразыда Жүсіпов 61,2 кг көрсетсе, бразилиялық сәл жеңіл болды – 60,8 кг. Сондай-ақ, бұл кеште  жартылай орта салмақта (77 кг) өнер көрсететін Гойти Дазаев октагонға оралады. Дазаев пен оның қарсыласы ресейлік Максим Буторин 77,1 кг көрсетті. Айта кетейік, FNG және GFC бірлескен турнирі 9 қыркүйекте Мәскеуде өтеді. Турнир Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де басталады. Кешті тікелей эфирде "Хабар"телеарнасы көрсетеді.