– Партияның қайта жаңғыру жөнінде кешенді бағдарламасының қабылданғанына бір жыл болды. Партияішілік праймеризді Елбасының тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың түйіні деп айтсақ та болады. Бүгінде праймериздің мақсат-міндеттері жөнінде барлық ақпарат құралдарынан жан-жақты айтылып жатыр. Тіркеу жұмыстары басталардан 1-2 күн бұрын Елбасы үндеу жасады. Күні кеше «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те телеарнаға берген сұхбатында да праймериз жөнінде бірқатар ақпаратты айтты. Басқа да партия қатарында жүрген азаматтар да праймериздің мақсат-міндеттерін халыққа кеңінен түсіндіруде. Ал праймериз өткізудегі негізгі мақсат – алдымызда келе жатқан Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына партия тізіміне енетін тұлғалардың бәсекеге қабілетті, халыққа сөзін өткізе алатын, атқарушы билікпен жұмыс істеп, оларға ұсыныстарын енгізуге қауқарлы, ұсыныстардың іске асуын қадағалайтын, сол арқылы өзінің миссиясын орындайтын лайықты тұлғалардың құрамын қалыптастыру, – деді Арман Қырықбаев. Партия хатшысы сонымен қатар праймериздің негізгі талаптарына да қысқаша тоқталып өтті. – Праймеризге қатысу үшін кез келген азамат партияның мүшесі болуы керек. Тіркелмей қалған 200-ге жуық азаматтардың 35 пайызынан астамы партияның құрамына түрлі себеппен өте алмай қалғандар. Партиялық тізімде әйел азаматтардың үлес салмағы 30 пайыздан, ал жастардың үлесі 20 пайыздан төмен болмауы керек деген талап бар. Бұл ретте біздің талабымыз еселеп орындалды. Бүгінгі таңда тіркелген азаматтардың 37 пайызы әйелдер, 35-ке жасы толмаған жастардың үлесі 30 пайызды құрады, – деп атап өтті ол. Өз кезегінде саясаттанушы Бауыржан Серікбаев кей өңірлерде белсенді жастарды халық өздері ұсынып жатқанын айтты. – Қазіргі кезде біз аймақтарды аралап жүрміз. Сол кезде байқағаным, халықтың тарапынан, әсіресе жастардың праймеризге қатыссам деген құлшынысы өте зор. Бұл бізді қуантты. Праймериз жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан жастар осы мүмкіндікті оңтайлы пайдалану керек деп есептеймін. Жалпы, Парламентке Қазақстанның бүгінгі әлеуметтік жағдайын түсінетін, халықтың жағдайын білетін, өмірлік тәжірибесі, харизмасы, таланты бар кез келген азамат өзін ұсынуға құқылы. Ал оның қаншалықты білімді, тәжірибелі екенін, қаншалықты халықты өзіне тарта алатынын саяси бәсеке анықтайды. Мен праймеризге қатыспадым, бірақ саясаттанушы ретінде елімізде бірінші рет өтіп жатқан науқанның ашық әрі әділ өтуіне бақылаушы ретінде өз үлесімді қосуға ниеттеніп отырмын, – деді Б.Серікбаев. Эфир барысында сайлау күні дауыс ұрланған болса, науқанның талабын бұзған адамдарды жауапқа тарта аламыз ба деген сауал қойылды. Оған партия хатшысы жауап берді. – Нақты шара қолданылады. Бірінші кезекте дауыстың ұрланғаны дәлелденуі керек. Егер нақты факті болса немесе соған мүдделі азамат шағымданатын болса, міндетті түрде партия тарапынан партияның бақылаушы органы іске кіріседі. Сол заңбұзушылықты, партияның ішкі құжатының бұзылуына жол берген жауапты қызметтегі адам партия тарапынан жауапқа тартылады. Қажет болған жағдайда партия қатарынан шығарылады, – деді Арман Қырықбаев. Аталған науқан кезінде бақылаушы ретінде бірнеше өңірді аралаған Мәжіліс депутаты Берік Оспанов та халықтың праймеризге деген көзқарасы түзу екенін айтты. – Праймеризге кез келген азаматтың қатысуға мүмкіндігі бар. Ешкімге шектеу қойылмайды. Праймериздің ең үлкен пайдасы, қазіргі таңда әр ауданда нақты даму бағдарламалары құрылады деп ойлаймын. Себебі праймериз арқылы іріктелген депутаттар өздерінің ұсыныстарын даму бағдарламаларына енгізеді. Ол тұрақты түрде бақылауда болады, – дейді Мәжіліс депутаты. Эфирдің қонағы PhD доктор, блогер Бибігүл Нұрашева да елімізде тұңғыш рет өткелі отырған праймеризге қатысты өзінің бірқатар ұсыныс-пікірін білдірді. – Праймериз арқылы қоғамда өзінің рөлін тапқан, халықтың жағдайын түсінетін, сонымен қатар проактивті позициясы бар азаматтар басшылыққа келсе орынды болар еді. Себебі қазіргі кезде халықпен жұмыс істей алатын депутаттар аз. Сондықтан басшылыққа заңды түсіне алатын, заң шығарушы функцияларын атқара алатын азаматтар келуі керек деп есептеймін, – деді ол. «Ашық алаңда» қойылған «ауылдағы қарапайым адамға праймериз қаншалықты жол ашады?» деген сұраққа партия хатшысы Арман Қырықбаев толықтай жауап берді. – Елдің алдында суырылып сөйлеп жүрген азаматтардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Сондықтан ауылдан қандай білікті азаматтар шығады деп күмәнданып қараудың еш жөні жоқ. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ол жерден елімізге белгілі небір талантты азаматтарымыз шыққан. Бұл бұрын да болған, бүгін де болады, келешекте де жалғасын таба береді. Біз ешкімді бөле жармаймыз. Кез келген азаматтың праймеризге қатысуға толық қақысы бар. Ешқандай шектеу де қойылмайды, – деді партия хатшысы. Тікелей эфирде саясаттанушы Бауыржан Серікбаев бәсеке шын мықтыны анықтайтынын тілге тиек етсе, депутат Берік Оспанов әр қатысушы праймериз кезінде өз бағдарламасымен таныстыратынын, сол кезде оның ептілігі, білім деңгейі көрінетінін жеткізді. Ал өз кезегінде партия хатшысы Арман Қырықбаев праймеризге қатысушылардың өздеріне де, өзге қатысушыларға да дауыс бере алатынын айтты. – Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі кезде бір мандатқа 18 адам таласуда. Яғни, еліміздегі ең жоғарғы бәсеке елордада болып жатыр. Тізімдегі 100 адамның бәріне де дауыс беруге болады. Болмаса ішінен таңдап бір-екеуіне дауыс бере де аласыз. Соңында барлығының нәтижелері бір жерге тоғыстырылған кезде көп дауыс жинаған азаматтардың рейтингі шығады. Көп дауыс жинаған қатысушылар автоматты түрде Мәжіліске үміткер болады. Одан кейінгі орында болған адамдар облыстық мәслихаттағы орынға үміткер саналады, – деді партия хатшысы. Ол сонымен қатар бақылаушыны кез келген праймеризге қатысушы алып келе алатынын, бірақ оның міндетті түрде партия мүшесі болуы керек екенін, сенімді өкіліне де дәл сондай талап қойылатынын қоса жеткізді. – Үгіт-насихат кезінде қазіргі таңда адамзат баласының қолы жететін кез келген ақпарат құралын қолдануға қақысы бар. Үміткерлермен кездесу барысында әлеуметтік желінің барлық түрін кеңінен пайдалануға болады. Біз праймеризге қатысушыларға маңызды 3 құжатты ортаға салып отырмыз. Біріншісі, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауы, оның ішінде 140-қа жуық бастама көтерілген, соларға сүйену. Одан кейін «Nur Otan» партиясының әрбір аудан, өңір, қалаға арнап дайындаған 216 даму бағдарламасын басшылыққа алу. Үшіншісі, жер-жерде жастар саясатын дамытудың жол картасын дайындап шығардық. Соны да пайдалану. Міне, осы үш құжат бойынша әңгіме өрбітіп, халықтың алдында сенімді сөйлеп, өздерін жақсы қырынан көрсеткен қатысушылар іріктеуден өтеді деген үміттемін, – деп түйіндеді өз сөзін Арман Қырықбаев. Естеріңізге сала кетейік, праймеризге қатысуға 11 мыңға жуық адам үміткер ретінде тіркелген. Олардың орташа жасы – 43 жас. Праймеризге қатысуға тіркелген кандидаттардың 34%-ы – әйелдер. Кандидаттардың үштен бірі – 35 жасқа дейінгі жастар. Кандидаттардың 72%-ы – өзін-өзі ұсынушылар. «Nur Otan» праймеризінің екінші кезеңі басталады. 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өтеді.
Әбілмансұр ЖАСАН