Нығматулин АСЕАН ПАА отырысында сөз сөйледі
Нығматулин АСЕАН ПАА отырысында сөз сөйледі
АСЕАН ПАА Бас Ассамблеясы­ның пленарлық отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс Спикері әлемдік жеткізу тізбектерін қалпына келтіру­дің, қазіргідей күрделі геосаяси жағ­дай­ларда көлік-логистикалық бағыт­тардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. – Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл Еуразия құрлығында серіктестік құру туралы Үлкен Еуразия стратегиялық идеясы ерекше өзекті болып отыр. Сауда-экономикалық және инвести­циялық ынтымақтастықты тереңдету үшін Еуразиялық экономикалық одақ желісі бойынша АСЕАН-мен өзара іс-әрекетті дамыту әлеуетті болып табылады, – деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, осы форматтағы экономикалық байланыстарды нығайту континент елдерінің дамуына, экономикалық өсуіне және азаматтардың әл-ау­қаты­ның артуына қуатты серпін бере алады. 670 миллионға жуық халқы бар АСЕАН жалпы ішкі өнімі 3,5 трлн АҚШ долларын және сыртқы сауда айналымы 4,5 трлн АҚШ долларын құрайтын ең ірі аймақтық ұйым­дардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы халық­аралық ұйымдармен ынтымақ­тас­тықты дамытуға ерекше мән бере­тінін айтқан Нұрлан Нығматулин Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайту және АСЕАН-мен байланысты кеңейтуді Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі деп атады. Сонымен қатар Мәжіліс Төра­ға­сы парламенттік дипломатияның халықаралық ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін құруда және аймақтық және континентальды деңгейлерде ортақ шешімдер табуда айтарлықтай әлеуетке ие екеніне сенім білдірді. Сондай-ақ күн тәртібіне сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Парламенттің COVID-19-дан кейін аймақтағы ынтымақтастық пен экономиканы қалпына келтірудегі рөлі, жұмысшы әйелдер үшін жұмыс пен кірісті қамтамасыз етуде Парламенттегі әйелдердің рөлін арттыру, ПАА АСЕАН жас Парламент өкілдерінің бейресми кездесуі туралы мәселелер қаралды.  

Қ.АМАН