Бұл сала әдетте ақпарат ағынынан тыс қалып жатады: мәселе тек азшылық топты ғана толғандырады деп есептеледі. Шынында, Қазақстанда жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі жандар саны көбейіп барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде бүгінде мүгедектігі бар адам саны 700 мыңға жетті!
Ауру емес, адам маңызды
Жасыратыны жоқ, КСРО заманында мүгедектерді жек көретін. Себебі кеңестік идеология «совет адамы – дені сау, қуатты, көркем» деп насихаттайтын. Кинода да, ескерткіштерде де, қабырғадағы муралда да солай сомдайтын. Мұндай қоғамда кемтар жанға орын жоқтығы ұғындырылатын: олар «коммунизмге бет алған елдің әсем көрінісін» бүлдірмеу үшін үйінде отыруы керек-тін. Сондықтан бірде-бір ғимаратта, тіпті әлеуметтік нысандарда қарапайым пандус қарастырылмайтын. Теріс үгітке ерген жұртшылық он екі мүшесі сау емес адамдарды «калека» деп мазақтаушы еді. Осы орайда, тіпті ардагерлердің өзін келемеждеу секілді қауіпті құбылыс белең алғаны жасырын емес. Ақын, жазушы Әбу Сәрсенбаев: «Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым? Ол ақшаға сатқан жоқ, Тізеден кесіп аяғын» деп бекер өлең шығармаған. Тәуелсіз Қазақстан кеңестің осы «залалды мұрасынан» құтылудың қамын жасауда. Мемлекет БҰҰ ұсынымын орындау мақсатында «мүгедек» деген ұғымның өзінен бас тартпақ. Бүгінде дамыған елдерде рeople-first language қағидаты қолданылады. Оған сәйкес, бірінші орында адам тұруы, ал оның ерекшелігі немесе сырқаты тек қосымша көрсетілуі қажет. Тиісінше, ағылшын тілінде «кекеш» демейді, «кекештігі бар адам» (people who stutter) деп айтады. «Мүмкіндігі шектеулі адам» терминін қолданудан да бас тарту ұсынылды. Өйткені ол адамның кемістігіне, толыққанды еместігіне нұсқайды. «Мен мүмкіндігімді әлдекімнің шектегенін қаламаймын. Сіз де оны қаламассыз. Демек, мүгедек болғаныма қарамастан мүмкіндігімнің шектелмегенін, керісінше жаңа мүмкіндіктер ашыла түскенін қалаймын. Рас, менің қабырғаларым жоқ, балдақтың көмегімен ғана жүре аламын. Алайда технология дамыған мына заманда өзгесі секілді менің де алдағы мүмкіндіктерім шексіз», – дейді қоғам белсендісі Ольга Котова. Кезінде Invalid (дәрменсіз, қуатсыз) сөзін Кеңес Одағы ағылшын тілінен алған болатын. Қазіргі уақытта ағылшын тілі бұл терминді адамға қатысты қолданбайды. Оның орнына келген disabled people (мүмкіндігі шектеулі адамдар) сөзін енді people with special needs (ерекше қажеттіліктері бар адамдар) ығыстыруда.Кемсіту заңнан басталады
2017 жылы БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Каталина Девандес-Агилар Қазақстанға сапарлап, жаһандық ұйым атынан тексере келген. Оның барысында БҰҰ өкілі Қазақстанның ұлттық заңнамасы, саясаты мен тәжірибесі адам құқығы саласындағы міндеттемелерге қаншалықты сәйкес келетінін бағалап қайтты. Сапар қорытындысында арнайы баяндама әзірленді. Ол Қазақстан Үкіметі ескеруі керек бірқатар ұсыныстан тұрады. Мысалы, мүгедектерді қорлайтын, кемсітетін терминдерді жоюға кеңес беріледі. Бұдан бөлек, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы UNICEF-тің қолдауымен ерекше балаларға қатысты кемсітуші терминологияны анықтау мақсатында ұлттық заңнамаға талдау жүргізді. Нәтижесінде, қазақстандық кодекстерде, заңдарда, ел Үкіметінің қаулыларында, бұйрықтарда ондайлар өріп жүргені әшкереленді. Мысалы, «мүгедек балалар», «мүмкіндіктері шектеулі балалар», «ақау-дефект», «ақыл-ой кемістігі», «дамуда арттап қалған», «қалыпты дамудан ауытқу», «ақыл-ойы бұзылғандар», «ақыл-ойы кеміс» секілді ұғымдар сынға ілікті. Сарапшылар ұлттық заңнамада қолданылатын қорлық сөздерді жөні түзуімен ауыстыруды ұсынды. Сондықтан ұлттық заңнамаға түзету енгізіліп, «мүгедек» дефинициясы «мүгедектігі бар адамға», ал «мүгедек бала» терминдері «мүгедектігі бар балаға» өзгертіледі деп жоспарланып отыр. Бұл бағытта посткеңестік кеңістікте Украина көшбасшы саналады: Жоғарғы рада 2017 жылы Украинаның бүкіл заңнамасында мүгедек ұғымын «мүгедектігі бар адам» ұғымына алмастырып шыққан.Жаңа жәрдемақының мәні
Қазақстанда І топтағы мүгедектігі бар 66,3 мың адам тұрады. Елбасының тапсырмасымен 2018 жылғы 1 шілдеден бастап, бала кезінен мүгедек болған, жасы 18-ден асқан адамдардың күтімі үшін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлене бастады. Ол ең төменгі күнкөріс шегінің 1,4 мөлшеріне тең және биыл 45 735 теңгені құрайды. Жәрдемақыны 14,3 мың адам алады.Балалар топқа бөлінеді
«Кейбір заңнамалық актілерге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасында алда қызу пікірталасқа арқау болар идея бар. Онда ересектер секілді 16 жасқа дейінгі жас балаларды да мүгедектіктің әртүрлі тобына бөлу ұсынылады. Қазіргі кезде тек 16-18 жастағылар ғана мүгедектік топтарына ажыратылады. Бастаманы Парламент құптаса, бүлдіршіндерге де өз санатында қалу үшін мүгедектігін үнемі растауға тура келуі ықтимал. Қазақстанда 92 мыңнан астам мүгедек бала тіркелген. Соның ішінде 7 жасқа дейінгісі – 29,7 мың бала, 7 жастан 16 жасқа дейінгісі – 53,8 мың, 16 жастан 18 жасқа дейінгісі – 9,1 мың. «Объективті критерийлерді енгізу үшін 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды да ағза функциялары бұзылуының ауырлық дәрежесіне қарай бөлу ұсынылады. Сонда мүгедектіктің келесі санаттары белгіленеді: І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедек балалар», – дейді министрлік. Жасы 16-ға толмаған 53,6 мың мүгедек баланың 12,8%-ы – бірінші топқа, 39,7%-ы – екінші топқа, басым көпшілігі 47,5%-ы – үшінші топқа жатуы мүмкін. Бұл не үшін қажет болып қалды? Біржан Нұрымбетов басқаратын министрліктің дәйектеуінше, балаларды мүгедектік топтарына бөлу «ағза функцияларының бұзылу ауырлығына және жұмыс істеу дәрежесіне қарай мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы мөлшерін қайта қарауға және әлеуметтік оңалту мен көмекті саралауға» мүмкіндік береді. Егер осы ұсынысы өтсе, министрлік 2021 жылдан бастап 7-16 жас аралығындағы балаларға төленетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін қайта қарап, былайша бөлуге кіріседі:- І топтағы мүгедек балаға – 1,92 ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) немесе 65 860 теңге (жәрдемақысы қазіргіден 17 837 теңгеге өседі);
- ІІ топтағы мүгедек балаға – 1,59 ЕТКД немесе 54 541 теңге (6 518 теңгеге ұлғаяды);
- ІІІ топтағы балаға – 1,4 ЕТКД немесе 48 023 теңге (6 860 теңгеге артады).
Мемлекет үшін тіпті мүгедек болса да, әр адамның құнды екенін дамыған елдер паш етіп отыр. Мұндай жандардың ұлтқа, қоғамға, мемлекетке, тіпті бүкіл адамзатқа пайдасы зор болуы мүмкін екенін композитор Людвиг ван Бетховен, атақты физик-теоретик, космолог және астрофизик Стивен Хокинг, АҚШ-ты ұлы депрессиядан шығарған президенті Франклин Рузвельт және басқасы өз үлгісімен айқын аңғартты. Қазақстан адами капиталын рәсуаламай, лайықты іске жарата бастаса, дамыған елдердегідей мүгедектігі бар адамның бәріне өз әлеуетін жүзеге асыруына барынша жағдай жасаса, республикамызды еш рейтингсіз-ақ дамыған ел деп санай беруге болар еді. Әзірге қазақтың қаншама генийінің туа бітті таланты ашылмай, «мүмкіндігі шектеулі» қалпында елеусіз қалып жатыр.