Ұлт пен ұлыстың ұйытқысына айналған жоба

Ұлт пен ұлыстың ұйытқысына айналған жоба

 

Қордайлықтардың мәселесін «кризистік орталық» шешеді

Түсіндіру тобын ең әуелі облыс әкімдігі  Жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының бас­шысы Жорабек Баубеков  Қор­­дай ауданына бастап барды. «Әлеуметтік-тұрмыстық мә­селелерді шешу» тобының мүше­лері  бірнеше елді мекенді ара­лап, халықпен жүздесті. Бұл топтың басты мақсаты - аза­маттардың әлеуметтік-тұр­мыстық мәселелерін анықтап, түйінін тарқату. Аудан әкімдігінде өткен жиында  Жорабек Баубеков көпшілікті топтың құрамымен және жұмыс жоспарымен таныс­тырып, сапардың мақсатын  тілге тиек етті. – Біздің міндетіміз халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерттеп, тұрғындардың про­блемаларына құлақ түріп, кө­мек беру. Әрине, кез келген әлеу­меттік мәселе бірінші кезекте жұ­мыссыздықтан басталады. Со­дан кейін тұрғындардың тиісті біліммен қамтылуы, денсаулығы сияқты мәселелер бар. Қордай ауданында біз бірнеше елді ме­кенді аралап, аз қамтылған, көп­балалы және көмекке мұқтаж аза­маттармен кездесеміз және бірнеше іс-шара өткіземіз. Со­нымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жол­дауын насихаттау бағытында да жоспарлы жұмыстар жүргізіледі, – деді Ж.Баубеков. Жиыннан  кейін аталған  топ мүшелері Әлжан ана мен  Степной ауылдарында  қоғамдық қабылдау өткізді.  Бұл кездесулерде топ жетекшісі  Президент Жолдауын  ке­ңінен насихаттап, жақында ау­данда «кризистік орталық» ашыл­атынын атап өтті. Бұл орталықта тұрғындардың тұрмыстық мәселе­лерін  шешуге арнайы мамандар көмек көрсететін болады. Қоғамдық қабылдау барысын­да бұқарада топ мүшелеріне кө­кейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.  

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Ақпараттық топ Жамбыл ау­­данында ауылдағы бизнесті да­мыту бағытында жұмыстар  жүр­гіз­ді. Олардың бағыты  Аса ауылындағы М.Төлебаев атын­дағы «Өнер мектебінде» ауыл­дық округ әкімдерінің, бөлім бас­шыларының қатысуымен өткізілген жиыннан бастау алып, Ащыбұлақ ауылында жалғасты. Ауылдық клубта өткен кездесуге шаруалар мен  кәсіпкерлер де  қатысты. Басқосуды топ жетекшісі, об­лыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркін Атымтай ашып, ақпараттық топ жұмысын жіті  түсіндірді. – Ауыл – асыраушы сала. Бү­гінде ауыл шаруашылығы са­ла­сына айрықша көңіл бө­лінуде. Ауылды жерлерде кәсіп­пен айналысу, кәсіпкерлікті да­­мыту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Талапты орын­дау – бәрімізге ортақ іс. Бұл бағытта облысымызда бір­қатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Бейбітшілік пен келісім» жобасының бір ба­ғыты кәсіпкерлер мен шаруаларға арналған. Біз осы мақсатпен сіз­дерге келіп отырмыз, – деген Еркін Садуақасұлы шаруа­лардың кәсіп ашу, оны кеңейту үшін несие алу бо­йынша қойған сұрақтарына нақты жауап берді. Кездесуден кейін жұмысшы топ аудан аумағындағы өндіріс орындарын аралап,  нысандардың  тыныс-тіршілігімен танысты.  

Мәселе назардан тыс қалмайды

Шырайлы Шу өңірінің де әлеуеті үлкен, мүмкіндігі мол. Аталған ауданға ақпараттық тү­сіндіру тобын облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов бастап барды. Ең әуелі аудан активімен жиын өткізген ақпараттық топ мүшелері жобаның маңыздылығы мен мақсатына тоқталды. Бұдан кейін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қорағаты ауылдық округіндегі Мойынқұм орта мектебінде тұрғындармен кездесу өтті. Басқосу барысында облыстың Тілдерді дамыту бас­қармасының бөлім басшысы Медет Атен ауылдықтарға QazOnline мобильдік қосымша­сын таныстырды. Айта кету керек, қазақ тілін үйренуге ар­налған мобильдік қосымша Тіл­дерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша құрас­тыры­лыпты. 16 сабақтан тұратын қосымша  жаңа сөздер, оқылым, грамматика, жазылым, тыңдалым және өзін-өзі тексеру бөлімдері мен оларды бекітуге арналған. Қосымшаны кез кел­ген ауыл тұрғыны Play Market және App Store қосымшалары арқылы ұялы телефонына жүктеп ала алады. Өз кезегінде ауыл тұр­ғындары да аталған қосымшаға қызығушылық танытып, оның мемлекеттік тілді дамыту ісінде таптырмас құралға айналатынын жеткізді. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Жас­тар саясаты мәселелері бас­қар­масының басшысы Серікбол Берікқожа аудан жастарымен кездесіп, ауылды жердегі жас­тардың мәселелеріне құлақ түрді.  Жастар өз кезегінде ауылдағы мек­тептің тозығы жеткенін және ұялы байланыстың тым на­шарлығын өзекті етіп көтерді. Топ мүшелері аталған мәселелерді назардан  тыс қалмай,  жұмыс жоспарына енгізетінін жеткізді. Дәл осы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бас­шысы Дауыл  Бейсенқұлов, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Маржан Қожаева, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаева аудандағы этномәдени бірлес­тіктердің төрағаларымен жүз­десті. Басқосуда  ауылды жер­дегі ұлтаралық татулық мәселесі сөз болып, этномәдени бірлес­тіктердің жұмысы сараланып, ол­арды алаңдатқан мәселелер жан-жақты талқыланды.   P.S. Міне, осылайша аудандарға ат басын бұрған ақпараттық топ мүшелері алғашқы жұмыстарын бастап кетті. Бес бағытқа бөлінген жұмысшы  тобы 7-23 қыркүйек аралығында бес ауданды кезең-кезеңімен аралап өтпек. Жарқын жобаның қорытындысы содан кейін шығарылады. Десе де,  «Бейбітшілік пен келі­сім» жобасы қазірдің өзінде  ұлттар мен ұлыстардың ұйытқысына ай­налып отырғаны даусыз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы