АҚШ сапары кездесулермен айшықты

АҚШ сапары кездесулермен айшықты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы мәртебесіндегі АҚШ-қа бірінші сапарының аясында, БҰҰ Бас ассамблеясы 74-сессиясының Жалпы дебаттарының ашылуына қатысты, америкалық беделді кәсіпкерлермен кездесті, сондай-ақ өз әріптестері – мемлекеттер басшыларымен келіссөздер жүргізді.

Америкалық бизнес көш­бас­­шылары қатысқан дөң­ге­лек үстелде Қ.Тоқаев Елбасы Н.Назарбаев­тың 2018 жылдың қаңтар айындағы Құрама Штаттарға сапары аясында қазақстандық-америкалық кеңейтілген стратегиялық се­ріктестік туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойылғалы бері екі ел арасындағы сауда-экономикалық және ин­вестициялық ынты­мақ­тас­тықтың айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.

Ол АҚШ – Қазақстан эко­номикасының ірі инвес­тор­ларының бірі екенін еске салды. Еліміз экономикасына америкалық инвесторлар құйған инвестициялардың жалпы көлемі 45 миллиард дол­лардан асып кетті. Қа­зақ­станда 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді.

– 2018 жылы Қазақстанға тартылған америкалық тікелей инвестициялар көлемі 5,3 миллиард долларлық межеге же­тіп, жаңа рекорд орнатты. Ал өзара сауда көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 2,8 мил­лиард долларды құрады, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы аме­рикалық серіктестерге Қа­зақ­стан Үкіметінің инвести­циялық ахуалды жақсарту жұ­мысын жалғастыра бере­тінін жеткізді. Осы мақсатта заң үстемдігі, келісімшарт­тарға қол сұғылмауы және зияткерлік меншік құқы­ғын қорғау қамтамасыз еті­леді. Оның айтуынша, инвес­тор­лармен жұмыстағы басты міндет тұрақтылық пен бол­жамдылықты сақтау болады.

Әңгіме барысында Қазақ­стан­ның энергетика, ауыл ша­руа­шылығы, қаржы және адами капитал салаларындағы әлеуеті туралы да айтылды. Со­нымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық мүм­кін­діктеріне де екпін түсірді. Сөз соңында ол ел Президенті ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің өрістеуіне күш салатынына Американың іскер топ өкілдерін сендірді.

Осы күні Мемлекет бас­шысы Royal Dutch Shell, JPMorgan Chase & Co., Tyson Fresh Meats, Valmont Industries, Plug'n Play, Amazon Web Services секілді бірқатар ірі халықаралық компаниялар басшыларымен де кездесу өткізді.

Бұдан бөлек, БҰҰ Бас ассам­блеясы 74-сессиясы­ның алаңын­да Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария конфедерациясының прези­денті Ули Маурермен кездес­ті. Мемлекеттер бас­шы­лары екіжақты күн тәрті­бін­дегі кең ауқымды өзекті мәсе­ле­лерді талқылады. Қ.Тоқаев Қазақстан – Швей­цария ара­сындағы ынты­мақ­тас­тық­тың жоғары деңгейде екеніне екпін түсірді.

Мемлекет басшысы сон­дай-ақ Болгария президенті Румен Радевпен жүздесті және саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық сала­лардағы екіжақты ынты­мақ­тас­тықтың қазіргі жағдайы мен оны нығайтудың перспек­ти­валарын талқылады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Польша президенті Анджей Дудамен келіссөз жүргізді. Оның барысында мемлекеттер көшбасшылары өзара ын­ты­мақтастықтың ке­лешегін, соның ішінде Еуро­палық одақ аясындағы қарым-қатынас мәселесін талқылады. Қазақстан Президенті поляк әріптесіне елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құ­рыл­ғанын айтты. Дәл осын­дай құрылым Польша прези­ден­тінің басшылығымен бұл мемлекетте де жұмыс іс­тейді.

Қ.Тоқаев Грузия президенті Саломе Зурабишвилимен кездесті. Жүздесушілер екі­жақ­ты күн тәртібіндегі өзек­ті мәселелерді талқылап, сау­­да-экономикалық, ин­вес­­­ти­­циялық, көлік-логис­ти­­ка­лық салаларда өзара іс-қи­­мыл­дарды кеңейту қа­жетін атап өтті. Мемлекет бас­шысы көлік-логистика са­ла­­сындағы бірлескен жұ­мыс­тардың, соның ішінде қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.

Келесі кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский бірін-бірі өз мем­лекеттеріндегі ең жоғарғы лауа­­зымға сайлануларымен құт­­тықтады. Қазақстан бас­шы­сы екі ел арасындағы та­ри­хи тамырластық пен ортақ бо­ла­шақ жайын атап өтті. Кездесу соңында Қ.Тоқаев пен В.Зеленский бір-бірін өз мемле­кеттеріне сапарлап келуге шақырды.

Ел Президенті Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті және тараптар екіжақты қа­рым-қатынастардың қа­зір­гі жай-күйі мен перспек­ти­­валарын талқыға салды. Екі көшбасшы да түрлі са­ла­лар бойынша өзара тиімді әріптестікті одан ары дамытуға дайын екен­дерін мәлімдеді. Қ.Тоқаев Иорданиямен арадағы ин­вестициялық және сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты кеңейтуге әзірлік танытты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясы 74-сессия­сының Жалпы дебаттарының ашылуына қатысты және аталған жиында сөз сөйлейді деп жоспар­ла­нуда.

 
Елдос СЕНБАЙ