Қоғамдық пікір VS жеке пікір
Қоғамдық пікір VS жеке пікір
Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, ұлтымыз қа­уым, ру, тайпа, ал Кеңес уа­қытында бір коллектив ре­тінде ғұмыр кешті. Сәй­ке­сінше, біз үшін сана мен түсініктің ортақ болуы – қа­лыпты жағдай. Осы заңды­лықты «Халық айтса, қалт айтпайды» деп мөрмен бе­кітіп қойған. Әрине, көп­шіліктің ойы көбіне дұрыс болары хақ. Алайда қауым қателессе ше? Бірақ оның өзінде «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деп бағыттап қояды. Хакім Абайдың мақалдарды сынағанына ортақтас­қы­мыз келмейді. Бірақ адас­тырар, опық жегізер жол тұрса, оны көпшіліктің ше­шімі болғаны үшін ғана таң­дауымыз қажет пе? Сонда адамның, азаматтың жеке ойы, өзіндік пікірі қайда қа­лады? Қазақ оған да тү­сініктеме берген «Жал­ғыз­дың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас».

Әлемдік саяси ойлардың клас­сиктеріне жүгінсек, нақ осы мә­селе кеңінен қаралған. Айталық, Джон Милль өзінің «Бостандық ту­ралы» атты еңбегінде бұл құбы­лысты «көпшіліктің тираниясы» деп атайды. Белгілі бір түсініктерге сенген көпшілік азшылықтың немесе жеке адамның көзқарасын басып-жаншып өтеді. Сол үшін кейде қоғамдық пікірден де қор­ғаныс керек дейді. Ал Алексис де Токвиль «Америкадағы демок­ра­тия» шығармасында «Адамдар өзара тең болған сайын өзгеге сенуден қалады, бірақ қоғамдық пікірге көз жұма сенеді. Қоғамдық пікір әр адамның санасына терең сіңіп, оларға қысым көрсетеді» деп сынға алады.

Орта ғасырларда жазылған осы тұжырымдар бүгінгі қазақ қоға­мын­да түрлі формада көрініс та­уып жатыр. Бүгінде алуан мәселеге қатысты қалыптасқан қоғамдық пікірден бөлек немесе балама ой айту қауіпті. Әлеуметтік желіде жетеріңе жеткізіп, тіпті ар-намы­сыңа сөз тигізіп, сынап-мінеп тастауы әбден мүмкін. Ерекше белсенділері мекен­жайыңды іздеп келуі да ғажап емес. Сондықтан көп азаматтар «қалыптасқан ортақ пікірге» қосыла салғанды немесе оны одан ары жалғастыра, үдете түскенді жөн көреді. Себебі бұл оңай, ыңғайлы, қауіпсіз. Осылай­ша, кейде популизм еріксіз қолдау табады. Басқаша айтқанда, біздің ортамызда да (әсіресе, әлеуметтік желіде) «қоғамдық пікір тирания­сы» орнап болды.

Оған мысал бар ма? Жетіп, ар­тылады. Ең өткірі – жер мәселесі. Ата-баба қаны төгіліп қорғалған жердің бүгін өзгенің қолына кет­кенін ешкім де қаламайды. Шетел­діктердің иемденбеуі қажет екені бесенеден белгілі. Ол анық. Алай­да жер ұзақ мерзімге өз азамат­та­рымызға жалға берілуі керек еке­нін әлемдік экономика көрсетіп отыр. Себебі ұзақмерзімді кепіл болмаса, инвестор агрокешенге қаражат құюы екіталай. Оған қоса, агросектор тәуекелі жоғары сала саналғандықтан, банктер әдетте шаруаларға несие беруден қашқақ­тайды (көп елде үкімет арнайы агробанк құруының себебі де осы). Егер осы пікірмен бүгін біреу ор­таға шықса, мәселенің мәніне бара бермейтін көпшілік оны талап тас­тайды. Оның орнына бір ғана та­лап қояды – жер ешкімге бе­ріл­месін! 2016 жылы өткен митинг­тер­ден соң жер мәселесіне орай, қо­ғамдық түсінікке балама ой айтуға білікті экономистер де бата бермейді.

Жалпы, аталған мәселеде ашу-ызаның қордалануына 90-жыл­дары мыңдаған гектар жердің ла­тифундистерге кетіп қалуы да се­беп. Мәселен, қазір біраз ауыл арық сиыры мен тышқақ лағын бағатын жер таппай отырғанда, «Олжа Агро», «БATT-Агро», «АгроЦентр Астана», «Байсерке-Агро», Eurasia AgroHolding секілді компаниялар 100 мың гектардан 800 мың гектарға дейін жерді ием­деніп отыр. Жалпы, эконо­миканы көтеретін шаралар жұрттың сы­нына ұшырайды, ұнамайды, бірақ нақ сондай суыққанды саясат елді дамуға жетелейді. Алысқа бармай, кезінде Маргарет Тэтчердің мың­да­ған шахтерді жұмыссыз қалдыр­ған жекешелендіру саясаты Ұлы­британия экономикасын дағда­рыс­тан алып шығарғанын еске түсірейік. Алайда қоғамдық пікір нақты шетелдік тәжірибелерден гөрі көпке ұнайтын популистік қадамдарды құп көреді.

Бүгінде қоғамдық түсінік до­минант болып тұрған тақырып – көпбалалы аналарға көмек. Жыл басында өрімдей бес қызынан айы­рылған Ситер отбасының тра­гедиясы біраз көпбалалы анаға өз уәжін үкіметке жеткізуге жақсы себеп болды. Үкімет те жағдайды ушықтырмау үшін осы санаттағы азаматшаларға әлеуметтік көмекті аз берген жоқ. Президент 2017 жыл­дан бері жәрдемақы көлемі 17 есе өскенін айтты. Алайда қазір кейбір көпбалалы аналардың арасында «бала таптым, сол үшін пәтерді дәл қазір бер» деген талап басым. Кө­пірге шығып, суицидпен қорқы­татындар да табылды. Тіпті, олар­дың қатарына жас әке де қосылды. Яғни, баланы дүниеге әкелгені үшін үкімет оларға еш талапсыз, ипотекалық өсімсіз, пайызсыз, тегін пәтерді тек елордадан беруі ке­рек екен. Бірақ мемлекеттік ­тұр­ғын үй бағдарламасымен салынатын үйлерге бас қаламызда 47 600 адамның кезекте тұрғаны жоғарыдағы азаматшаларды еш толғандырмайды. Басқаша айт­қанда, 47 600 кісіні аттап, үйді жал­ғыз өзі алғысы келеді. Ал кезекте өзі сияқты көпбалалы, жал­ғызбасты аналар, жетімдер, мүгедектер, ардагерлер, жас отба­сылар да тұрғаны оларды тағы да ойландырмайды. Бұдан бөлек, жұмыс берсеңдер, өз арбамды өзім сүйреймін, оқытсаңдар, жалақысы жоғары жұмысты өзім-ақ табамын деген әйел табылмады. Талаптың төресі – пәтер!

Бірақ үкімет көрінген талапты орындай берсе, әлеуметтік әділет­т­ік принципі бұзылып, соңы ма­сыл­дыққа әкелетінін, жұрттың барлығы салық төлеуі қажет екенін жазғандар тағы да көптің сынына ұшырап жатыр. Басқаша айтқанда, қоғамдық пікір – көпбалалы ана­лар тарапында. Оларды тың­дасаң, бюджеттің басым бөлігі аналарды асырауға жұмсалуы қажет. Яғни, бұл тақырыпта да қоғамдық ойдың деспотиясы орнап тұр. Балама пі­кірді әп-сәтте басып-жаншып өтеді.

Ұлтаралық некеге де көпшілік өз үкімін шығарып қойған: «Қазақ қызын ешкімге бермеу керек». Ал бірақ басқа халықтан қыз айтты­руға ойын ашып айтпайды. Мә­се­лен, 2017 жылы елімізде 4 769 ара­лас неке тіркелген. Өзге жұрт­тан қыз алғанның да, ол жаққа қы­зын ұзатқанның да үлесі шама­лас. Жігіттер көптеу. Әрине, өз ұлтыңнан келін алып, салт-дәс­түрді бірге ұстанғанға не жетсін?! Алайда түрлі себептермен сезімі сенімге ұласса немесе қыздың жасы 35-ке жақындап қалса, оның амалсыз таңдауына қалай тосқауыл қоюға болады? Бақытты болуға әр адамның құқы бар. Бақытты тек өз ұлтыңның өкілімен ғана табасың деген салт та, түсінік те жоқ. Оған әр адам әрқилы жолмен келеді. Бұл аралас некені насихаттау емес. Бұл – Ата заңдағы «адам, оның өмірі, құқығы – ең басты байлық» деген алғашқы баптың орындалуын еске түсіру. Дегенмен біздің елдегі қоғамдық ой жеке адамның таң­дауы, әсіресе, қыздың таңдауы дегенді еш қабылдаған емес. Бұл да көпшілік пікірінің кейде кертартпа екенін көрсетсе керек.

Жалпы, осы тақырыпты жазып отырып, қоғамдық сыннан аяқ тартқанымды неге жасырайын? «Халқыңды сынадың» деп сын айтуы мүмкін. Бірақ үндемей қала берсек, Дж.Милль айтқан «көп­шіліктің тираниясы» орайтын түрі бар. Кезекті мысал – игі бастаманы қолдау. Айталық, бүгін үкіметтің жап-жақсы бастамаларын біреу тәптіштеп жаза бастаса, бірден жағымпаз, өскісі келетін бала, нұрбот деп айдар тағу әдетке ай­налды. Есесіне, мемлекеттік шара­ларды ұтымды сынап кет­кендер қолпаштауға ие. Осы бір өткінші популизмге құштарлық биліктің әжептеуір оң істерін үнемі сынға алуды қоғамдық нормаға айнал­дыра бастады. Мәселен, Президент оралман бауырларды бөлектемей, қандас деп атауды ұсынды. Осыған дейін оралман атауын жатсынып келгендер қандас ұғымын да ке­ле­ке етуге тырысты. Алайда оны­сына салмақты себеп айтпайды. Немесе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Аталған кеңес құрамына бұған дейін билікті сынап кел­гендер де кірді. Бірақ осыған қарамай, ашық қоғам қалып­тастыруға бағытталған тың бас­таманы әлеуметтік желіде мінеген де, оның құрамына кір­меуге шақырғандар да көп болды. Не үшін? Желідегі уақытша абы­рой үшін бе, мүмкін «ащы да болса шындық» деген пікірді есту үшін бе? Ал биылғы билік транзитінен соң қоғамдағы ірі өзгерістерді көпшілік байқағысы жоқ.

Әрине, көпшілік дегеніміз де жеке азаматтар және олардың тобы. Біреу жаны ашып сынаса, екіншісі көбірек лайк жиғанды кұп көретін шығар. Алайда біз ашық азаматтық қоғамды құруға бет алдық. Олай болса, әр адамның өз пікірін айтуына құқығы бар. Де­мократия – тек көпшіліктің билігі ғана емес, ол сондай-ақ өзгенің ойына құрмет көрсету. Осы орай­да, ағылшын жазушысы Эвелин Холлдың «мен сіз айтқан пікірмен келіспеймін, бірақ сіздің пікір айту құқығыңыз үшін өлуге даярмын» деген ойы еске түседі.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА