Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, ұлтымыз қауым, ру, тайпа, ал Кеңес уақытында бір коллектив ретінде ғұмыр кешті. Сәйкесінше, біз үшін сана мен түсініктің ортақ болуы – қалыпты жағдай. Осы заңдылықты «Халық айтса, қалт айтпайды» деп мөрмен бекітіп қойған. Әрине, көпшіліктің ойы көбіне дұрыс болары хақ. Алайда қауым қателессе ше? Бірақ оның өзінде «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деп бағыттап қояды. Хакім Абайдың мақалдарды сынағанына ортақтасқымыз келмейді. Бірақ адастырар, опық жегізер жол тұрса, оны көпшіліктің шешімі болғаны үшін ғана таңдауымыз қажет пе? Сонда адамның, азаматтың жеке ойы, өзіндік пікірі қайда қалады? Қазақ оған да түсініктеме берген «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас».
Әлемдік саяси ойлардың классиктеріне жүгінсек, нақ осы мәселе кеңінен қаралған. Айталық, Джон Милль өзінің «Бостандық туралы» атты еңбегінде бұл құбылысты «көпшіліктің тираниясы» деп атайды. Белгілі бір түсініктерге сенген көпшілік азшылықтың немесе жеке адамның көзқарасын басып-жаншып өтеді. Сол үшін кейде қоғамдық пікірден де қорғаныс керек дейді. Ал Алексис де Токвиль «Америкадағы демократия» шығармасында «Адамдар өзара тең болған сайын өзгеге сенуден қалады, бірақ қоғамдық пікірге көз жұма сенеді. Қоғамдық пікір әр адамның санасына терең сіңіп, оларға қысым көрсетеді» деп сынға алады.
Орта ғасырларда жазылған осы тұжырымдар бүгінгі қазақ қоғамында түрлі формада көрініс тауып жатыр. Бүгінде алуан мәселеге қатысты қалыптасқан қоғамдық пікірден бөлек немесе балама ой айту қауіпті. Әлеуметтік желіде жетеріңе жеткізіп, тіпті ар-намысыңа сөз тигізіп, сынап-мінеп тастауы әбден мүмкін. Ерекше белсенділері мекенжайыңды іздеп келуі да ғажап емес. Сондықтан көп азаматтар «қалыптасқан ортақ пікірге» қосыла салғанды немесе оны одан ары жалғастыра, үдете түскенді жөн көреді. Себебі бұл оңай, ыңғайлы, қауіпсіз. Осылайша, кейде популизм еріксіз қолдау табады. Басқаша айтқанда, біздің ортамызда да (әсіресе, әлеуметтік желіде) «қоғамдық пікір тираниясы» орнап болды.
Оған мысал бар ма? Жетіп, артылады. Ең өткірі – жер мәселесі. Ата-баба қаны төгіліп қорғалған жердің бүгін өзгенің қолына кеткенін ешкім де қаламайды. Шетелдіктердің иемденбеуі қажет екені бесенеден белгілі. Ол анық. Алайда жер ұзақ мерзімге өз азаматтарымызға жалға берілуі керек екенін әлемдік экономика көрсетіп отыр. Себебі ұзақмерзімді кепіл болмаса, инвестор агрокешенге қаражат құюы екіталай. Оған қоса, агросектор тәуекелі жоғары сала саналғандықтан, банктер әдетте шаруаларға несие беруден қашқақтайды (көп елде үкімет арнайы агробанк құруының себебі де осы). Егер осы пікірмен бүгін біреу ортаға шықса, мәселенің мәніне бара бермейтін көпшілік оны талап тастайды. Оның орнына бір ғана талап қояды – жер ешкімге берілмесін! 2016 жылы өткен митингтерден соң жер мәселесіне орай, қоғамдық түсінікке балама ой айтуға білікті экономистер де бата бермейді.
Жалпы, аталған мәселеде ашу-ызаның қордалануына 90-жылдары мыңдаған гектар жердің латифундистерге кетіп қалуы да себеп. Мәселен, қазір біраз ауыл арық сиыры мен тышқақ лағын бағатын жер таппай отырғанда, «Олжа Агро», «БATT-Агро», «АгроЦентр Астана», «Байсерке-Агро», Eurasia AgroHolding секілді компаниялар 100 мың гектардан 800 мың гектарға дейін жерді иемденіп отыр. Жалпы, экономиканы көтеретін шаралар жұрттың сынына ұшырайды, ұнамайды, бірақ нақ сондай суыққанды саясат елді дамуға жетелейді. Алысқа бармай, кезінде Маргарет Тэтчердің мыңдаған шахтерді жұмыссыз қалдырған жекешелендіру саясаты Ұлыбритания экономикасын дағдарыстан алып шығарғанын еске түсірейік. Алайда қоғамдық пікір нақты шетелдік тәжірибелерден гөрі көпке ұнайтын популистік қадамдарды құп көреді.
Бүгінде қоғамдық түсінік доминант болып тұрған тақырып – көпбалалы аналарға көмек. Жыл басында өрімдей бес қызынан айырылған Ситер отбасының трагедиясы біраз көпбалалы анаға өз уәжін үкіметке жеткізуге жақсы себеп болды. Үкімет те жағдайды ушықтырмау үшін осы санаттағы азаматшаларға әлеуметтік көмекті аз берген жоқ. Президент 2017 жылдан бері жәрдемақы көлемі 17 есе өскенін айтты. Алайда қазір кейбір көпбалалы аналардың арасында «бала таптым, сол үшін пәтерді дәл қазір бер» деген талап басым. Көпірге шығып, суицидпен қорқытатындар да табылды. Тіпті, олардың қатарына жас әке де қосылды. Яғни, баланы дүниеге әкелгені үшін үкімет оларға еш талапсыз, ипотекалық өсімсіз, пайызсыз, тегін пәтерді тек елордадан беруі керек екен. Бірақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен салынатын үйлерге бас қаламызда 47 600 адамның кезекте тұрғаны жоғарыдағы азаматшаларды еш толғандырмайды. Басқаша айтқанда, 47 600 кісіні аттап, үйді жалғыз өзі алғысы келеді. Ал кезекте өзі сияқты көпбалалы, жалғызбасты аналар, жетімдер, мүгедектер, ардагерлер, жас отбасылар да тұрғаны оларды тағы да ойландырмайды. Бұдан бөлек, жұмыс берсеңдер, өз арбамды өзім сүйреймін, оқытсаңдар, жалақысы жоғары жұмысты өзім-ақ табамын деген әйел табылмады. Талаптың төресі – пәтер!
Бірақ үкімет көрінген талапты орындай берсе, әлеуметтік әділеттік принципі бұзылып, соңы масылдыққа әкелетінін, жұрттың барлығы салық төлеуі қажет екенін жазғандар тағы да көптің сынына ұшырап жатыр. Басқаша айтқанда, қоғамдық пікір – көпбалалы аналар тарапында. Оларды тыңдасаң, бюджеттің басым бөлігі аналарды асырауға жұмсалуы қажет. Яғни, бұл тақырыпта да қоғамдық ойдың деспотиясы орнап тұр. Балама пікірді әп-сәтте басып-жаншып өтеді.
Ұлтаралық некеге де көпшілік өз үкімін шығарып қойған: «Қазақ қызын ешкімге бермеу керек». Ал бірақ басқа халықтан қыз айттыруға ойын ашып айтпайды. Мәселен, 2017 жылы елімізде 4 769 аралас неке тіркелген. Өзге жұрттан қыз алғанның да, ол жаққа қызын ұзатқанның да үлесі шамалас. Жігіттер көптеу. Әрине, өз ұлтыңнан келін алып, салт-дәстүрді бірге ұстанғанға не жетсін?! Алайда түрлі себептермен сезімі сенімге ұласса немесе қыздың жасы 35-ке жақындап қалса, оның амалсыз таңдауына қалай тосқауыл қоюға болады? Бақытты болуға әр адамның құқы бар. Бақытты тек өз ұлтыңның өкілімен ғана табасың деген салт та, түсінік те жоқ. Оған әр адам әрқилы жолмен келеді. Бұл аралас некені насихаттау емес. Бұл – Ата заңдағы «адам, оның өмірі, құқығы – ең басты байлық» деген алғашқы баптың орындалуын еске түсіру. Дегенмен біздің елдегі қоғамдық ой жеке адамның таңдауы, әсіресе, қыздың таңдауы дегенді еш қабылдаған емес. Бұл да көпшілік пікірінің кейде кертартпа екенін көрсетсе керек.
Жалпы, осы тақырыпты жазып отырып, қоғамдық сыннан аяқ тартқанымды неге жасырайын? «Халқыңды сынадың» деп сын айтуы мүмкін. Бірақ үндемей қала берсек, Дж.Милль айтқан «көпшіліктің тираниясы» орайтын түрі бар. Кезекті мысал – игі бастаманы қолдау. Айталық, бүгін үкіметтің жап-жақсы бастамаларын біреу тәптіштеп жаза бастаса, бірден жағымпаз, өскісі келетін бала, нұрбот деп айдар тағу әдетке айналды. Есесіне, мемлекеттік шараларды ұтымды сынап кеткендер қолпаштауға ие. Осы бір өткінші популизмге құштарлық биліктің әжептеуір оң істерін үнемі сынға алуды қоғамдық нормаға айналдыра бастады. Мәселен, Президент оралман бауырларды бөлектемей, қандас деп атауды ұсынды. Осыған дейін оралман атауын жатсынып келгендер қандас ұғымын да келеке етуге тырысты. Алайда онысына салмақты себеп айтпайды. Немесе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Аталған кеңес құрамына бұған дейін билікті сынап келгендер де кірді. Бірақ осыған қарамай, ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған тың бастаманы әлеуметтік желіде мінеген де, оның құрамына кірмеуге шақырғандар да көп болды. Не үшін? Желідегі уақытша абырой үшін бе, мүмкін «ащы да болса шындық» деген пікірді есту үшін бе? Ал биылғы билік транзитінен соң қоғамдағы ірі өзгерістерді көпшілік байқағысы жоқ.
Әрине, көпшілік дегеніміз де жеке азаматтар және олардың тобы. Біреу жаны ашып сынаса, екіншісі көбірек лайк жиғанды кұп көретін шығар. Алайда біз ашық азаматтық қоғамды құруға бет алдық. Олай болса, әр адамның өз пікірін айтуына құқығы бар. Демократия – тек көпшіліктің билігі ғана емес, ол сондай-ақ өзгенің ойына құрмет көрсету. Осы орайда, ағылшын жазушысы Эвелин Холлдың «мен сіз айтқан пікірмен келіспеймін, бірақ сіздің пікір айту құқығыңыз үшін өлуге даярмын» деген ойы еске түседі.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА