Баянауыл өрттен аман ба?
Баянауыл өрттен аман ба?

«Баянауыл ұлттық паркінде шыққан өрт толығымен сөндірілді. Әкім­діктің айтуынша, өрттен зардап шеккендер жоқ». Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бірақ БАҚ басқаша сөйлейді. 24 қыркүйек күні Төтенше жағдайлар комитетінде өткен брифингте өрт ошақтарының әлі де сөнбегені айтылды. Кімге сенеміз?

– Таңертеңнен бастап ТЖ қызмет­керлері ұшып кетті. Кешегідей ашық от ошағы табылмады. Қазір біз барлық аудан аумағындағы, соның ішінде ұлттық парктегі өртті толық сөндірдік. Өрт сөндіру жұмыстарына үдей соққан жел кедергі болды. Сонымен қатар өрт төмен бойлай түсіп, біраз жер қурап қалды және жаңғақтар жанып кетті. Яғни, орман қаз-қалпы қалды, – деді Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов.

Әкімнің айтуынша, өртті сөндіруге Ақсу, Екібастұз және Павлодардың өртке қарсы қызметінің жұмыскерлері, ұлттық парк қызметкерлері мен аудан тұрғын­дары үлкен көмек көрсеткен. Баянауыл ауданы әкімі халықты өрт толық сөнді деп әлек болса, Төтенше жағдайлар ко­ми­теті төрағасы осыған қатысты ойын айтты.

Владимир Беккердің мәлімдемесі басқаша өрбіді. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер­дің мәліметінше, тілсіз жаумен күреске 130 адам және 37 бірлік техника жұмыл­ды­рылды. Таңғы сағат 8-де әуеге барлау жұ­мыстарын жүргізуге талпыныс жасал­ғанын айтты. Бірақ секундына 16-20 метр жыл­дамдықпен соққан желден тікұшақ әуе­ге көтеріле алмаған. Комитет төраға­сы­ның сөзінше, өрт периметр бойынша та­рал­ма­ған. Әлі де өрт ішінде ошақтары бар екен.

Баянауыл ауданындағы өрт 22 қыр­күйекте басталды. Оның тез таралуына жоғары ауа температурасы мен қатты жел себеп болды. Өрт бес ауылды округтің аумағын қамтыды.

Павлодар облысы ТЖ департаментінің мәліметі бойынша, шамамен өрт аумағы 93 гектарды құрады. Оған ең жоғары – бесінші қауіптілік санаты берілді.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар ко­ми­тетінің төрағасы 23 қыркүйекте Шы­ғыс Қазақстан облысында 300 гектар аумақ­тағы шөп жанып кеткенін хабарлаған еді.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ