«29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы күн» және Қазақстанның әрекеттері
«29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы күн» және Қазақстанның әрекеттері
A nuclear bomb explosion causing shock waves. Mixed media illustration.
735
оқылды
29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде аталып өтіледі. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2009 жылғы 2 желтоқсандағы 64 сессиясында № 64/35 шешімімен бірауыздан қабылданып, бекітілген болатын. Бұл шешім, атап айтқанда, ядролық қару сынақтарының немесе басқа ядролық жарылыстардың зиянды әсерлері туралы хабардар болуды және ядролық қарусыз әлемге жетудің бір құралы ретінде оларды тоқтатуды талап етеді. Шешімді Қазақстан 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуына орай ұсынған еді. 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде белгілеу Қазақстандық дипломатияның маңызды жетістігі болып саналады. Себебі Қазақстан – ядролық сынақтардың құрбандарының бірі. Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан территориясы кеңестік ядролық қару сынақ алаңы ретінде пайдаланылды. 1947 жылдан 1991 жылға дейін Қазақстан аумағында 456 сынақ өткізілді. Бұлар тек Семей ядролық полигонында ғана емес, Қазақстанның басқа жерлерінде де жарылды. Осы ядролық жарылыстардың 30-ы жер үстінде, 86-сы әуеде және 340-ы жер астында жарылды. Қазіргі Қазақстандағы экологиялық проблемалар мен бала туу деңгейінің төмендігін осы сынақтармен түсіндіруге болады. Расында, ядролық сынақтардың залалы он жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Осы қорқынышты қауіпті ескере отырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда тәуелсіздікке қол жеткізу барысында әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірі - Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту туралы шешімімен қатар қабылданды. Назарбаевтың бұл батыл шешімінің арқасында Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсенал мәртебесінен тез арада ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы жетекші елдердің біріне айналды. Қазақстаннан кейін ядролық сынақ полигондарының жұмысын тоқтатқан басқа елдер де болды. Нәтижесінде, 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімшартты (CTBT) қабылдауға жол ашылды. Осы уақытқа дейін келісімге 184 ел қол қойды. Сонымен бірге штаб-пәтері Венада орналасқан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімшарт ұйымы (CTBTO) құрылды. 2009 жылы Қазақстанның ұсынысымен және аймақтық мемлекеттердің қолдауымен «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт» күшіне енді. Әзірге бұл ХХІ ғасырда құрылған соңғы ядролық қарусыз аймақ болып табылады. Осылайша Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан сияқты ядролық державалар және Иран сияқты ядролық қаруға қол жеткізуге тырысып жатқан елдердің ортасында, Еуразияның кіндігінде ядролық қарудан азат, тұрақты және бейбіт аймақ құрылды. Назарбаев 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Ядролық қарусыз әлемге жету туралы жалпыға ортақ декларацияны» қабылдау туралы бастама көтерді. 2016 жылы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем: ХХІ ғасыр» манифесі атты ядролық қарусыз әлемнің тұжырымдамалық көзқарасын ұсынды. Осының негізінде 2016 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен соғыс пен дағдарыс қорқынышынан азат әлем үшін ымырасыз күресетін саяси және азаматтық қоғам жетекшілері мен ұйымдарының күш-жігерін бағалау мақсатында «Ядролық қарусыз және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев бейбітшілік сыйлығы» тағайындалды. Көріп отырғанымыздай, Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, барлық халықтардың тұрақты дамуы мен әл-ауқатының мақсаттарына қол жеткізу, әлемді соғыс пен зорлық-зомбылықтан құтқару, сонымен қатар халықаралық құқық қағидаттарын ұстану бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Әсіресе, Қазақстанның әлемді ядролық қарудан тазарту жөніндегі әрекеттері мақтауға лайық. Осы тұрғыда Назарбаевтың бірнеше рет Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылғанын еске сала кеткен жөн. Соңғы рет 2017 жылы Швейцариядағы «Бейбітшілік ғылым және зерттеу институтының» директоры Элин Варе ядролық қарусыздану саласындағы еңбегі үшін Қазақстан Президенті Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынды. Түркия әрқашан бауырлас ел Қазақстанның ядролық қарусыздану жөніндегі әрекеттерін қолдайды. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясының 64-сессиясында «29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы күн» деп жариялау туралы Қазақстанның ұсынысын Түркия да қолдады. Түркия Сыртқы істер министрлігінің веб-сайтында бұл туралы былай делінген:

«Түркия ядролық қарусыздану мен оларды таратпаудың тиімді шарасы болып табылатын ядролық сынақтарды және басқа да ядролық жарылыстарды тоқтатуды ядролық қарусыздану процесінде маңызды қадам деп санайды. Осы тұрғыда Түркия осы нәтижеге қол жеткізуде Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы келісімшарт (CTBT) және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы келісімшарт ұйымы (CTBTO) маңызды рөл ойнайды деп сенеді.»

Қорытындылай айтқанда, Қазақстан әлемнің қауіпсіздігі мен бейбітшілігі үшін белсенді жұмыс істеп келе жатқан елдердің бірі болып табылады. Бұл ұстаным бір жағынан жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке өз үлесін қосып жатса, екінші жағынан бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттуда.

Мақаланың түпнысқасы мына сілтемеде.