Nur Otan партиясының облыстық филиалы ғимаратында Jas Otan Жастар қанатына жаңа мүшелерді қабылдау шарасы өтті. Кешке Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, партия ардагері Қуанышқали Шапшанов арнайы қатысты.
Атап өту керек, Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанаты – жастардың басын біріктіруші, қоғамдық сананы жаңғыртудың алдыңғы шебінде жүрген, еліміздің өткенін бағалап, болашаққа сеніммен қарайтын, үздіксіз еңбек ететін азаматтардың жаңа буынын қалыптастырушы мектеп. Бүгінде Jas Otan Жастар қанаты еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының табысты жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Салтанатты шарада Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова Jas Otan Жастар қанатына мүшелікке кірген жастарды құттықтап, алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Қазіргі таңда Nur Otan партиясы өз жұмысын қайта жандандырып, жаңа жеті бағытын айқындады. Онда партияның белсенді мүшелерін топтастыру, халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізу, партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау секілді негізгі міндеттер қамтылды. Бұл орайда, партияның қанаты жасотандықтардың саны емес, сапасы маңызды. Бұл мақсаттарға жетуіміз үшін аймақтағы барлық партия мүшелері, жасотандықтар ел өміріне белсенді атсалысуы керек, халыққа жақын болуы тиіс. Демек, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамай, белсенділік таныту, жастардың мәселелерімен жүйелі айналысу – бұл жасотандықтардың негізгі міндеті деп есептеймін, – деді Ақмарал Әлназарова.
Jas Otan Жастар қанатының мүшелігіне журналистер, кәсіпкерлер, спортшылар, жұмысшы мамандар, жастар ұйымдарының өкілдері, ұстаздар, өнер мен мәдениет саласының мамандары, белсенді өзге ұлт өкілдері мен студенттер, барлығы 25 белсенді жас қабылданды. Олардың арасында шахматтан төрт дүркін Әлем чемпионы, жеті дүркін Азия чемпионы Әсел Серікбай да бар. Ол өз кезегінде жетекші партияның Жастар қанатына мүше болуын үлкен жауапкершілікпен қабылдады.
– Елбасымыз төрағалық ететін Nur Otan партиясы жанынан құрылған Jas Otan Жастар қанатының қатарында болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта Jas Otan Жастар қанатының жанынан құрылған «Еріктілер мектебіне» арнайы шахмат сағатын өткізіп, жастардың қатесіз тез шешім қабылдауына, ойлану қасиеттерін дамыту үшін жұмыс істейтін боламыз. Бастысы, халықтың сенімінен шығуға тырысамыз, – дейді Әсел Серікбай.
Шара соңында партия ардагері Қуанышқали Шапшанов мүшелікке өткен жастарды құттықтап, олардың еңбектеріне табыс тіледі.