Қуатты өңір – қуатты ел жергілікті басқару механизмін жетілдіру қажет
Қуатты өңір – қуатты ел жергілікті басқару механизмін жетілдіру қажет

Ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында аймақтарды дамыту тұрғысында ең маңыздысы жер­гілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру қажет екенін айтты. Бұл жайында Жолдаудың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бөлімінде кеңірек жазылған.

Қазақстан өзінің дербес даму жолында макроэкономикалық тұ­рақтылық пен жалпы ішкі өнім­нің (ЖІӨ) тұрақты өсуі ал­ғашқы орынға қойылғанымен, көп жағ­дайда өңірлерді дамыту мәселесі екінші орында қалып жатты. Рас, бұл бағытта әр жылдары түрлі қа­дамдар жасалды. Жер­гілікті өзін-өзі басқарудың нормативтік-құ­қықтық базасы да енгізілген. 2004 жылы алғашқы Бюджет кодексі қабылданды, онда елдің және әр аймақтың ортамерзімді даму жоспары қамтылды. Дәл осы кезде экономика жедел қар­қын­мен дами бастаған (2003-2007 жыл­дардағы ЖІӨ-нің орташа деңгейі 9,5%-дан асты). Бірақ сол кезеңде өңірлердің даму деңгейінде үлкен дисба­ланс орын алды. Мәселен, 2006 жылы Аты­рау облысының жан басына шақ­қандағы ЖІӨ Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түр­кістан) облысынан 12 есе асып түсті. Мұнай мен газдан және бас­қа да экспорттық тауарлардан түскен табыс нәтижесінде, ел өңіріндегі ЖІӨ көрсеткішінің айырмасы 9 есеге жетті. Мұның бәрі сайып келгенде, ел тұрғын­дарының өмір сүру деңгейіндегі едәуір алшақтыққа әкелді: орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстың максималды және минималды деңгейінің айырмашылығы 3,3 есеге, бір қыз­меткердің орташа айлық жа­ла­қысының айырмашылығы 2,8 есеге дейін өскен. Са­рапшылар егер бұл алшақтықты дер кезінде реттеп, жергілікті экономиканы әрта­рап­тандырмаса, нәтижесі оңайға соқпайтынын айтуда. Өйткені жерасты байлығының қоры азайған кезде бір өндіріске негізделген өңірлік экономика­ның да күрт әлсірейтіні сөзсіз.

Тәуелсіздік жылдарында жинаған тә­жірибе көрсеткендей, аймақтық басқару ісінде шешім қабылдауда белгілі бір дә­режедегі дербестік қажет. Ол дербестік өңір­­лердің экономикалық әл-ауқа­тының негізі болуы тиіс. Бүгінде жергілікті басқару меха­низ­мін унитарлы немесе фе­де­рал­ды құрылымға негізделген мем­ле­кет­тер де енгізіп отыр. Мы­салы, унитарлы мем­лекет Фран­цияда өңірлер арасындағы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің айыр­масы ең көбі екі есені құрайды.

Мемлекеттің қуаты ел тұрғын­дарының тұрмыс жағдайы, әлеу­меттің әлеуетімен өлшенетіні анық. Бұл тұрғыда көрсеткіштер жоғарыда келтіргендей. Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарап­шыларының пікірінше, қазақ­стандықтарға сауатты урбани­за­ция және жайлы, тиімді орта, яғни қала өміріне бейімдейтін механизм керек. ЭЫДҰ маман­дары мемле­кет­тің тұрақты дамуы ірі қала­лар­дың дамуымен тығыз байланысты екенін айтады. Се­бебі жоға­рыда аталған ұйымға мүше елдердің хал­қының 80%-ы қалада тұрса, бізде қала­лықтар жалпы халықтың 60%-ына енді жет­ті. Оның өзінде қалаға жұмыс іздеп, әу­пірімдеп жеткен жұрттың барлығы бір­дей өмір сүруге қа­жетті жағдаймен толық қамтылған ба? Бір ғана мысал. Елорда­мыз­дың іргесіндегі ауылдардан таңер­тең қалаға жұ­мысқа жетуі үшін қоғамдық көлік қатынасы толы­ғымен шешілмеген. Авто­бустар­дың аздығынан мега­полис ма­ңын­да тұратын азаматтар таңер­тең жеке көлікпен қатынауға мәж­бүр. Бұл өз кезегінде қала кө­шелеріндегі кептелістің кө­беюіне әке­луде. Сондықтан ендігі жерде жергілікті әкімдердің жұ­мысына баға бергенде жем­қорлыққа қарсы көрсеткіш пен жұмыс­сыздық һәм көші-қон мә­селесін қалай шешіп отырға­ны­на баса мән берген жөн. Жер­гілікті әкім аймақтан ірі шаһар­ларға жұмыс іздеп кетіп жатқан әр тұрғынның тағдырына жауап­ты болуы тиіс.

ЭЫДҰ-ның бағалауындағы тағы бір бағыт – тұрғын үй нары­ғы. Сөз жоқ, елі­мізде тұрғын үй құ­рылысы қарқынды жүріп жа­тыр. БҰҰ-да 2000 жылдан бастап Қа­зақстанда құрылыстың өсуі аймақ­тағы жоғары көрсеткіш деп баға­лады. Алайда пәтерді көп салу ха­лықтың баспана мә­селесін то­лық шеше алмай отыр. ЭЫДҰ зерт­теуіне сәйкес, Қазақстанда тұр­ғын үйдің 97%-ы мемлекет есе­бінен жалға берілмейді. Демек, бюджет қаржысына салынып жатқан пәтерлерді тек ақшасы барлар сатып алуда. Егер жалға берілетін тұрғын үй нарығы да­мыса, елдегі жұмыс күшінің тиім­ді нәтиже беруіне әсер етер еді дейді мамандар.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда республикалық маңыз­дағы қалаларда ха­лық санының шамадан тыс өсуі дәл қазіргі кезде алаңдатарлық жағдай екенін ес­кертті. Ал кейбір облыс орта­лықта­рында (Пав­лодар, Пет­ро­павл) еңбек күші тапшылығы бар. Бұл тұрғыда Президент Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді ша­ралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан – унитарлы мем­лекет. Тұтас еліміз аумағында ­бі­рыңғай заңдар, бірың­ғай бас­қару құрылымы жұмыс істейді. Осы ерекшелікті негізге алып, аймақ басшы­ларын жергілікті халық таңдап, сайлауды енгізу ісін ке­йінге ысырып келдік. Рас, егер облыс әкіміне елдің тұтастығы мен прези­дент саясатын қамта­масыз етуге жауапты өкіл деп қа­райтын болсақ, оны президент тағайын­дауы қисынды. Бірақ аймақ бас­шысы өзі басқарып отырған жердің әр азаматының өміріне қатысты: білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, жұмыспен қамту, шағын бизнесті дамытуға жауапты болғандықтан, ол әкімді сол жердің халқы өзі сайлағаны дұрыс. Сайланған әкімнен істің сұрауы да бар. Бұл тұрғыда Мем­ле­кет басшысы Жолдауында ­жер­гілікті билік тұрғындар үшін әр­дайым ашық болуы тиіс екенін ескертті. «Пи­лот­тық жоба ретін­де тұрғындар тарапынан жер­гілік­ті билік жұ­мы­сының тиім­ділігін бағалау жү­йе­сін енгізу қажет деп сана­й­мын» деді Прези­дент. Қ.Тоқаев­тың айтуын­ша, егер сауал­на­ма немесе онлайн дауыс беру нә­ти­же­сінде, тұрғын­дардың 30%-нан астамы қала немесе ауыл әкі­мі­нің жұмысын тиімсіз деп ­ба­ғаласа, бұл Пре­зи­дент Әкім­­шілігінің ар­найы ко­миссия құрып, туын­даған мәсе­лені зерттеуіне әрі тиіс­ті ұсы­ным енгізуіне негіз бола алады.

Президенттің өңірлік басқару ісіне қа­тысты Жолдауда айтқа­нынан түйгеніміз, Қазақстан хал­­қы алдағы уақытта жергілікті би­лік жұмысына тікелей баға беріп, әкім­дерді сайлау құқығын ие­ле­неді. Дегенмен істің көзін та­ба бі­летін, жөндемді азаматты біра­уыз­дан қолдап, сайлау мәде­ние­тіне өзіміз дайынбыз ба? Ол басқа әңгімеге жүк болар тақырып...