Жамбылдық шенеуніктер бюджет қаржысын неге жасырады?
Жамбылдық шенеуніктер бюджет қаржысын неге жасырады?
©А.Ахметқазы
212
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында басымдық берген басты мәселе – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» бастамасы болатын. Алайда кейбір құрылымдық мекемелер бюджет қаржысының ашықтығына келгенге саңырау күй кешіп қалатыны бар. Осыған орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисі «Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету» тақырыбында семинар өткізіп, бірқатар кемшіліктерді бүкпесіз жайып салды. Екі жылда бір жүргізілетін зерттеу қорытындысына сүйенсек, қазына қаржысын қалың жұртқа жария ету өте төмен деңгейде екен. Атап айтсақ, бюджет туралы ақпарат интернет ресурстарында толық және тиянақты, уақытылы жарияланбауда. Мемлекеттік және ресми тілде болуы да қамтамасыз етілмеген. Бір сөзбен айтқан облыс әкімдігіне қарасты мекемелердің қазынасы бұқараға жабулы қазан күйінде тұр. Оқыту семинарға жалғасқан жиында бұл кемшіліктерді жою жұмыстары басты назарға алынды. Департаменттің маманы Жазылбек Алдабеков «Ашық бюжеттердің интерактивтік картасы» жобасы аясында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, Жамбыл облысы әкімдігінің басқармасына бағынысты 61 мекемеде 2020 жылғы бюджетті толтыру барысында бірқатар қателіктерге жол берілгенін жеткізді. Мысалы, Дін істер басқармасынына бағынысты «Дін зерттеу орталығы» КММ 2020 жылға бюджетті ашқанымен оған тиісілі құжаттарды көрсетпеген. Одан басқа, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты 10 мекеменің 8-і қателіктермен толтырса, қалған «№4 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мен «Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу» мекемелері құжаттарды талапқа сай рәсімдемеген. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Шу қалалық ауруханасы» мен «Жамбыл облыстық тіс емханасы» мекемелері биылғы жылдың бюджеті туралы ақпаратты мүлдем көрсетпеген. Дәл сондай Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына бағынысты «Т.Рысқұлов ауданының мұрағаты», «Ш. Уәлихвнов атындағы облыстық кітапхана» және «Д. Қонаев атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасы» да 2020 жылдың бюджеті туралы ақпаратты ресми сайттарда ашық жариялау жүйесін сақтамаған. Жиын барысында аталған мекемелердің жауапты қызметкерлеріне ақпараттық нұсқамалар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда бұдан нәтиже шығары, әлде жоғы белгісіз. Себебі тоғыз ай бойы бюджет қаржысын жасарып келген мекемелерден не күтуге болады?

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы