Ақжауындай ақжелең жырлар
Ақжауындай  ақжелең жырлар
285
оқылды

Қазақстан Мемлекеттік сый­лы­­­ғының және халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қа­­­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­­­раткері, ақын Ақұштап Бақ­ты­гереева – 75 жаста.

...Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дары ел-жұрт әр санын асыға күтетін «Мәдениет және тұрмыс» журналынан «ХХІ ғасырдың бойжеткендеріне хат» деген өлең оқыдым.

– Іштеріңнен шығады жаңа дарын,

Бізден бөлек болады саналарың.

Бізден бөлек болады ғасырың да,

Бізден бөлек болады модаларың.

 

Соғыс салған жараны көрмейсіңдер,

Жоқтық, аштық дегенге көнбейсіңдер.

Біздің ұрпақ әкесін жау өлтірген

Деген, сірә, ертекке сенбейсіңдер...

Міне, осылай басталатын бірнеше шу­мақ өлең:

– ...Бәлкім, бізден еркіндеу өсесіңдер,

(Бізге жұмбақ не киіп, не ішесіңдер)

Біздер кешкен азабын махаббаттың

Дәл біздерше сендер де кешесіңдер.

 

Мейлің, түрлі түспенен шашты боя,

Алуан тілде айтылар жастық ода.

Білетінім: Отанын, Халқын сүю,

Болу қажет қашанда басты мода! – деп түйінделеді. Ақұштап ақынның жыр әлемі менің алдымнан осы өлеңмен ашылып еді. Міне, өзім содан бері ұлтымыздың ұлы өзені Ақ Жайықтың жағасында туған ақын апамыздың жыр сәйгүлігінен көз жазған емеспін. Бәлкім, туған топырағымыз бір, туған ауылдарымыздың арасы «қарға адым» жер болғандықтан шығар, әйтеуір, өзім шағала-шайырдың ауыл, туған жер, дала туралы өлеңдерінен өз ауылымды тауып, менің Қызылжарымның сұлу табиғатын көремін.

– Құстарың ерке көлдегі,

Тербейді желің құрақты.

Құйын да тентек сендегі

Балалық шағым сияқты...

Бұл – апаның «Ауылым» атты өлеңінің алғашқы шумағы. Әп дегеннен көбіңіздің көз алдыңызға туған ауылыңыздың көрікті көрінісі келе қалғаны кәміл.

А.Бақтыгерееваның өлеңі неге оқы­лымды осы? Өйткені шынайы. Ал шынайы болатын себебі ақын жан дүниесін толқытқан, жан жүрегін тебіренткен жағдаяттарды ғана өлең ғып өреді, жыр-кесте ғып төгеді. Иә, Ақұштап ақынның оқырманының біраз бөлігін, бәлкім, басым бөлігін қыз-келіншектер құрайды. Ал оларды махаббат лирикасынсыз баурау мүмкін бе?!

Он екі айда сағынта,

Табиғат берген сый мына:

Қонады келіп ақ ұлпа

Сені мен менің иығыма.

 

...Бақыттың басы болар ма,

Сен мені алғаш сүйген күн?!

Ұмытып қысты содан ба,

Қақпастан қарды үйге ендім.

 

Үлгертпей мені не деуге,

Сен қарды еппен қаққаның.

Сау ете қалды еденге

Иығыма қонған ақ қарым.

 

Бір жалын шарпып өткендей

Селк етіп шоршып түстім мен.

Қапыда сусып кеткендей

Ақ торғын көйлек үстімнен!

Тура осы өлеңге өзек болып тұрған негізгі екі нысан бар. Қос нысанның бірі – кіршіксіз ақ ұлпа қар, ал енді бірі – кіршіксіз ақ ұлпа сезім. Егер қарды жетекші мәнге ие қылсаңыз, үшбу өлең табиғат лирикасына, ал кіршіксіз ақ ұлпа сезімді алдыңғы қатарға, яғни бірінші планға шығарсаңыз, үшбу өлең махаббат лирикасына айналып шыға келеді. Тілге тиек болып отырған өлең лириканың қай түріне жататынына қатысты төрелік айтуды төре көңілді оқырманның өзіне қалдырайық та, осы тұста тап осы өлең туралы көзі тірісінде-ақ классик атанған Қадыр Мырза Әлидің пікіріне зер салалық: «Байқайсыздар ма, бағзы біреулер әп-әсем дүниені порнографияға шейін құлдыратса, Ақұштап сыпырылып кеткелі тұрған жалаңаш порнографиялық сәтті биік көркемдікке көтеріп әкетеді. Шеберлік деген, нағыз ақындық деген осы болса керек!».

Ақ білекті, нәзік жүректі оқырманымыз «Автор неге ақынның махаббат лирикасынан бір-ақ мысал келтірген?» деп ренжімесе екен дейміз. Махаббат лирикасы таңғы шықтай мөлдір әлем, таңда ашылған гүлдей нәзік жаратылыс қой. Сол себепті мұндай мазмұндағы өлең-жырларды үзіп-жұлып, қиып-қидалап ұсынуға қимадым. Асылы, ондай жыр жауһарларын құйылып түскен қалпында тұтас оқығанның әсері әдемі.

Қазақы әдеби ортада, тіпті әлемдік әдеби қауымдастықта ақын қыздар тұрмысқа шықса, шайырлық қабілет-қарымынан, ақындық талант-дарынынан айырылып қалады-мыс деген қасаң көзқарас бар. Өзгеде шаруам жоқ, өз басым осыған келісе алмаймын. Керек десеңіз, келісе алмаймын емес, үзілді-кесілді келіспеймін! Рас, әлдилеулі бөпесі бар ақын келіншектің, ақын-ананың мәселен, мектептегі бала махаббат туралы жазамын деп отырған өлеңі кенет жылаған бөпесін жұбатамын деп ана мейірімі, балбөбектің балбыраған тәтті ұйқысы жөніндегі жырға айналып кетуі әбден кәдік. Иә болмаса, бір жалт еткен сезімді өлеңге өзек қыламын деп отырғанда, отағасы жұмыстан шаршап келіп, жылаған баланың лезде жұбануын, үйдің тез жиналуын, қазанның шапшаң қайнауын, дастарқанның жылдам жайылуын сұсты қабағымен талап етуі әлгі жырдың тақырып арнасын аяқасты өзгертіп, ойламаған жерден отбасының береке-бірлігі, ырыс-ынтымағы, шаңырақ шаттығы туралы қыздың жиған жүгіндей әп-әдемі өлең жазылуы жүдә мүмкін. Ал осыдан қазақ әдебиеті ұтыла ма, жоқ, әлде барша адамзаттық рухани құндылықтарға нұқсан келе ме? Әрине жоқ! Ешкім де ұтылмайды, ештеңеге де ешқандай нұқсан келмейді. Керісінше, керемет өміршең өлең туады. Өйткені бөбегін емізіп, сәбиіне жан-жүрегінің бар мейірімін, жанары арқылы жан дүниесінің нұр-шуағын төгіп отырған ананың өзі құдіретті поэзия емес пе?! Бала-шағаның қамымен жұмыстан шаршап келген ер-азаматының қас-қабағына қараудың өзі қазақтың қара өлеңіндей нағыз қазақы өлең емес пе?! Сүйгеніне қосылып, сәби сүйіп, перзенттерін тең құрбысының алды қылып жеткізіп жүріп-ақ, ақындықтың алауын аласартпаған нәзікжанды ақындар баршылық. Бұл уәжімізге айшықты мысалды алыстан іздемей-ақ, қазақтың қос ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева мен Күләш Ахметованы атасақ, ешкімнің тақиясына тар келмесі хақ! Ал енді Ақұштап ақынның:

– Мен жүрмін өлең жазып, Жұбан аға,

Бұл күнде немеремнің жөргегіне, – деген жыр жолдары – өлең боп өрілген ақын-ананың ұрпақ қызығына кенелген бақытты өмірінің бір көрінісі.

«Әйел бүлінсе, әлем бүлінеді» деген түсінік бар. Негізі, жаны бар сөз бұл. Ал зерделеген кісіге, түсінген адамға Ақұштап Бақтыгереева – берісі әйелдің, әрісі әлемнің бүлінбеуі үшін шыр-пыр болып жүрген қайраткер қаламгердің бірі.

Әдебиеттің басты мұрат-мақсаты – көркем мінезді адам тәрбиелеу, жақсы адам қалыптастыру арқылы жер бетіндегі жақсылықты еселеу. Демек, «Баланы жастан...». Міне сондықтан да, ұрпақ тәрбиесін, әсіресе, қыз бала тәрбиесін Ақұштап Бақтыгереева ақын ана ретінде өлеңіне өмір бойы өзек етіп келеді. Бұған Шағала-шайырдың әр жылдары жазған «Ауылдың тентек ұлдары», «Біздің халық ұл тілеген», «Ауылға хат», «Бойжеткендер болашақ ғасырдағы», «Қыздардан келген хаттардан», «Қателігі жастықтың біліне ме?..», «Қыздар жайлы хикаялар» секілді көптеген өлеңдері куә.

Жалпы, Ақұштап ақынның шығармашылығында ана тақырыбы, ұрпақ тәрбиесі және Жайық өзенінің жыл санап асқынып бара жатқан экологиялық ахуалы үш күретамыр бағыт болып өрілген. Сөйте тұра, бұл үш тақырыпты бірі-бірінен бөліп-жара алмайсыз. Себебі, үш бағыт айналып келгенде, Отанның ортақ мүддесі ретінде бір арнаға тоғысып, ұлттың һәм туған ел мен жердің тағдырын құрайды.

Балауса бойжеткен кезінде-ақ қолына қалам алып, ақ қағазға өлеңнен кесте төккен, ал бұл күнде елдің анасы дейтіндей жасқа жетіп, тұлғаға айналған ақынның тұтас поэзиясы туралы көңіл-көкейімізде көрікті ой, көркем ниет көп, әрине. Бірақ оның бәріне газеттің шектеулі көлемі мүмкіндік берер емес. Оның үстіне Ақұштап ақынның өлең-жыры мың-сан оқырманына қоса, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әли, Есенғали Раушанов сынды әлеуетті өкілдерінен әлдеқашан асқақ бағасын алып қойған. Сондықтан да біздің бұл жазғанымызды апамыздың биылғы мерейтойына інілік ілтипат ретінде қабылдарсыз, әлеумет!

Көңілдің кірін, өмірдің мұңын нұрға айналдырар ақ жауындай ақ желең жыр­ларыңыз толастамасын, апа!

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы