Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Еуразиялық даму банкі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Келісімді онлайн кездесу барысында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен ЕДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Меморандум аясында тараптар бірнеше бағытта ынтымақтастық орнатуға ниетті: - ЕДБ Министрліктің жобаларын қаржыландыру, оның ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға жәрдемдесу; - ЕДБ-ға қатысушы мемлекеттерде МЖӘ-бастамаларды ілгерілету арқылы жеке секторды тарту және жобалау алдындағы дайындық тетіктерін дамыту.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында министрлік денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуды қарастыруда. Осыған байланысты министрлік ЕДБ-мен бірлесіп аталған бағытта жұмыс бастауға дайын екенін білдіреді», - деді Алексей Цой. «ЕДБ Халықаралық қаржы ұйымы ретінде ЕДБ құралдарын пайдалана отырып, министрлік іске асырып жатқан жобаларға қатысуға және көмек көрсетуге мүдделі. Интеграциялық мүмкіндіктерді де қолдануға болады. ЕДБ-ға қатысушы елдерде медициналық жабдықтар жеткізуші компания, мердігер, жеке серіктестерді іздеуге көмектесуге, сауда және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдарын қолдануға ниеттіміз. Серіктестік қатынас ұзақ мерзімді, тиімді және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», - деді ЕДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов.Айта кетейік, Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға, олардың тұрақты экономикалық өсуіне және өзара сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге көмектесу мақсатында 2006 жылғы қаңтарда Ресей мен Қазақстан құрған халықаралық қаржы ұйымы. ЕДБ жарғылық капиталы 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Банкке қатысушы мемлекеттер – Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан.