Астанада жаңадан салынған «Ақылды үй» құлағалы тұр
Астанада жаңадан салынған «Ақылды үй» құлағалы тұр
Фото: Интернеттен алынды
238
оқылды
Smart house тұрғын үй кешенінің қолданысқа берілгеніне небары екі-ақ жыл болған, – деп жазады 24.kz. Дереккөздің жазуынша, үйдің қасбеті шыдас бермей, түсіп жатыр. Желдету жүйесі де талапқа сай істелмеген. «Ақылды үйдің» қабырғасын жылытуға не ақыл, не материал жетпеген көрінеді. Үйдің тұрғыны Дана Мирашеваның айтуынша, оның балалары пневмониямен ауруханадан бір-ақ шыққан.
Smart house тұрғыны Дана Мирашева: «Ол кезде кіші қызым бір жасқа да толмаған, ал үлкенім төрт жаста еді. Осы қыста екеуінің де өкпесі қабынып, ауырды. Түсінесіз бе, пәтер іші қатты суық болып, үйден шықпай, пневмониямен ауырды. Биыл жазда үй жөндеушілерді шақырып, терезенің алдын ашқыздым. Қарасақ, қабырғаның арасы үңірейіп тұр, жылыту материалдарын мүлде қоймаған», – дейді
Ал жаңа үйдің проблемасынан хабардар Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов: «Қала құрылысына жауапты мекеме бар, құрылыс нормалары бар. Неліктен бұлай болғанын айта алмаймын. Бұл аудан әкімдігінің құзырындағы мәселе емес. Қала құрылысы мәселесіне арналған тұтас бір кеңес бар. Егжей-тегжейлі жоспарға өзгерістерді сол кеңес енгізеді», – дейді. Бұл мәселеге қатысты он шақты рет сот отырысы да өткен.
«Smart housе – Ақылды үй» тұрғын үй құрылысы кооперативінің бұрынғы басшысы Қанат Абзалиев: «Кімнің үстінен шағымданып жатқаны түсініксіз. Үйді бас мердігер салады. Мен дәрігермін. Тұрғын үй құрылысы кооперативінің төрағасы болғанмын. Егер мемлекет үйді қабылдаса, демек үйдің дұрыс болғаны. Біріншіден, он рет сот ісі өтті. Барлығы жақсы салынған деген шешім шығарды. Адамдар шулап, қоқан-лоқы көрсетіп, кәсіпкерлерден ақша алғысы келеді, – деп отыр.
Әзірге қас беті құлап жатқан үйдің проблемасы қашан шешілетіні белгісіз. Біз бұған дейін астанадағы "Жеті бөшке" жерге кіріп бара жатқанын жазған болатынбыз.