Ақсуда қызылша қабылдау басталды
Ақсуда қызылша қабылдау басталды
164
оқылды

Араға он үш жыл салып барып, жұ­мы­сын қайта бастаған «Ақсу» қант зауы­тының шикізат қабылдап, ақ қант өндіре бастағанына – биыл үшін­ші жыл. Іске кіріскеннен бері негізгі мау­сымнан тысқары уақытта кәсі­по­рын үнемі жетілдіріліп, жаңартылумен болды. Алғашқы кезде көңілдерінде үмітке қарағанда күдік басым болған ди­қандар бүгінде Жетісудың төл да­қыл­дарының бірі – қант қызылшасына қайтадан ден қоя бастады.

Бұрындары өсірген тәтті түбірлерін Көк­­судағы кәсіпорынға тасымалдап, қо­сым­ша шығынға ұшырайтын Ақсу, Сарқан аудан­дарының қызылша мамандары қазір қиналмайды. Сонымен бірге олардың қа­тары­на алакөлдіктер де қосылды. Осылайша, соңғы бірнеше жылда Алматы облысында бір кезде мүлде азайып кеткен техникалық да­қыл жайқалатын алқаптар көлемі артты. Егер қарқын осы бетімен жалғаса берсе, онда енді бірер жылда бір кездері жоғалтқан бе­лестерді қайта бағындырамыз.

Өткен аптаның жұмасынан бастап «Ақ­су» қант зауыты жаңа маусымда өсірілген қант қызылшасының алғашқы өнімін қа­былдауға кірісті. Бірінші күні Ақсу жә­не Сарқан аудандарының кәсіпкерлері кә­сіпорынның дайындау пунктіне 450 тон­надан астам тәтті түбір жеткізді. Жақын күн­дері Алакөл ауданының қызылша өсіру­шілері де өнім жөнелтеді.

Ақсу ауданының «Ақмол» сервистік-дайын­дау орталығы алғашқылардың бірі бо­лып зауытқа қызылша әкелді. Сервистік-дайын­дау орталығы 2018 жылы құрылып, «Же­тісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қант қы­зылшасының элиталық тұқымдары мен ауыл шаруашылығы техникасын алды. Со­ның арқасында «Ақмол» СДО биыл қы­зылша алқабын 70 гектардан 110 гектарға жет­кізіпті.

«Биыл өнім жоғары болады деп күтіп отырмыз. Әзірге қызылшаның орташа өнім­ділігі гектарына – 600 центнер. Бірінші күні біз кәсіпорынға 250 тонна тәтті түбір әкел­дік. Жалпы, биыл 6 мың тоннадан астам өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз», – дейді «Ақмол» СДО директоры Берік Тынышбаев.

2017-2018 жылдары «Ақсу» қант зауы­ты 170,3 мың тонна қант қызылшасын қа­был­дап, 13 мың тонна қант шығарды. Биыл бәрі сәтті болса, 200 мың тонна қызылша қа­­­былдап, 20 мың тонна құмшекер шығару жос­парланыпты. «АқсуҚант» ЖШС бас директоры Самат Нәдірбаевтың айтуынша, қант өндірісі қазан айында басталады.

«Жақында зауытты жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтаймыз. Бұл өз кезегінде өндірісті 4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін то­лық өндірістік қуаттылығына көшеміз. Ол кезде кәсіпорын тәулігіне 4,5 мың тонна өнім шығара алады», – дейді бас директор мыр­за.

Қазіргі уақытта зауытта 260 адам ең­бек етеді, өндіріс толық басталғанда жұмыс­шы­лардың саны 550 адамға дейін артады.

«Ақсу» қант зауыты Алматы облысы әкім­дігінің қолдауымен 2017 жылы қайта жаң­ғыртылып, іске қосылған болатын. Кә­сіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы арқылы жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын 280 дана және 28 жаб­дық жиынтығы мен ауыл шаруашылығы техникасы лизингке алынған.

Сонымен бірге өңірде қант қызылшасын жаң­ғырту мен дамыту мақсатында қызыл­ша бағыты бойынша 29 сервистік-дайын­дау орталығы құрылған. Олар ауыл шаруа­шы­лығы техникасымен, тұқыммен толық қам­тамасыз етілген. Сервистік-дайындау ор­талықтарын құру нәтижесінде, қант қы­зылшасының жалпы аумағы биыл 14 мың гек­тарға жетті.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы