Киелі Әулиеата топырағынан Нұр-Сұлтан қаласына керуен аттанды. Керуен құрамында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тауарлары тиелген он жүк көлігі бар. Олар 12-13 қыркүйек аралығында «Хан шатыр» сауда ойын - сауық орталығы жанындағы алаңда өтетін жәрмеңкеде тауарларын өткеретін болады.
Ал Т.Рысқұлов ауданынан елордаға «Подгорное» ЖК-нің құны 1,5 миллион теңгенің шұжық өнімдері жөнелтілген. – Бұл өз өнімдерімізді ешқандай делдалдарсыз өткеруге, бәсекелестік ортаны зерделей түсуге жақсы мүмкіндік. Егер елордалықтар біздің өнімдерімізге жоғары сұраныс танытып жатса, онда ол жаққа өз тауарымызды тұрақты түрде жөнелтіп тұратын боламыз, - дейді шұжық цехының басшысы Марина Ильиных.Жамбылдықтар елорда тұрғындарына құны 320 миллион теңге болатын 282,6 тонна азық-түлік өнімдерін ұсынбақ. Тоңазытқыштармен жабдықталған автокөліктермен Нұр-Сұлтанға ет, балық, шұжық, сүт, кондитерлік және макарон өнімдері, өсімдік майы, бал, кептірілген жемістер мен көкөністер жеткізілуде. Олардың бәрі нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағада сатылатын болады. Өнімдерді Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан 90 ауылшаруашылық тауар өндірушілері ұсынуда.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы