Әлі де енгізілетін практикалық шаралар бар
Әлі де енгізілетін практикалық шаралар бар
147
оқылды
«Nur Otan» жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес­тің төрайымы Динара Закиева Қа­зақстан Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында қамтылған партиялықтардың ұсынысы туралы айтты. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі кеңесінің отырысында Бас прокура­тураға отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа байланысты істер бойынша тексеру жүргізу туралы ұсыныс айтылды. Динара Закиева «Nur Otan» партиясы жанынан өңірлердегі 2 324 жедел әрекет ету топтарымен бірлесе отырып, «Шұғыл қызмет 111» бай­ланыс орталығы жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ кеңес Мәжілістің жұмыс топтарына талқы­ланып жатқан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша да ұсыныстар енгізді. Өз кезегінде «Nur Otan» жанын­дағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы әлі де енгізуді қажет ететін практикалық шаралардың бар екенін жеткізді. – Бірінші, өңірлерде қажетті инфрақұрылым құру. Біз экономика министрлігіне және барлық облыс­тың басшыларына бюджеттерді қай­та қарау және отбасы мен балалар үшін инфрақұрылым құруға қара­жатты қайта бөлу, отбасылармен кешенді және жүйелі жұмыс енгізу, жергілікті жерлерде отбасы істері жөніндегі басқармаларды, отбасы­ларды қолдау қызметтерін және шалғай аудандарда дағдарыс орта­лықтарын ашу туралы өтінішпен жүгіндік. Екінші, жазаның бұлтарт­пастығы қағидатын енгізу және сақ­тау. Профилактикалық, идео­логия­лық және алдын алу шаралары сияқты бұл да маңызды. Біз Жоғарғы сотқа балалар мен әйелдерге қа­тысты зорлық-зомбылыққа бай­ланысты істерді қарау кезінде сот­тардың заң­дылықты сақтауын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, бас прокуратурадан қабылданған іс жүргізу шешім­дерінің заңдылығына тексеру мен талдау жүргізуді, соңғы жылдары отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға қатысты қатыгездік фактілеріне байланысты барлық іс бойынша прокурорлық қадағалаудың тиім­ділігіне талдау жасау туралы ұсы­нысымызды білдірдік, – деп атап өтті Динара Закиева.  

Абылайхан ЖҰМАШ