Бурабай аумағы ұлғаяды
Бурабай аумағы ұлғаяды
169
оқылды
Жиында сенаторлар депутат­тардың өзі бастамашы болған «Кейбір заңнамалық актілерге ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда ма­құлдады. Отырыста сөз алған Сенат Тө­рағасы Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басым­дықтарды жүзеге асыру үшін ауқым­ды жұмыс атқарылатынын атап өтті. М.Әшімбаев Президенттің осы бағытта нақты қандай заңдар қабыл­дау керегін көрсетіп бергеніне назар аударды. Сенат спикері Жолдауда Салық кодексін жетілдіруге, сыбайлас жем­қорлықпен күресті күшейтуге және ақпаратқа қол жеткізуді қам­тамасыз етуге баса мән беріл­генін тілге тиек етті. Одан бөлек, Мемле­кет басшысы азаматтардың құқы­ғын қорғау, жергілікті өзін-өзі бас­қаруды дамыту, қоғамдық бақылау­ды күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру бағыт­тарында құ­қықтық негіз қалып­тастырудың маңызына тоқ­талғаны мәлім. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң жобасының маңызы зор екенін айтты. – Бүгін І оқылымда қаралған заң жобасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Бұл өзгерістер заман талабына сай. Себебі соңғы айларда ел арасында қоршаған ортаны, жануарларды қорғауға қатысты мәселе қызу тал­қы­ланғаны белгілі. Депутаттар осы заң жобасының тұжырым­дамасын қолдап отыр. Енді бас ко­митет жауапты министрлікпен бір­лесіп, жұмыс барысында туындаған мә­селелерді ІІ оқылымға дейін жан-жақты талқылайды, – деді Мәулен Әшімбаев. Заң «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салу үшін ерекше қор­ғалатын аумақтың құрамынан шы­ғарылған қорық жерлерін және «Бу­рабай» АЭА туристік кешені үшін берілген жекелеген жер телім­дерін қайтару тетігін енгізуді көз­дейді. Қазіргі уақытта белгілі бір мақсаттарға бөлінген жер учас­келері өз мақсатына пайдаланылып отыр­ған жоқ. Депутаттар бұл аумақтарды ұлттық парктер мен біре­гей табиғи кешендердің құ­рамына, мемле­кеттің ерекше қорғауына қайтару туралы бастама көтерді. Заң жобасына сәйкес, Жер ко­дексіне және «Ерекше қорға­латын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Депу­таттар ғы­лы­ми және техникалық-эко­но­микалық негіздемелермен емес, Үкі­меттің ұсынысы бойынша бейін­­ді ведомствомен және жер­гілікті әкімдікпен келісе отырып, қорық жерлерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына қайтару рәсімін оңайлатуды ұсы­нады. – Енді ерекше қорғалатын ау­мақтардан өзге мақсатта пайда­лануға берілген жерлер және ны­сана­лы мақсатына, туризмді немесе АЭА-ларды дамытуға пайда­ланыл­маған жерлер қайтарылуға жатады. 1 жылдан кейін, егер бе­рілген жер ауыстырылмаса және өзінің ныса­налы мақсатына пайда­ланыл­маса, олар Үкіметтің шешімі­не және уәкі­летті органның келісі­міне сәй­кес ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарға қайтарылады. Мысалы, АЭА үшін «Бурабай» курорттық айма­ғынан 360 гектар бөлінген, оның 110 гектары пайдаланылмаған. Міне, осы телімдер қайтаруға жа­тады. Сон­дай-ақ «Көкжайлау» тау шаң­ғысы курорты пайдаланбаған 1 002 гектар учаске кері қайтары­лады, – деп түсіндірді Се­нат депу­таты  Н. Қы­лышбаев.  

Елдос СЕНБАЙ