Қазақстаннан қанша қылмыскер қуылды?

Қазақстаннан қанша қылмыскер қуылды?

Мәселенің өзектілігін ескере отырып, депутаттар «Кейбір заңна­малық актілерге адамдарды Қазақ­станның шегінен тыс жерге шыға­рып жіберу кезінде ұстау мерзім­дерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірледі. Оны өздері бірінші оқылымда ма­құлдады. ІІМ статистикасына жүгінсек, Қазақстанға жыл сайын 6 миллион­нан аса шетелдік келеді. Әрине, бұлардың қатарында жұмыс іздеген жатжұрттық еңбек мигрант­тары мен экспаттар, қызық қуған турис­тер бар. Олар 2 жыл 8 ай ішінде жалпы саны 220 мыңнан астам әкімшілік құқық­бұзушылық және шамамен 4 мың қылмыс жасапты. Қазіргі уақытта қазақстандық түр­мелерде және про­бациялық бақы­лауда 1 мың 300-ден аса ше­телдік жазасын өтеуде. Бұлар да кейін елімізден сыртқа шығарып жібе­ріледі. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы елден қуылудан жал­та­рып жүргендер табылса, оларды ұстау мерзімін және құқықтық теті­гін жетілдіруді көздейді. Бұл оларға қылмыстық, әкімшілік істер және «ерекше өндірістегі істер» бойынша сот актілерін мәжбүрлі түрде орын­дату үшін қажет. Атап айтқанда, тәртіп бұзған немесе қылмысқа барған шетелдіктерді Қазақстанда қамап ұстаудың 30 тәулікке дейінгі шекті мерзімі енгі­зіледі. Қолда­ныстағы заңна­ма­да нақты мерзімі бекітілмеген. – Бұл жағдай белгілі бір проб­лемалар туғызды. Енді барлы­ғы қолмен қойғандай жазылады: ең көп дегенде 30 тәулік бойы ұстайды да, содан соң Қазақстанның шегінен тыс жерге шығарып жібе­реді. Яғни, шетелдіктерді бұ­рын­ғыдай айлар бойы ұстап тұруға қаражат шығын­далмайды. Менің ойымша, 30 тәу­лік – барлық ұйым­дастыру­шылық мәселені ше­шу­ге жеткілікті. Ал форс-ма­жор­лық жағ­­дай­ларға келсек, ол сондай кезеңдерде қа­былданатын құжат­тармен жеке рет­теледі. Бірақ мына заңда осы шекті мерзімді белгілей­тін норманы қолдауымыз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы. Тұтастай алғанда, құжат ұлттық заңнамаға адам құқығын қорғау сала­сындағы халықаралық стан­дарттарды енгізуге септеседі. Сон­дай-ақ ол Конституциялық кеңес­тің шетел­діктерді және аза­мат­тығы жоқ адам­дарды елден аластау ке­зін­де іш­кі істер органда­рының ар­найы мекеме­лерінде қамау мерзі­мін заң жүзінде қосым­ша реттеу ке­ре­гі тура­лы ұсы­нысын орындауға бағыт­талған. Жиында депутаттар экс-сена­тор Михаил Бортникті Есеп коми­тетінің мүшесі қызметіне тағайын­дап, оны Н.Годунованың коман­дасына қосты. Отырыста Мәжілістің жаңа бас­талған 6-шы сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары бекі­тілді. Палата спикері Нұрлан Нығ­мату­линнің байламынша, қоры­тын­ды сессия қауырт болғалы тұр. Оның барысында комитет­тердің кеңей­тілген тақырыптық отырыс­тары, қоғамды алаңдататын өзекті мәсе­лелер бойынша дөңгелек үс­телдер жоспарланған. Оларда эко­логия, агроөнеркәсіп кешені, ғы­лым, мемлекеттік қызметті же­тіл­діру және басқа да мәселелер қау­залады.  

Айхан ШӘРІП