Экономикамыз қашан ес жияды?
Экономикамыз қашан ес жияды?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
163
оқылды
Бұл әдеттегідей теңгеміздің әл­сіреуі­не ықпал етті, 9 қыр­күйек­­­тегі биржалық саудада теңге бағамы 426,50 деңгейіне жетті. Алайда сол күні кешке мұнай ко­тировкасы қайта қалпына келді. Бірақ бұл арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес. Себебі ал­ды­мызда коро­на­вирус­тың екін­ші толқыны келе жатыр. Эко­но­ми­камыз мұнайға тәуелді бол­ған­дықтан, бар баққа­нымыз, әрине мұнай бағасы. Олай болса, алдағы жылы ел эко­номи­касының жағ­дайы қалай бол­мақ? Әрине, Ұлттық банк бас­шы­лығы мұ­най бағасының төмен­деуіне ең алды­мен инвестор­лар­дың күмәні ықпал етіп жа­тыр дегенді айтады. Себебі инвестор­лар кө­мірсутекке сұраныс арта­тынына сен­бейді-мыс. Сенбесе, бір себебі бар шы­­ғар, себебі олар экономикалық өз­ге­ріс­­тер­­ден бір қадам алда жүруге бейім­делген.  

Биыл ел рецессияға ұшырай ма?

Экономист Бауыржан Иса­бек­овтің айтуынша, ел үшін не­гіз­гі сыртқы қауіп көзі –  эко­номика­мыздың мұнай және газ на­рығына шамадан тыс тәуелділігі. Коронавирус пандемиясынан эко­номикалық белсенділіктің ба­яулауы барлық салаға белгілі бір дәрежеде әсер етіп жатыр. «Әртүрлі белгісіздік фактор­ларына тап болған экономикадағы одан әрі болатын процестер көбінесе ақшалай және фискалдық қолдау шараларының тиімділігіне, олардың күйзелістердің жағымсыз салдарын азайту қабілетіне байланысты болады. Негізгі сценарийі бойынша ел биыл рецессияға ұшырауы мүм­кін: өсу қарқыны нақты ЖІӨ ша­мамен 2%-ті құрайды. 2021 жылы осы көрсеткіш динамикасының төмен базасын қалпына келтіреді деп күтіліп отыр», – дейді. Оның пайымынша, Қазақ­­станның  шикізат экспортының негізгі үлесі экономикалық қиын­дықтарға қарамай тұрақты сұ­ранысқа ие энергия ресурстары болып отыр. Осыған байланысты Қазақстан терең рецессия қаупінен сақтандырылған, яғни ресми мәлім­еттерге сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖІӨ небәрі 1,8%-ке төмендеді. Қазақстан экономикасының құ­рылымы ел  халқының жартысына жуығын сәйкесінше құрылымдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ресми жалақы үлесі ЖІӨ-нің 15%-ін құрайды. Бірақ қазақстандықтардың орташа кірісі, шын мәнінде қанша шығынға  ұшырағанын бағалау өте қиын. Себебі ресми статистика кө­леңкелі экономика үлесін 23,62% дең­гейінде бағалап отыр. Ал Ха­лықаралық валюта қоры біздегі көлеңкелі экономиканы 30-40% деп көрсетеді. Қалай десек те, ка­ран­тиннен ең көп зардап шеккен сауда және қызмет көрсету са­ласындағы шағын және орта биз­нес субъектілері. Бұған дейін бір ғана сауда саласының өзі 1,3 миллионға жуық қазақстандықты жұмыспен қамтығанын ескерсек, бұл көрсеткіш халықтың 15%-ін құрайды екен. Яғни, бір саладан ғана халықтың осынша бөлігі жұ­мыссыз екенін болжауға болады.  

Мемлекеттік қарыз өсуі мүмкін

 Шикізатқа нарықтық баға­ның түсуі, сондай-ақ ОПЕК + келісімі бойынша мұнай өндіруді азайту міндеттемелері энергия экс­портынан бюджетке түсетін түсімнің жартысына азайтады деген болжам бар. Бұл өз кезегінде үкіметтік қол­дауды арттыру мүмкіндігін аз­айтады. Бауыржан Исабеков короно­дағдарыс жағдайында кереметтер күтудің қажеті жоқ екенін айтады. «Егер 2019 жылы бюджет шығыс­тары Ұлттық қор трансферттері арқылы 28%-ке қаржыландырылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 34%-ке дейін өсуі мүмкін. Егер де карантин қайталанса, салық түсімдерінің түсуіне байланысты мәселелердің одан сайын ушығуына, мемлекеттік қарыздың өсуіне алып келеді. Қа­зіргі жағдайда мемлекеттік қарыз  ЖІӨ-нің 28%-ке дейін өсуі мүмкін», – дейді экономист. Оның айтуынша, 2021 жылы сауда-саттық бойынша серіктес елдердегі іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және шикізаттың нарықтық бағасы аясында Қазақстан экономикасының жағдайы жақ­сарады. ЖІӨ-нің өсуі келесі жыл­дың басында ғана күтіледі. Ша­мамен 3%-ке жетуі мүмкін. Ал жыл аяғында экономика 3%-ке құлдырауы мүмкін, ал инфляция 8-9%-ке дейін көтерілуі мүмкін, бұл халықтың нақты кірісіне теріс әсер етеді, ал ресми жұ­мыссыздық 6%-ке дейін көтерілуі мүмкін.  

Мұнай бағасы 30 долларға құлдырай ма?

Ал Ұлттық банк төрағасының орын­басары Ақылжан Бай­мағамбетовтің айтуынша, Ұлт­тық банк 2021 жыл­ға жасаған бол­жамында базалық сценариймен қоса балама сценарийлерді де қарастырады. «Мәселен, пессимистік сце­нарий ретінде COVID-19-ға бай­ланысты жағдайдың нашарлауынан мұнайдың әлемдік қорының өсуі  немесе оның ұсынысының ұлғаюы аясында мұнай бағасы 2021 жылы бір баррель үшін 30 АҚШ долларына дейін құлдырау сценарийі қаралды. Осы сценарийді іске асыру Қазақ­стан экономикасына теріс әсер етеді, экспорттың қысқаруына, ішкі сұраныстың азаюына, ал айырбастау бағамын тұтынушылық бағаларға ауыстыру әсері арқылы инфляцияны жеделдетуге алып келеді. Салдарынан 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсуі базалық сценарийге қарағанда төмен болады, ал инфляция 4-6% нысаналы дәліз­ден жоғары болады», – дейді ол. Ұлттық банк өкілі корона­вирустың теріс серпіні шетелден, сол сияқты ел ішінде де өнім жет­кізудің бұзылуына және бағаның тиіс­інше өсуіне әкелуі мүмкін еке­нін болжайды.  

Халықаралық валюта қоры не дейді?

Халықаралық агенттіктер ор­таша алғанда Brent сұрыпты мұ­найдың бағасы 2020 жылдың со­ңына дейін бір баррель үшін 40 АҚШ доллары және 2021 жылы бір баррель үшін 45 АҚШ доллары болатынын болжайды. Бірақ бұл  тек болжам екенін ескеруіміз керек. Әрине, соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасы негізінен мұнай өндіру арқылы өсті,  мұнай бағасының төмендеуі өндірістің құлдырауына, экономика­лық белсенділіктің төмен­деуінің негізгі факторларының біріне ай­налды. Көңілге демеу болары сол, халықаралық ұйымдар  2021 жылы жаһандық және ірі ұлттық экономикалардың қалпына келе бастайтынын болжайды. Бұл Қа­зақстандағы шикізатқа сұраныстың өсуіне серпін береді. Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2021 жылы әлемдік экономика нақты мәнде 5,4%-ке, дамыған экономикалар 4,8%-ке өседі, ал 2021 жылы тауарларға сұранысты қалыптастыратын негізгі эко­номикалар Жапония + 3%-ға, ал Қытай + 9,2% қарқынымен өседі. 2021 жылы Халықаралық валюта қоры шикізатты ірі импорттаушылардың өсуі шикізат бағаларын қолдауға мүмкіндік береді деп санайды. 2021 жылдан кейінгі кезеңде ұсыныстың теңгерімді ұлғаюы мұнай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Біз осы сце­нарийге сенгіміз келеді...  

Тұмар МЫРЗА