Ол балалар өсе келе «тентектігін» ересектер деңгейінде, еңбек ұжымында жалғастырады. Мәселенің өршігені сонша, енді оны ел Президентінің өзі көтеріп отыр. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кибербуллингпен күресті – елдегі адам құқын қорғаудың жаңа шаралары қатарында ерекше атады. – Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қорғау жоқта қорлау көп
Қазақстандық ата-аналардан ел басшылығына, Үкіметке мектепте баласының қорланғанына қатысты шағым көп түседі. Ә. есімді ана Алматыдағы №120 гимназияда орын алған оқиғаны баяндады. «Биылғы жыл басында осы гимназиядағы еңбек сабағы үстінде 3 оқушы ұлымның намысын таптауға тырысты. Еңбек пәнінің мұғалімі өз компьютеріне шұқшиғанын көрген әлгі бұзақылар баламды жұлқылай көтеріп, кәдімгі алманың үстіне қадай отырғызбақ болыпты. Ұлым үздік оқиды, әдемі билейді, мұны олар көре алмайды. Сондай-ақ олар ұлымның шалбарын бүлдірді. Арқасына бормен «лох» деп жазған. Тағы бір балаға олар өз дегенін істеп, ақыры алмаға отырғызыпты. Ол дымқыл болып қалған шалбарымен отырмауы үшін үйіне кетіп қалған. Педагогтың мұны байқамауы мүмкін емес, алайда жағаласушыларға араша болудан қорқыпты, үнсіз қалған. Оған кейін ескерту жарияланды. Арнайы сынып сағаты өткізіліп, сонда әлгі үшеуі көпшілік алдында кешірім сұрады. Дұрысы, оларды инспектор есепке қоюы керек деп санаймын. Әйтпесе, олар жазаламайды, кешіріммен құтыла саламыз деп бетімен кетеді, өздерін барлық жерде қожайындай сезінеді. Әсіресе, Артем деген үлгерімі нашар содыр бар. Тәртіпсіздікті де сол бастайды. Бұларды әлеуметтік психологқа жолдау керек», – дейді ана. Ол психологиялық қолдау көрсететін 150 байланыс орталығы қызметіне қоңырау шалып, кеңес алды. Оның психолог-маманы оқиғаны жабулы қазан күйінде қалдырмай, қалалық Білім басқармасына хабарлауды ұсыныпты. Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, зәбір көрген 6-сыныптағы екі баланың ата-анасымен жеке кездесу өткізілді, онда қос ана ешқандай шағымы жоғын айтыпты. Ал Артемның анасы баласына ұрысып, сөгумен шектелген. Екі жұмысты қатар алып жүргендіктен, тәрбиемен шұғылдануға, перзентінің мінез-құлқын бақылауға уақыты қалмайтынын айтып, ақталыпты. Артемның әкесі отбасын тастап кеткен. Ата-анасы арасындағы араздықтан азап көрген жасөспірім құрдастарына қыспақ көрсетіп, өз қиналысын «кемітуге», өзгеге көшіруге талаптануы ықтимал. Тағы бір ана – Бақытгүл былтыр өз қызының мұғалім тарапынан буллингке ұшырағанын жеткізді. «Біз бір жыл бұрын ғана жай мектептен мектеп-гимназияға ауысқан едік. Білім ордасы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызыма психологиялық қысым көрсете бастады. Үнемі сыныптастары алдында Аружанның беделін түсіруге талпынды. Сабақ үстінде сыныпқа баса-көктей кіретін болған, асханада да қудалаған. Сабақ үстінде қызымның саусағынан ұстап, ұзын тырнақтарын сындырып тастайтынын айтқан. Күзгі балда сахнаға көтеріліп, микрофонмен сөз сөйлеп, 8-11-сынып оқушыларының көзінше қызымды кештен қуып жіберген. Ата заңымызда: «адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деп жазып қойылған. Педагогтың мынасы не тірлік? Қызым психологиялық жарақат алды. Ол өзіне-өзі қол жұмсамақ та болды» деп қапаланады Аружанның шешесі. БҒМ дерегінше, Алматы Білім басқармасы №110 мектептің әкімшілігімен әңгімелесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіпті. «Оның барысында директордың тәрбие жөніндегі орынбасары өзінің лауазымдық міндеттерін атқарғаны, Білім және ғылым министрлігінің міндетті мектеп формасына талаптарды бекітетін №26 бұйрығын және мектеп жарғысын басшылыққа алып, оқушы Аружанға ескерту жасағаны анықталды. Өйткені ол сабағына кешігіп келген, мектеп формасын кию талаптарын бұзған. Директордың орынбасарына лауазымдық өкілеттікті бұзуға жол беруге болмайтыны түсіндірілді және сөгіс жарияланды», – деді өз блогында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.Есірікке еркіндік сеп
«Қамқорлық» бірлестігінің жетекшісі, құқықтанушы Евгений Цай мектепте тәрбие беру жұмысы ақсап жатыр деген пікірде. Әрине, балалардың қашықтан оқытуға көшірілуі буллинг мәселесінің өзектілігін біршама төмендетті. Бірақ алда барлық оқушы дәстүрлі оқу форматына қайта ауысқанда бұл проблема қайта оралады. – Жасөспірімдердің бойында өктемдік, өзгеге өшпенділік секілді теріс мінездер ұшталуда. Себебі ненің жақсы, ненің жаман екенін қазіргі кезде мектептерде түсіндірмейді. Дұрысы, бала тәрбиесімен мұғалім, ата-ана, мемлекет пен қоғам тең дәрежеде айналысуы керек. Қынжылтатыны сол, мемлекет бұл істен бойын аулақ салды, Үкімет тек экономика мәселелерімен әлек болуда. Педагогтер өз жұмысы онсыз да бастан асатынын алға тартып, жақсы қасиеттер мен адамгершілікті баланың бойына ата-аналары дарытуы керек деп сырғыта салады. Ал ата-аналар дағдарысты шақта отбасын қалай асыраймын деп басы қатып жүр. Жас ұрпағын құндылықтарға, ізгі қасиеттерге, жақсылыққа үйретпеген елдің ертеңі қараң екенін билік түсінуі керек, – дейді Е.Цай. Бүгінде әлемде мектептегі тентек балалармен күрестің жаңа тәсілдері қолданылады. Мысалға, АҚШ-та, Еуропада, дамыған елдерде сыныптастарына күн бермейтін оқушы қашықтан оқытуға ауыстырылады. Мүлдем мектептен қуатын тәжірибе де бар. Қазіргі заманда мектептегі зорлыққа телекоммуникациялық құралдарды пайдаланып қоқан-лоқы жасау – кибербуллинг қосылды. Қорқыныштысы сол, бұдан қашықтан оқу да құтқара алмайды: ол үйде отырған баланың да түйсік-санасына зақым келтіреді. Expo&Women халықаралық ұйымының басқарма төрағасы, педагог Ләззат Асқарова балалардың ересектерден үлгі алатынын нұсқады. – Мен біраз жылдан бері мұғалім болып мектепте жұмыс істедім, кемсіту, қорлау жайттарына куә болсам, көмектесуге тырыстым. Алайда кейінгі кезде буллинг құбылысы өршіп кетті. Бұған себеп – біріншіден, Кеңес Одағы күйреп, тәуелсіздік пен демократия орнағалы адамдарда не жасасам да өз еркім деген сезім пайда болды. Екіншіден, құқық ұғымы бұрмаланды. Көпшілік демократия деген әдеп пен тәртіптен тұратынын білмейді. Сөз бостандығы дегенді желеу етіп, кез келген адамды балағаттауға, ар-ожданын таптауға дайын тұрады. Ересектерге еліктеген балалар мен жастар «өзіңнен кішіні, әлсізді, тұрмысы төменді кемсітуге, ұруға болады» деп түйеді. Тіпті, ұялы телефоны нашар, арзан болса, оқушыны кем санауға осының өзі жеткілікті. Осылайша, қоғамда құндылықтар деградацияға ұшырады. Бұл бізді, қоғам қайраткерлерін, аналарды қатты алаңдатады, – дейді сарапшы. Л.Асқарованың пайымдауынша, интернет осы теріс құбылыстың қоғамға дендей енуіне және кең жайылуына мүмкіндік берді. «Өйткені әлеуметтік желіде адам бөгде біреудің суретін іліп, бүркеншік атпен тіркеліп, бөтен никпен кіріп, қалаған жерге былапыт сөз жазып қалдыра алады. Еш шектеусіз барлығын қорлай алады. Көңілде үрей тудыратыны сол, кибербуллингті алаяқтар қолдана бастады. Олар шын аты-жөнін жасырып, қыздарымызбен, оқушылармен танысады, сеніміне кіреді, қорқытады, алдайды. Бұдан біз, ересек адамдар да зардап шегеміз. Биылғы маусым айында бірқатар онлайн-семинар өткізе келе, педагогтердің, ата-аналардың көбі цифрлы сауатсыз екенін анықтадық. Балаларымыздан бұл жөнінен әлдеқайда артта қалғанбыз, тиісінше олардың интернет кеңістіктегі мінез-құлқын бақылай алмаймыз», – деді халықаралық ұйым басшысы.Балаға да «өмір батырмасы» керек
Әртүрлі салада елдің сауатын ашуға арналған Sauap.org порталының дерегінше, Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы әрбір бесінші жасөспірім және 15 жастан жоғары әрбір оныншы жас мектепте буллинг құрбанына айналыпты. Оқушылардың 20%-і кемінде бір рет өзгелерді тобыр болып жабыла қорлауға қатысқан. Қорқынышты сандар. Психологтар буллинг тек құрбанның ғана емес, сонымен қатар буллердің де психикалық денсаулығына нұқсан келтіретінін ескертеді. «Қазақстанның интернет қауымдастығы» бірлестігінің президенті Шавкат Сабыров Қазақстанда осы мәселеде анонимді шағым қалдыруға болатын арнайы веб-сайтқа 2011-2019 жылдар аралығында 19 мыңнан астам өтініш келіп түскенін мәлім етті. – Пандемия балаларды да, ересектерді де интернет желісіне тәуелді етті. Салдарынан интернет-алаяқтық және кибербуллинг секілді жаңа қауіп-қатерлер бой көтерді. Кибербуллингтің бастапқы нышандарын айқындай білген жөн. Ол қарапайым әрі бейкүнә көрінер троллингтен басталады. Мысалы, оқушылар бір-бірін әзіл түрінде түйреп, келемеждеуге тырысады. Ізінше онысы қысастық көрсетуге ұласады. Егер экранның ар жағындағы адам баланың құрдасы емес, ниеті бұзық ересек не алаяқ болса, ол осы қудалауын тоқтату үшін ақша бопсалайды немесе өтемі ретінде басқа бір қызмет көрсетуін талап етеді. Бұған қоса, біздің байқағанымыздай, карантин кезінде қазақстандық жасөспірімдерді «көгілдірлердің» ЛГБТ-қауымдастықтарының топтарына тарту белең алды. Бұған әрине, тосқауыл қойылуы керек, – деді Ш.Сабыров. Оның дерегінше, көптеген ата-ана құқық қорғау органдарына жүгінуден бас тартады, полицейлермен байланысқысы келмейді. Мұндай адамдарға психологтардың, ІТ-сарапшыларының көмегі қажет. Демек, Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы тиісті тапсырманы орындау кезінде Үкімет біріншіден, халыққа осындай кеңес-көмек беруді жолға қойғаны маңызды. Екіншіден, балаларға арналған буллингтің не екенін және одан қалай қорғануға болатынын көрнекті, жеңіл тілмен түсіндіретін білім құралдары қажет. Үшіншіден, техникалық тұрғыда заманауи шешімдер қабылдап, әрбір оқушы баланың ұялы телефонына «SOS» батырмасын орнатуға болады. Жағдай шегіне жеткенде жас бала соны басып, ата-анасына не психологқа дабыл жібере алар еді. Бұл ретте жақсы үлгі де бар: дәрменсіз қарияларға құлап қалған не жай-күйі күрт нашарлаған жағдайда маманды шұғыл шақыруға мүмкіндік беретін «өмір батырмасы» (кнопка жизни) атты медициналық дабыл жүйесі енгізіліп жатқаны белгілі.