2019 жылдың Тұрақты даму туралы есебі экономикалық, экологиялық және әлеуметтік нәтижелердің көрсеткіштерін ашып көрсетеді. ҚМГ-ның мәліметіне сүйенсек, компания былтыр 23 618 мың тонна мұнай және конденсант өндірді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 23 606 мың тоннаны құраған-ды. Сол жылы 8 137 млн текше метр табиғи және ілеспе газ өндірген компания былтыр ол көрсеткішті 85 44 млн текше метрге жеткізді. Мұнай-газ өндіру көлемінің өсуі қоршаған ортаны қорғау мәселесіне назар аударуды талап етері заңды. Бұл орайда, ҚМГ Компанияның даму стратегиясын басшылыққа алады. Мысалы, «ҚМГ – 2028 стратегиясында» экологиялық жауапкершілікті арттыру жөніндегі стратегиялық бастамалар бар. Компанияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы басым бағытына парник газдар шығарындыларын басқару және газды жағуды азайту, су ресурстарын басқару, өндірістік қалдықтарды басқару, топырақ құнарлығын қалпына келтіру және энергия тиімділігін арттыру кіреді. Атап өтер жайт, Стратегияға сәйкес былтыр Компанияда Экологиялық саясат бекітілді. Соған сәйкес, енді ҚМГ мен оның еншілес және тәуелді ұйымдарының басшылығы қоршаған ортаның ластануына байланысты шығындар мен залалдарға қатысты «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанады. Мысалы, Экологиялық саясатта алғаш рет климат, биоәртүрлілік, экологиялық құнды аудандарда қатерлерді қосымша бағалау, ластанған жерлерді қалпына келтіру, құбырлардың тұтастығын қамтамасыз ету сияқты экологиялық аспектілерге назар аударылып отыр. ҚМГ 2015 жылы Дүниежүзілік банктің ілеспе мұнай газын тұрақты жағуды 2030 жылға дейін толығымен тоқтату туралы бастамасын қолдағаны белгілі. Соның бір дәлелі, ҚМГ компаниялар тобында қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму саласындағы негізгі стратегиялық бастамаларды қамтитын KMG – 2020 жол картасы іске асырылады. ҚМГ-да Еңбекті қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғауды басқарудың үш деңгейлі жүйесі бар: Бірінші жүйе – ҚМГ Директорлар кеңесі деңгейінде. Екіншісі ҚМГ Басқармасы деңгейінде болса, үшінші – еншілес және тәуелді ұйымдардағы комитеттер деңгейінде басқарылады. Былтыр «Самұрық-Қазына» АҚ деңгейінде еңбек қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау комитеті қызметін бастады. ҚМГ өзі қатысатын аймақтағы табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қолайлы экологиялық жағдайды сақтау үшін қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Мұның бір дәлелі, ҚМГ Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) және CREON тобы БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасымен (ЮНЕП), CREON Capital және Ұлттық рейтинг агенттігімен (NRA) серіктестікте ұйымдастырған 2019 жылға арналған рейтингте бірінші орынға ие болды. Осылайша, ҚМГ Қазақстандағы ең экологиялық жағынан ашық және жауапты компания атағын үшінші жыл қатарынан жеңіп алып, рейтингте көш бастады. Бұл рейтингтің мақсаты – қоршаған ортаға ауыртпалықты азайтуға және көмірсутегі ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруға көмектесу, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілікті бизнес жүргізу. 2019 жылдан бастап рейтингтің аясы кеңейді, яғни Ресей, Қазақстан мен Әзербайжанның мұнай-газ компанияларын қамтыған рейтинг «еуразиялық» мәртебе алды. Келесі кезеңде рейтингке Өзбекстан мен Түркіменстанды қосу жоспарланған. Рейтинг тау-кен өндіру активтерін ғана емес, мұнай өңдеу және тасымалдау бизнесіндегі компанияларды да қамтыды. Онда жетекші орындарды «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ иеленді. ҚМГ Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директор Қайрат Сақтағановтың айтуынша, компания қоршаған ортаны қорғау саласындағы көрсеткіштерді жақсартуға тырысады.
«Бағдарламалардың тұрақты және жоспарланған іс-шараларының арқасында жер бетіндегі табиғи көздерден су тұтыну шығыны азаяды және ағынды сулардың сапалық құрамы жақсарады. Маңғыстау облысында тұзсыздандыру зауыты салынуда. Жаңаөзен қаласы әкімдігімен Кендірлі демалыс аймағында тұзсыздандыру қондырғысын салу туралы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ағынды суларды ультра сүзгілеу және кері осмос қондырғыларында терең тазарту зауыттарда жылына 1,5 млн м3 дейін қалалық сумен жабдықтау жүйелерінен алынған тұщы суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, ҚМГ өзі қатысатын аймақтардағы қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға ықпал етеді», – дейді Қайрат Таубайұлы.ҚМГ-ның қалдықтарды қайта өңдеуге салған инвестициясы 2015 жылдан бері үш есе өсті, бұл қоршаған ортаны қорғауға арналған барлық шығынның үштен бірінен астамын құрайды. Компанияның энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы қызметі осы қызметтегі жүйелік менеджменттің ең жақсы және жалпыға танылған ISO 50001 «Энергия менеджмент жүйелері» халықаралық стандартына негізделген. 2017 жылдан бастап ҚМГ-да еншілес және тәуелді компаниялардың 2017-2020 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігі бойынша Жол картасы жұмыс істейді. Биологиялық әртүрлілік экологиялық әл-ауқатымыздың кепілі екені белгілі. БҰҰ Даму бағдарламасының 7 және 8 қағидаларына сәйкес «Кәсіпорындар экологиялық мәселелерге сақтықпен қарауды қолдауы керек және қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыру бойынша бастамалар көтеруі керек». Ал 14 және 15 қағидасы «теңіз экожүйелерін және құрлықтағы экожүйелерді сақтауды» көздейді. ҚМГ бұл бағытта БҰҰ-ның Жаһандық келісіміне және SDG-ге адалдығын көрсете отырып, Компания активтері орналасқан аймақтарда биологиялық әртүрлілікті (биоәртүрлілікті) сақтау және қызметтің флора мен фаунаға әсерін азайту үшін жұмыс істейді. Мысалы, ҚМГ-нің құрлықта жұмыс істейтін «Өндіру» іскерлік аймағындағы еншілес және тәуелді серіктестіктері өсімдіктер мен жануарлар дүниесін тұрақты бақылауға алған. Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық табиғатты қорғау одағына (IUCN) енген флора мен фаунаның сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өкілдерінің түрі мен санын анықтауға ерекше назар аударылады. 2018 жылғы 12 тамызда Ақтаудағы Бесінші Каспий саммитінде Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстанның қатысуымен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаны есімізде. Бұл құжатта Каспий маңы елдері Каспий теңізінде экологиялық тепе-теңдік пен Каспий теңізінің ерекше экожүйесін сақтауы керектігіне айрықша мән берілген. ҚМГ бұл бағытта өз міндетін орындап келеді. Соның бір мысалы, 2019 жылдың 29 шілдесінде ҚМГ алғаш рет өзінің барлық активтері, оның ішінде Румыния мен Грузиядағы еншілес компанияларындағы парник газдардың тікелей және жанама шығарындыларының көлемі туралы мәліметтерді қамтитын CDP (көміртекті ашу жобасы) климаттық бағдарламасы шеңберінде 2018 жылға арналған парник газдар шығарындылары туралы расталған есепті жариялады. Бұл ҚМГ ұстанатын экологиялық жауапкершіліктің бір бөлігі ғана...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ