Жастар зейнеткерге үй салып берді
Жастар зейнеткерге үй салып берді
Фото: Интернеттен алынды
Павлодар облысы Шарбақты ауданы Есілбай ауылында жастар зейнеткерге екі бөлмелі үй салып берді, – деп жазады Рavlodarnews.kz.
Шарбақты аудандық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сержан Иманқұлов: «66 жастағы Гүлнаш апа жалғыз тұрады. Есілбай ауылында үйі болған еді. Былтыр бір бөлмесінің шатыры ортасына түсті. Жөндеуге келмейді. Өзі ешкімнен көмек сұрамайді. Оған ауылдың жастары жиналып, үй салып беруге ниет білдірді. Әуел баста апамыз ұялып, бас тартқан болатын. Осы аптада үйдің құрылысы толық аяқталады», – дейді.
Асарлатып үй салған 30 шақты адам құрылыс материалдарын сатып алған. Енді  тұрмысқа қажетті техникаларды алып бермек.
«Үйдің төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Ешкімге салмақ салып, көмек сұрағым келмеді. Әркімнің өз отбасы мен жұмысы бар. Бірақ жастардың өздері қолқа салып, көмек көрсетуге ниет білдірді. Меселін қайтарғым келмеді. Ауланың ішінен үй салып, электр сымын тартты, құрылысты аяқтап жатыр», – дейді зейнеткер.