Хакім Абай жүрегіне терең бойлаған...
Хакім Абай жүрегіне терең бойлаған...
458
оқылды
Әлем мәдениетінің тұлғасына айналған хакім Абайдың арманын орындау жолында аянбай еңбек қылып, жүрегіне ғылымнан кілт жасап, терең бойлаған кісі кім? – деп сұрау жасасақ, онда бірден есімізге Ғарифолла Есім түсер еді. 30 жылдай ғұмырын Абайдың хакімдігіне арнап, өмірлік жолы етіп алған демекпіз. Хакімнің «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деге­ніне ден қойған жан. Өзі де, сол ақыл мен жүректі бір етуі үшін күш-қайратын аямай, ойшылдың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» дегенін терең ой етіп, жұмбақ адам әлеміне ену үшін қажырлы еңбек етті. Өйтпесең жұмбақ сыры ашыл­майтынын білді. Жар жағасын жаға­лай келе, 1994 жылы «Хакім Абай дүниетаны­мын­дағы Алла мен Адам болмысы» тақы­рыбында докторлық диссерта­ция­сын, 1995 жылы «Хакім Абай (дана­лық дүниетанымы)» еңбегін дүниеге әкелді. Ел ықы­ласпен қабыл етті. Өзі рақым жасап, қанағат тұтты. Ғарифолла Есім – Абайдың ха­кім­дігін, ойшылдығын таным етуге үлкен дайындықпен келген ғалым. Ол атамекен топырағының ғұлама­лары Анархарсистен бастап түркі мұсылман ойшылдарының дүние­та­нымдарын зерделеп, Иоллығтегін, Баласағұн, Фараби, Қорқыт, Ясауи, Науаи, Асан қайғыны хакімдер деп таны­ған. Осы ғұламалардың қата­рына Абайды, Шәкәрімді, Мұх­тарды қосып, өзінің «Ғұлама-наме» деп аталатын трилогиясын жарыққа шығарды. Бі­ріншісі – хакім Абайға, екіншісі – данышпан Шәкәрімге, үшіншісі – кемеңгер Мұхтарға ар­нал­ған. Ав­тордың өзі Абай, Шә­кәрім, Мұх­­тарды қазақтың төл мә­дениеті тари­хындағы «бір сөйлем секілді» құ­былысқа теңеген. Абайды сөйлем бастауышына, Мұхтар мұ­расын – баяндауышына, ал Шә­кә­рімнің «Ар білімін» сөйлемдегі ой­дың – анық­тауышына балап, үш арысты қазақ­тың ғұламалық әле­мінің бір­тұтас­тығына теңеген. Бұл сөйлемнің ас­та­рында Қазақ елі ай­тылып тұр­ғандығы санасының түй­сігі барларға түсінікті жайт екені бел­гілі. Автор­дың өзі де «Ғұлама-наме» три­ло­гиясының дү­ниеге келуі – қазақ елі Тәуелсіздікке жет­кенде ғана мүмкін болғанын айтады.  

Ол атамекен топырағының ғұлама­лары Анар­харсистен бастап түркі мұсылман ойшылдарының дүние­танымдарын зерделеп, Иоллығтегін, Баласағұн, Фараби, Қорқыт, Ясауи, Науаи, Асан қайғыны хакімдер деп таны­ған.

  «Ғұлама-наме» трилогиясының бірінші кітабында Ғарифолла Есім хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі «Шарасыздық», «Ғи­бадат», «Шын иман», Кербез», «Ес­те­лік», «Жалығу», «Қазақ­шыл­дық», «Өлшеусіз ұлы ақыл», «Ой кеселдері», «Сұрау», «Ғұмыр өзі  – хақиқат», «Билік пен байлық», «Жан мен тән» сынды пәлсапалық тұжырымға толы нақтылы ұғым­дарды герменев­тикалық тәсілмен қарастырады. Ғарифолла Есім – Абайдың хакімдігін танытқан ғалым. Бүгінде өзі де ақсақалдық жасқа жеткенде хакімдіктің хикметті сөздерін жас ұрпақтың түйсігіне түйіндеп жеткізіп келеді. Хикмет жеткізу – ол ізгі кісі арманы. Сол ізгі ісімен ол Абай мен бүгінгі қазақтың арасындағы сабақ­тастықты үзбеудің жолымен жүріп келеді. Оны Ғарифолла былай­­­ша байқатады: «Абай жолы –қазақ болу жолы!»; «Абай жолы – әлемді қазақ болып қабылдау жолы!»; «Абай жо­лы – немеренің немересі қазақ бо­лып, Абай тілінде, яғни қазақ тілін­де сөйлесіп, ұғысып Ұлы далаға иелік ету жолы!»; «Абай жолы – қазақ үшін мәңгілік жол!»; «Абай жолы – еркін ер қазақтың жолы» дей келе, «Жа­рату­шымыз қазаққа бақ берді. Ол бақ  – Абай! Абай сіздердің әрқай­сы­сыңыздың қашан да болсын кеңес­шіңіз, ақыл қосар ағайыныңыз, тағ­дырыңыз бір туысыңыз, қате­лессеңіз сыншыңыз, Алла десеңіз асыл до­сыңыз, пенделіктен алып шығар ұс­тазыңыз. Мұңайсаңыз мұң сейіл­тетін – ғұлама. Адасып жол таба алмасаңыз, жол сілтеуші – көсем. Кім бол? Мейлі жас бол, мейлі егде бол, мейлі бай, мейлі кедей бол, бірақ жанына жақын жылы сөз естігің келеді. Жылы сөз айтып жаныңды жады­рататын да – Абай. Оны оқы, оның өлеңін оқы­ғанда жүрегінің тынысын тыңда, таңырқа, сонда таза ауа секіл­ді, ішкен мөлдір су секілді, ал­дың­дағы дәм секілді, жер қонағы ақ жауындай, өне бойыңа Абай сөздері сіңе береді, сіңе береді. Абай аспандағы Айды айтпайды, күйдіріп-жандырып тұр­ған Күнді керемет демейді, жымың­даған жұлдыздарды жырла­майды. Ол адамның дүниеге енгеннен бергі көрген-түйгенін, күйге­нін, қасіретін, мұңын баян­дайды». Қалай керемет айтылған. Сөзінің артығы жоқ. Бұл дегеніңіз Ғарифолланың да кемел ойдың иесі екенін байқатады. Ол 2017 жылдың 5 мамыры күні Л.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің профессорлары, оқы­тушылары мен студенттері алдында жариялаған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым...» деп басталатын мани­фестің мазмұ­нынан да көрініс таба­ды. «Ғұлама-наме»   трилогиясының екінші кітабы – данышпан Шәкә­рімге арналған. Абайдың дана­лығына тәнті болған ғалым Шәкә­рімнің данышпандығын айналып өте ал­масын баса айтып, оның ар біліміне ден қойғанын айтады. Ол түсінікті жағдай. Абайдың дүниета­нымындағы Алла мен Адам болмы­сы, Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенінің байыбына барған кісі ар мәселесіне келіп тірелетіні белгілі. «Шәкәрім «Ай­қапқа» 1912 жылы «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» деп өтініш етіпті. Мен осы мәселеге араласуды жөн көрдім. Абай туралы арнайы кітап жазғандықтан, оның дарынды інісі әрі шәкірті Шәкәрім ой-толғамдары мені бейжай қал­дырмады» деп, Ғарифолланың өзі Шәкәрімнің бес сауалына жауап іздеп, өзіндік үн қосады. Бес сауал мы­налар: «Алланың адамды жарат­қандағы мақсұты не?»; «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?»; «Адам­ға өлген соң, мейлі не жөнмен болсын рақат-бейнет (сауап-азап) бар ма?»; «Ең жақсы адам не қылған кісі?»; «Заман өткен сайын адам­дардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?». Ғарифолла Есімнің осы бес сауалға берген жауабының мазмұнынан автордың Абай мен Шәкәрім әлемдерінің ортасында емін-еркін аралайтын жағдайға жеткенін бай­қауға болады. Бұл асыра айтқандық емес деп санаймын. Шәкәрімнің бес сауалына жауап іздеу үшін ғылым мен діннің түйісетін тұсын жақсы білу керек. Ғари­фолланың пәлсапа деп айтып, жазып жүргені сол демекпін.  

Абай жолы – қазақ болу жолы!»; «Абай жолы – әлемді қазақ болып қабылдау жолы!»; «Абай жо­лы – немеренің немересі қазақ бо­лып, Абай тілінде, яғни қазақ тілін­де сөйлесіп, ұғысып Ұлы далаға иелік ету жолы!»

  Автор трилогияның үшінші кітабын Мұхтар Әуезовке арнаған және кітап атауын «Кемеңгер Мұх­тар» деп атаған. Бұл атау біздің ойы­мызша, Ғарифолла Есімнің Мұх­тарға дән ризашылығынан, оның ке­меңгерлігінің сырын ұққан­дығынан туындаған деп санай­мыз. Автор коммунистік идеология қыс­пағынан «Абай жолы» өз маз­мұ­нымен қалай өтіп кеткеніне таңыр­қай қарап, Мұхтар Әуезов кезіккен бес қиын­шылықты себеп-салдары­мен жіктеп береді. Және комму­нистік режим кезінде дүниеге келген Мұх­тар Әуе­зовтің «Абай жолы» романын тәуелсіз оқырман қалай қабылдауда. Қоғам­дық сана жаңғыруы­ның «Абай жолы» секілді керемет шы­ғармаға қандай әсері бар?» деп, бүгінгі қазақ жаста­рына «Абай жолы» астарындағы жа­сы­рын білімді ашуға көмек ұсынады. Сөйтіп, Абай жолы­ның 4 кітабын бүге-шігесіне дейін жіктеп, санаға орын-орнымен орнықтырып бе­реді. Бірінші кітапта он үштегі Абайға тоқталып, бірнеше мәрте Абай портреті жасалып, әке Құнанбаймен арақатынасы беріледі. Әке мінезі әңгіме етіледі. Екінші кітапта тағы да Абай портреті және сонымен бірге Құнанбай портреті жасалады. Дәл осылайша үшінші және төр­тінші кітаптарда да Абай портреті беріліп отырады. Осыған қарағанда Ғари­фолла Есім Абайдың 13 жасы­нан бастап, оның тұлға ретінде өсу ди­намикасымен бірге ойшыл­дың айна­ласында болып жатқан оқиға­ларды сырт қалдырмай, оны керісін­ше ха­кімнің қабылдау мен қатынасы тұр­ғысынан зерделей түскен деп ой қо­рытамыз. Сөз соңында айтарымыз, хакім жүрегіне терең бойлаған кісі – Ғарифолла Есім, қазақ елінің бастау­шысы мен баяндауышын, оның анықтауышын да бір сөйлем етіп, істің себебін іздеушісі болған қазақ­тың бүгінгі хакімі.  

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері