Ол бірнеше кемшіліктің бар екенін айтып, қадау-қадау мәселелерді белгілеп берді. Атап айтар болсақ, «біріншіден, қазақ әдебиетінің кейбір көрнекті өкілдері – классик ақын-жазушылардың шығармалары оқу бағдарламасына енгізілмеген. Атап айтқанда, Ғабиден Мұстафин, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов және басқа да белгілі қаламгерлердің еңбектері тыс қалған. Оның орнына оқулықтарда қалың жұртшылық біле бермейтін, әдеби ортада әлі толық мойындала қоймаған ақын-жазушылар кездеседі. Сонымен бірге кейбір сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығына Д.Лондон, Р.Ғамзатов, Э. Хемингуэй, А.Пушкин сияқты шетел ақын-жазушыларының еңбектері енгізілген. Екіншіден, оқулықтар, негізінен күрделіден қарапайымға өту тәсілін қолдана отырып әзірленген. Атап айтқанда, 7-9-сынып оқушылары М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы немесе І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы сияқты күрделі шығармаларды оқиды. Ал 10-11-сынып оқушыларына, керісінше С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі немесе Ш.Мұртазаның «Тәуекел той» әңгімесі сияқты жеңілдеу шығармалар берілген. Үшіншіден, жекелеген қаламгерлердің өмірбаяны мен шығармасы бірнеше сыныпта оқылады. Оған қоса, кейбір ақын-жазушылардың шығармалары бір оқулықтың ішінде бірнеше мәрте оқылатын жайттар кездеседі. Төртіншіден, орта және жоғары сыныптарға (5-11) арналған оқулықтардың мазмұнында бірізділік жоқ. Мысалы, біресе хронологиялық қағидат басшылыққа алынса, біресе тақырыптық қағидат басшылыққа алынған. Осы ретте, «Қазақ әдебиеті» оқулығы 5-11-сыныптарда өзара байланысқан, бір-біріне жалғасқан тақырыптарды қамтуға немесе төл әдебиетіміздің хронологиялық дамуына негізделуі тиіс деп ойлаймыз» деп нақты мәселелерін атап көрсетеді.
«Қазақ әдебиеті» оқулығындағы олқылықтар туралы бұған дейін де талай айтылып келді. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өзекті мәселені қозғап отыр. Ол Мемлекет басшысы осы талдау қорытындысымен танысып, Білім және ғылым министрлігіне мәселені мұқият зерделеуді және кемшіліктерді жоюды тапсырғанын атап өтті.
«Қазақ әдебиетіндегі» қателіктер неден кетті?
Профессор Айгүл Ісмақова бұған дейінгі «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын арнайы мамандардың дайындамағанын айтады. «Бізде «Оқулық» орталығы бар. Ол орталық баспамен өздері жеке жұмыс істейді. Әр баспа орталықпен келісіп, авторларды өздері іздеп, өздері дайындайды. Әрі оқулық қысқа уақыт ішінде дайындалады. Әрі кетсе, 3 ай. Жап-жас авторларды тауып алады. Олар не істейді? Ғалымдардың дайын кітаптарынан үзіп-жұлып алады да, оқулыққа енгізе салады. Көбісі – плагиат. Бізге мектеп мұғалімдері жиі хабарласады. «Мына кітапты оқушыларға қалай оқытамыз?» деп жыларман болады. «Махамбет жоқ. Ілияс Жансүгіров қалып қойды» деп шырылдайды. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бар. «Қазақ әдебиеті» оқулықтары осы институтқа сараптамаға жіберілуі керек қой», – дейді. Ғалымдар оқулықты дайын болғаннан кейін ғана сараптай алады. Оған дейін оқулықтың дайындалу процесі көрсетілген емес. Сапасыз оқулық шығуының себебі осында секілді. «Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің басты екі қару-жарағы бар: біріншісі, кәсіби дайындығы бар мұғалім, екіншісі, сапалы оқулық» деген болатын. Кәсіби мұғалімдер бар шығар, оқулықтың сапасы түзелмей, жақсы білім бере алмайды. Тәуелсіздік кезеңінде оқушыларды сапалы оқулықпен қамтамасыз ете алмасақ, бұл – ұлтқа сын», – дейді профессор Айгүл Ісмақова.Аймағамбетов олқылықты түзей ала ма?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта мектепте оқытылатын «Қазақ әдебиеті» пәнінің мазмұны, құрылымы, тіпті бағдарламасы да түбегейлі өзгеретінін айтып отыр. Ол: «Әдебиетші ғалымдарды, білікті ұстаздарды, осы саланың мамандарын басын қосатын арнайы комиссия құрылып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасы, бағдарламасы мен оқулығы қайта пысықталмақ», – дейді. Әзірге комиссия қашан құрылатыны, оған кімдер кіретіні белгісіз.Ғалымдар оқулықты дайын болғаннан кейін ғана сараптай алады. Оған дейін оқулықтың дайындалу процесі көрсетілген емес. Сапасыз оқулық шығуының себебі осында секілді.
«Егер комиссия қажетті мамандарды іріктеп алмай, бұрынғы күйінше «Оқулық» орталығында әзірленетін болса, онда өзгеріс болмайды», – дейді профессор Айгүл Ісмақова. Жалпы, оқулықтың қайта дайындалатынына, оқыту әдіснамасы өзгеретініне ғалымдар қуанып отыр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов: «Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың «Қазақ әдебиеті» оқулығына қатысты айтып отырған мәселесі өте өзекті. Жалпы, бұл мәселе қоғамда бұрыннан қордаланып келе жатқан дүние. Өткен жылы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қала әкімдігімен бірлесе отырып, «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Оған ғалымдар, мектеп мұғалімдері қатысты. Қазіргі қазақ әдебиетін оқытудағы олқылықтар мен кемшіліктері жөніндегі ойларын ортаға салған еді, – дейді. Оның айтуынша, еліміздегі білім жүйесіне жаңартылған білім беру бағдарламасын енгізген кезде осындай олқылықтар орын алды. Кембридж университетінің оқыту бағдарламасын алып келіп, оны ағылшыннан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударып, бірден енгізіп жіберді. Әрине, жаңартылған білім беру мазмұнының жақсы жағы да көп. Осы жақсы жағын ала отырып, ескі реформадағы озық тәжірибелерді де қосу керек еді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде әзірленген оқулықтарды жазатын авторлар да іріктелмеген. «Ең алдымен, «Қазақ әдебиетін» оқыту бағдарламасының өзі дұрыс жасалған жоқ. Оқулық жазатын авторлардың басты сүйенетін критерийі не? Ол – бағдарлама. Әдебиетті оқытуға қойылатын талап бар. Ол талаптың өзі шетелдің үлгісінен көшірілген. Ол біздің негізгі ерекшеліктерімізге келе бермейтін жағдайы бар. Бұрын балалардың жас ерекшеліктерін, психологиясын ескере отырып, соған лайық шығармалар таңдап алынатын еді. Осы жолы ондай ерекшеліктер ескерілген жоқ. Өйткені жаңа білім бағдарламасы мүлдем бөлек болды. Оқулық та соған әзірленді. Сөйтіп, біз кемшіліктер жіберіп алдық», – дейді К.Матыжанов. Ал енді құрылғалы отырған комиссия нені ескеруі керек? Оқулық дайындауда не есепке алынғаны жөн? «Ең алдымен, оқулық жазатын авторларды таңдау керек. Мектеп мұғалімдерімен қатар, маман әдебиетшілерді де қатыстырған жөн. Өйткені оқулық жазатын мамандар әдебиеттің курсын толық білмейтін болса, қандай классик бар, оның қандай шығармалары бар деген дүниелер мектеп бағдарламасына енбей қалады», – дейді Кенжехан Матыжанов. Оқулық дайындауда тағы бір мәселе туындайтыны анық. Авторды кім таңдайды? Орталық па, баспагер ме? «Қазір баспаларға ерік беріп тастады. Баспа өзіне таныс бір мұғалімге тапсырыс береді. Ол мұғалімнің қандай дәрежедегі теориялық білімі бары ескеріле бермейді. Сондықтан оқулық дайындауды баспаға беру қажет емес. Олардың міндеті – дайын, сапалы кітапты басып шығару. Ал оқулықтың мазмұнын министрліктің қарамағындағы мекемелер мен ғалымдар анықтауы тиіс. Сосын қазақ әдебиетінің әдіснамасын қалыптастыратын мамандарды даярлау қажет», – дейді институт директоры. Әр ұлттың мәдени ерекшеліктеріне сай оқулықтары да әзірленуі керек. Шетел тәжірибесін пайдаланған дұрыс шығар, бірақ ол көшіріп алу деген сөз емес. Математика оқулығын әдебиет пәні мұғалімі әзірлесе не болады? Сол себепті әр оқулықты өзі білетін мамандар әзірлегені дұрыс. Әрі ол балалардың жас ерекшеліктерін ескергені жөн. 5-сыныптың баласына 11-сыныпта оқитын сабақты оқыта алмайтынымыз анық. Алдағы уақытта министрлік комиссия құрып жатса, осы мәселелер шет қалмаса екен дейміз.