Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Goldman Sachs компаниясының президентімен кездесті.
Кездесуде компанияның Қазақстандағы қызметінің негізгі бағыттары, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының шеңберіндегі ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы Дэвид Соломонға компаниясының Қазақстандағы жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруға қатысқаны, сондай-ақ, 2018 жылы АХҚО биржасы акционерлерінің қатарына кіргені үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Goldman Sachs компаниясымен ынтымақтаса отырып Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, АХҚО-мен өзара іс-қимыл аясын кеңейту және қазақстандық компаниялардың IPO-ға шығуына жәрдемдесу мәселелерінде бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді.