Карантиннің де пайдасы бар екен
Карантиннің де пайдасы бар екен
© коллаж: Елдар Қаба
154
оқылды
 

Ажырасу төрт есеге дейін азайды

Ең әуелі отбасы жақсылығына келер болсақ, карантин кезінде Жамбыл облысында ажырасу төрт есеге дейін азайған. Облыс әкімдігі аппаратының азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, ка­рантин бастау алған 1 наурыз бен 3 қыркүйек аралығында 3 102 неке қиылып, 431 отбасы ажырасқан екен. Өткен жылғы дәл осы кезеңде 4 105 адам некеге тұрса, 1 692 азамат некесін бұзған. Бұл сандарға қарап отырсаңыз, был­тырға қарағанда биыл некеге тұру да, ажырасу да азайғанын көруге болады. Әсіресе, шаңырағы шай­­қалып, ортасына түскен от­басылардың саны үш есеге ке­міген. Бұл, әрине жанға жылу бе­ретін ақпарат. Тараз қаласына келетін бол­сақ, 1 наурыз бен 3 қыркүйек ара­лығында 1 297 адам үйленіп, 231 отбасы ажырасқан. Өткен жыл­мен салыстырсақ,  былтыр 1 750 адам некеге тұрса, 804 азамат осы кезеңде некесін бұзған. Мұнда да үйлену де, ажырасу да алдыңғы жыл­ға қарағанда азайғанын аң­ғару қиын емес. Қала бойынша ажырасқан отбасылардың саны тіпті төрт есеге кемігені қуантады. – Көрші үйден коронавирус жұқтырған тұрғын анықталған соң біздің үйді де карантинге жапқан болатын. 14 күнге жете­тін азық-түлік қорымыз бол­маса да, Тараз қаласы әкім­дігінен келген азаматтар екі ап­та бойы азық-түлікпен, қа­жет­ті тұрмыстық зат­тармен қам­тамасыз етті.  Сол кезде тіпті көр­шілермен де сөйлесуге ты­йым салынғандықтан, үйде бала тәрбиесімен отырдық. Са­бақтарына барынша көңіл бө­ліп, спортпен шұғылдандық. Жол­дасым жұмыс бабымен бір­де Қы­зылордада, бірде басқа қа­лада жүретіндіктен түсіне алмай қалатын кездеріміз көп болып жүр­ген. Карантиннің бір пайдасы күйеуіммен түсінісіп, балаларым да әкелерімен ойнап, құмарлары қанды, – дейді Тараз қаласында карантинге алғаш жабылған Қарасу алқабы №38-үйдің тұрғы­ны  Аягөз Маялиева. Демек,  карантин жұптардың түсінісуіне жәрдемдескен. Был­тыр­ғы жылға қарағанда облыс кө­лемінде де, Тараз қаласында да ажырасу фактілері 3-4 есеге азайғаны осыны айғақтап тұрған­дай. Осы қырынан келгенде ай­лап карантинде жатқан отбасы мүшелері жұмысты ұмытып, от­басына көңіл бөлуге мүмкіндік алған. Сондықтан әлемдік пан­демияға әйелдер қауымы алғыс айтатын сияқты.  

Жастар жаппай үйленіп жатыр

Енді карантин кезінде үйлену неге азайып кетті дегенге келсек, оған нақты жауап та бар. Бұл ке­зеңде тойханалардың есігі жа­былып, көпшілік қуанышын бө­лісе алмады. Алайда карантин шаралары жеңілдетілген бойда неке қиюға өтініш  бергендердің саны күрт өсіп отыр. Мәселен, 9 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында бір ғана Тараз қаласы бойынша  651 жұп некесін қиюға құжат тап­сырған.  Карантиннің 6 айында қала бойынша  1 297 адам ғана үй­ленгенін ескерсек, 1 ай ішінде 651 адамның өтінім беруі сөз жоқ үлкен ілгерілеу. – Жыл басынан үйленуді жос­парлап жүргенмін. Сөз байласып қойған қызым да дайын болатын. Алайда карантин қолды байлап, той күнін кейінгі шегеруімізге тура келді. Содан ай-айға жалғанып, күзге бір-ақ жеттік. Осылай отыра берсек, биылдан қалып кететінімді түсініп, оған қоса карантин ша­ра­лары жеңілдетілгендіктен  «қол­дан ұзатып береміз» деп отыр­ған құдалардың рұқсатымен қыз­ды алып қаштым. Сөйтіп, есік алдында шағын беташар жа­сап, енді тойды кейінге қал­дырып отырмыз. Мұны қайын жұртым да қолдауда. Себебі қа­зіргідей қиын кезде той жасау  оң­айға  соқпайды. Алайда бір таң­ғалғаным күз келген бойы өз көшемдегі үш жігіт үйленді. Сол секілді тамыр-таныстарымның арасында да үйленіп жатқандар көп. Осылайша, жастардың жап­пай үйленуіне  карантин ша­раларының жеңілдетілуі  түрткі болған секілді, – дейді Тараз қала­сының тұрғыны Нұрбек Оспанов. Иә, байқап тұрсаңыздар ка­ран­тин шаралары жеңілдетілген бойы жастар жаппай үйленіп жатыр. Бұл да болса әлемдік пан­демияның бір пайдасы десек бо­лады.  

Жүкті  әйелдердің  саны артты

Естеріңізде болса, корона­вирус кеселі әлемді шарпыған алғашқы айында Қытай мемле­кетінде ажырасу фактілері жиі­леп кеткенін естігенбіз. Ал Жам­был облысында, керісінше ажы­расу азайып, жастардың некеге тұруы кейінгі айда қарқын алу­да.  Бұдан бөлек, әлемдік пан­демияның демографиялық дүм­пуге де өзіндік әсері болған се­­кілді. Мәселен, облыстық Ден­саулық сақтау басқармасы бер­ген ақпаратқа сүйенсек, соңғы 8 айда 6 255 нә­ресте дүниеге кел­ген. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда, 46 балаға артық. Ал ең қызығы – 1 наурыз бен 1 қыр­­күйек аралығында 382 әйел жүкті ретінде емханаға тіркелген. Медицина мамандарының ай­туынша,  әйелдің жүктілігі 12 ап­­тасына дейін  тіркеуге алынады екен. Демек, наурыз айынан бас­талған карантин кезеңде ерлі-зайыптылардың үйде болуы от­басы мүшелері санын көбейтуге өз үлесін қосқаны анық болып тұр. Енді аталған 382 әйел жақын айларда босанса, бұл жыл соңына дейінгі көрсеткішімізді тағы жақ­сарта түсетіні даусыз.     P.S.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев  «Жаңа жағ­дай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында   от­басылық-де­мографиялық ахуал  зор алаңдау­шылық тудырып отырғанын баса айтты. Президент, әсіресе кейін­гі жылдары ерлі-зайыптылар ара­сында ажырасу фактілері жиілеп кеткенін, оған бірден-бір себеп жас от­басылардың бала сүйе ал­мау мәселесі екенін  өзекті  етіп кө­­­тер­ді. Осыған орай, Қасым-Жомарт Кемелұлы келер жылдан бас­тап  «Аңсаған сәби» жобасын жандандыруды тапсырды. Әрине, мұндай ауқымды шаралар отбасы құндылығын сақтауға өзіндік үнін қосатыны анық. Ал карантиннен кейінгі қазіргі жағдайда – бұл бастама жамбылдықтар үшін нұр үстіне нұр болғалы тұр.

 

Саятхан САТЫЛҒАН