Бір қызығы, топтағы төрт құраманың да ұпайлары бірдей. Яғни, әрқайсысы 3 ұпайды теңдей бөліп алды. Әзірге, гол айырмашылығымен Қазақстан ұлттық құрамасы көш басында тұр. Топтың басты фавориті саналған Албания бірінші кездесуінде Беларусь құрамасынан басым түскенімен, өз алаңында өткен ойында Литва құрамасынан жеңіліп қалды. Бұл біздің құрама үшін қуанышты жаңалық болды. Вильнюста өткен ойында Литва қақпасына қос гол соғып желпінген футболшыларымыз, Алматыда Беларусь құрамасына 1-2 есебімен есе жіберді. Аталған кездесуде Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек әу баста өз алаңымызда жеңілмеуді ойлады. Сондықтан алаң иелері қорғана жүріп, қарымта шабуылға иек артты. Бірінші кезеңде екі құрама бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Ал екінші таймда қонақтар шабуылын үдетті. Нәтижесінде белорустық қорғаушы Максим Бордачев гол соғып, құрамасын есепте алға шығарды. Бұдан әрі қазақстандықтар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 62-ші минутында Ян Вороговскийдің соққысын сәтсіз қайтарған қақпашының қателігін Абат Айымбетов өз пайдасына жаратып,ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты. Ойынның соңғы минуттарында қорғаушымыз Гафуржанның ауттан берген қате пасына қорғаушыларымыздан бұрын жеткен жас шабуылшы Виталий Лисакович өз құрамасына ауадай қажет болған үш ұпайды сыйлады. Енді қалған ойындарда топтағы төрт құрама да турнирлік кестеде жоғарыдан орын алып, топтан шығуға барын салады. Алдағы кездесулерден Қазақстан ұлттық құрамасының деңгейін, шама-шарқын аңғаратын боламыз.
А.ЖАСАНҰЛЫ