Денис Шелкоплясов: Түтін датчиктерін тегін орнатсақ та, пешке от жаққанда салғырт қарайды
Денис Шелкоплясов: Түтін датчиктерін тегін орнатсақ та, пешке от жаққанда салғырт қарайды

ҚазАқпараттың мәліметінше, жылыту маусымы қарсаңында Ақмола облысында көпбалалы отбасылардың үйіне түтін датчиктері орнатылып жатыр.

Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Денис Шелкоплясовтың айтуынша, түтін датчиктері көпбалалы отбасылардың үйіне тегін орнатылады.

«Облыста осындай 499 датчик орнатылды. Тағы 303 датчик орнату жоспарлануда. Сонымен қатар табысы төмен және халықтың әлеуметтің осал топтарына көпбалалы отбасыларға басты назар аударылады», ­­- деді Денис Шелкоплясов.

Сондай-ақ, ол брифингте 2018-2019 жылдары жылыту маусымы кезеңінде түсіндіру, үгіт-профилактикалық жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, облыста 328 өрт оқиғасы тіркелгенін, 36 миллион 360 мың теңге материалдық шығын келгенін айтты. Сегіз адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Өрттен 17 адам қаза болған. Былтырғы жылу беру кезеңінде ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері 21 адамның өмірі мен 20 миллион теңгенің материалдық затын өрттен аман алып қалған.

Денис Шелкоплясов: «Өрттің негізгі себептері тұрғындардың от жағу кезінде салғырттық танытады. Пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережесін сақтамайды», - деді.

Еске сала кетейік, былтыр астанада пештен шыққан өрттен бес бала қайтыс болған қайғылы жағдайдан соң, түтін датчиктерін тегін орнату бастамасын қолға алған болатын.