Сырт алаңдағы маңызды жеңіс
Сырт алаңдағы маңызды жеңіс
Бес күн бұрын өз алаңында Черно­гория құрамасынан 0:4 есебімен есе жіберген футболшыларымыз бұл жолы Израильден маңызды 3 ұпайды алып қайтты. Бірінші тайм аяқталар тұста Эльхан Астанов есеп ашты. Алаң қожайындары 91-ші минутта қарымта шабуылда таразы басын теңестірген. Дегенмен Алмас Құлшынбаев шә­кірттері қайсарлық танытып, 94-ші ми­нутта жеңісті жұ­лып алды. Шабуылшы Оралхан Өміртаев айып алаңға кіре берер тұста алыс бұрышқа айналдыра соққы бағыттап, теңбіл доп­­ты торда тулатты.  Осы жеңісінен кейін Қазақстан 10 ұпай еншілеп, топта екінші орынға көтерілді. Іріктеу сатысын қазақстандық фут­болшылар сәтті бастаған еді. Ал­дымен сырт алаңда Фарер аралдарын 3:1, Черногорияны 2:1 есебімен сүріндірді. Одан кейін өз алаңында Испаниядан 0:1, Израильден 1:2 есе­бімен жеңіліп қалған болатын. Ал бесінші кездесуінде Солтүстік Македониямен 1:1 есебімен тең түс­ті. Алтыншы ойында өз ал­аңында Черногорияға 0:4 есебімен жеңіліп, топтағы жағдайымыз қиындай түскен. Жетінші ойында жеңіс біз жақта болды. Енді Қазақстан жастар құрамасы үш ойын өткізеді. Алдымен 8 қазанда өз алаңында Солтүстік Македониямен кездессе, 13 қазанда сырт алаңда Ис­­­паниямен жасыл алаңға шығады. Соңғы ойынында, 17 қарашада Фарер аралдарын қабылдайды. Естеріңізге сала кетелік, 21 жас­қа дейінгі жастар құрамалары ара­сындағы Еуропа чемпионаты 2021 жылдың 9-26 маусым аралығында Венгрия және Словенияда өтеді. Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.  

Абылайхан ЖҰМАШ