Түркияның Ван шығыс провинциясының соты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды әлеуметтік желіде қаралағаны үшін ер адамды бас бостандығынан айырды.
MK-Turkey ақпарына сәйкес Бурхан Борак 2014 жылы әлеуметтік желіге Ердоғанды қаралап салған жазбалары үшін 12 жыл 3 айға темірторға қамалды. Судья жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы өтінішті қабылдамады. Бұған дейін мұндай бағыттағы жазбалар үшін Түркияда 1 жыл 9 ай ғана жаза кесілетін еді.
Борактың қорғаушысы бұл Түркия президентіне тіл тигізгендерге кесілген ең ұзақ мерзімді жаза екенін айтады.
Түркияның Қылмыстық Кодексіне сәйкес ел президентін қаралағаны үшін 1 жылдан 4 жылға дейін ғана бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Кибер-құқық бойынша сарапшы Яман Акдениздің сөзінше 2010-2017 жылдар аралығында президентті балағаттау айыбымен 12 мың 893 іс қаралған.