Қазақстанда интернет-дүкен және электрондық хабарландыру тақтасын бір алаңда біріктіретін GoSauda онлайн сервисі іске қосылды.
– Хабарландыру тақтасы мен интернет-дүкенді біріктіру идеясы біздің нарыққа жетіспей отыр. Жеке-жеке жұмыс жасайтын қосымшалар мен платформалар өте көп. Ал бүкіл қажеттінің бәрін бір жерде біріктіретін әмбебап платформа жоқ. Сондықтан біз осы алаңда алғашқылардың бірі болып отырмыз, – деп атап өтті жоба ұйымдастырушыларының бірі Айбек Жартыбаев.
Сайт жеке тұлғаларға да, бизнес өкілдеріне де тауарлар мен қызметтерді онлайн арқылы сатуға және сатып алуға мүмкіндік береді. Gosauda Push-хабарлама арқылы сатушы мен сатып алушыны тікелей ешқандай делдалсыз байланыстырады.
Сервис қолданушылары алдын ала мобильдік телефоны арқылы тіркелу немесе Facebook-тегі аккаунтына кіру арқылы өз хабарландыруларын жариялай алады. Тіркеу кезінде электрондық поштаның аты, логині мен құпиясөзі, сондай-ақ, мобильдік телефон көрсетіледі. Заңды тұлғалар компания шынымен де кәсіпкерлік қызметпен айналысатын-айналыспайтындығын анықтау үшін сервистің ішкі тексеруінен өтуі керек.
Осыдан кейін заңды тұлғалар өз компаниясының бизнес-парақшасын ашып, оны толтыру арқылы GoSauda платформасында өз интернет-дүкенін аша алады. Бұл парақшада компания атауы, логотипі, баннері, байланыс ақпараты, компанияның сипаттамасы (қызмет түрі, кәсіпорын үлгісі) және тауарлар мен қызметтердің ассортименті көрсетіледі. Сондай-ақ, платформада бірқатар ақылы сервистер де қарастырылған.
Хабарландырулар «Сән және стиль», «Балалар әлемі», «Көлік», «Электроника», «Жылжымайтын мүлік», «Үйге және кеңсеге арналған заттар», «Қызметтер», «Хобби, демалу және спорт», «Жұмыс», «Жануарлар», «Сұлулық пен денсаулық», «Азық-түлік өнімдері» сынды 12 санат бойынша жіктеледі.
Қазіргі таңда сервис орыс және қазақ тілдерінде қолжетімді, таяу келешекте ағылшын тіліндегі нұсқасы пайда болады.
Веб-сайтқа қоса, Gosauda-ның iOS және Android платформаларына арналған қосымшалары жасап шығарылды.
– Біздің басты міндетіміз – қажетті заттарды тауып, саудаға қойып, компанияларға жазылып, олардың хабарламаларын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін оңай мобильдік қосымшаны нарыққа ұсыну және қолданушының жасына қарамастан бірден түсінікті болатын дизайнда жасап шығару, – деп атап өтті Gosauda жобасының жетекшісі Айбол Бисенкүл.