Ұлттық денсаулық сақтау орталығы инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов тұмауға қарсы вакцинаның бағасын және қай жерде тегін алуға болатынын айтты. «Тәуекел тобындағы адамдарға міндетті түрде бюджет есебінен 2 млн доза сатып алынды. Жұқпаға қарсы екпелер елді мекендердегі тұрғылықты жеріне жақында орналасқан медициналық мекемелерде (емханаларда) жасалады. Жалпы, өзінің қаржысы есебінен екпе аламын дегендерге ақылы түрде ұйымдастырылады. Вакцинаны дайындаған еліне байланысты екпе бағасында айырмашылық болады. Яғни ресейлік әрі Франция вакциналары бар. «СҚ-Фармация» мәліметінше, олардың бағасы 2200 теңгеден 4500 теңге аралығында», - деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде. Оның айтуынша, халықтың 10 пайызынан астамы бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде аурудың төмендеуіне елеулі әсер етеді.