Батыс Қазақстанда 60-тан астам дала өрті тіркелген
Батыс Қазақстанда 60-тан астам дала өрті тіркелген
© Сурет ғаламтордан
5,226
оқылды
Батыс Қазақстан облысында биыл орман және дала өрттері көбейіп кеткен. БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубековтің мәлім еткеніндей, өңірде 5 қыркүйекке дейін 1200 гектардан астам жерді шарпыған 14 орман өрті тіркелді. Сондай-ақ 56 мыңнан астам гектар жерде 61 дала өрті және 7954 гектарда 313 жану оқиғасы болды. Өткен жылдың осы кезеңінде 3 орман өрті, 7601 гектарға жайылған 227 жану оқиғасы болған еді. Биыл дала өртінен, әсіресе, Ақжайық (11 жану, 399 га), Бәйтерек (38 жану, 758 га), Бөрлі (31 жану, 788 га), Қаратөбе (16 жану, 663 га), Сырым (15 жану, 1156 га), Тасқала (23 жану, 979 га), Теректі (10 жану, 140 га), Шыңғырлау (19 жану, 360 га) аудандары және Орал қаласы (12 жану, 100 га) көбірек зардап шекті.
«Өрт қаупі әлі де сейіле қойған жоқ. Өйткені облыстың барлық аумағында қыркүйек айының екінші онкүндігінде өрт қаупі сақталады. Күн 30 градусқа дейін ысиды, тек айдың аяғына қарай жаңбыр жауады деп болжануда. Сондықтан тұрғындар отпен абай болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтағаны жөн», деді Н.Таубеков.