– Коронавирустың екінші ықтимал толқынына дайындық аясында Қазақстандағы медициналық мекемелерде 3 мыңға жуық жан сақтау бөлімі құрылады. Бүгінде 19 мың 66 инфекциялық төсек-орын бар, оның 15%-ында сырқаттар жатыр. Ал жан сақтау бөлімдерінде тек 1 522 орын бар, оның 14%-ы жүктелген, – деді Б.Қожахметов. Инфекциялық және провизорлық орталықтарда 3 379 өкпені жасанды желдету аппараты бар, қосымша 2 619 бірлігі сатып алынуда, оның 1 500-і – отандық өнім. Қазақстанда жасалған аппараттарды жеткізу жуық арада басталады. Жыл соңына дейін жедел-жәрдем қызметі өзімізде құрастырылған 1 167 жедел жәрдем көлігімен жабдықталады. Шалғайдағы ауылдар үшін 100 медициналық кешен сатып алынады. «Екі айға қор дайындау үшін жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеге халық арасында жоғары сұранысқа ие 44 дәрі-дәрмек түрі сатып алынуда. Бұл ауруханаларда шамамен 60 мың науқасты емдеуге жеткілікті. Сонымен қатар амбулаторлық деңгейде де дәрі-дәрмектің тізімі көбейеді. Орташа есеппен 1 миллион адамды қамтуға жететін аурудың алдын алуға ауадай қажет 5 түрлі дәрі сатып алынды», – деді ол.
Айхан ШӘРІП