«Ең үздік спектакль» номинациясы «Адамзат» спектакліне берілді
«Ең үздік спектакль» номинациясы «Адамзат» спектакліне берілді
349
оқылды

Семейде ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына арналған XXVII Республикалық театр фестивалінің жабылу салтанаты өтті.

Алты күн бойы елімізге танымал 12 театр ұжымы үздік қойылымдарын сахналап, дүйім көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

– Қай кезде де қоштасу қиын. Бүгін міне, кілең мықтылардың ішінен ойып тұрып орын алған үздіктерді анықтадық. Осындай фестивальдар әр өнер иесінің тұлғалық дамуына және өсуіне әсер етеді. Әлі талай театр мерекесінде кездесеміз,– деді Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов.

Фестивальдің жабылу шарасында Әмина Өмірзақованың сахнада ойнаған 30 рөлінен үзінді қойылып, қысқаша өмірбаяны баяндалды.

Өнерпаздар мен өнер ұжымдары 13 аталым және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталды.

«Ең үздік спектакль» номинациясы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Адам-зат» спектаклі үшін берілді. Жүлде қоры 1,500 000 теңге.


Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлде қоры 1,000 000 теңгені құрайтын арнайы жүлдесі «Дариға-ай» жастар театрына табысталды.

 «Үздік көркемдік шешім» номинациясы бойынша Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры «Періште» спектаклі үшін,

«Үздік режиссура» номинациясы бойынша «Жан дауысы» спектаклі үшін Фархат Молдағали,

«Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша «Ләйлі-Мәжнүн» спектакліндегі «Ләйлінің анасы және кемпір» рольдері үшін Ботагөз Мақсұтова,

«Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша «Әлиханның аманаты» спектакліндегі «Әлихан» ролі үшін Медғат Өмірәлиев,

«Қазақстанның театр өнеріне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Абай» спектакліндегі «Абай» ролі үшін Бақытбек Темірбеков,

«Үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Евгений Онегин» спектаклі,

«Тарихи тақырыпты игерудегі ізденістері үшін» номинациясы бойынша Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры «Ахметтің аманаты» спектаклі,

«Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясы бойынша «Қанды азу» спектакліндегі «Бораш» ролі үшін Елдос Масалимов,

«Ең үздік екінші пландағы әйел адам бейнесі» номинациясы бойынша «Театр 180º» спектакліндегі «Дотти» ролі үшін Гүлмира Жакилина,

«Үміт» номинациясы бойынша «Балалық шаққа саяхат» спектаклінің режиссері Жангелді Садықов,

«Үздік дебют» номинациясы бойынша «Театр 180º» спектаклі үшін «Nomad» театры,

«Шығармашылық жетістіктері үшін» номинациясы бойынша «Дауыс. Дау іс» спектаклі, «Дариға-ай» жастар театры марапатталды.

Айта кетейік, осындай ауқымды шараның Семейде өтуі заңдылық. Себебі, елімізде алғашқы театр өнерінің шымылдығы түрілген рухани астанасы саналады. Сонымен қатар, Семей қаласы театр өнерін дамытып, талай өнерпаз театр саңлақтарын ұшырған қасиетті мекен. Кеңес дәуірінде де еліміздің егемендік алған жылдары да Семей қаласында осындай ауқымды республикалық театр фестивалі тұңғыш рет өтуде. Алдағы уақытта осындай шаралар қанатын кеңге жайып, әр өнер сүйер қауымды ерекше қойылымдармен тәнті етері сөзсіз!