Заңдағы саңылау – жемқорға мүмкіндік
Заңдағы саңылау – жемқорға мүмкіндік
199
оқылды
Осыдан кейін ниеті қарау, қолы арам жемқорлар төл қал­тасын қампайтар тетіктерді жап­пай заңдастырып алмауы үшін заң жобаларына алдын ала антикор­руп­циялық сараптама жүргізу рәсімі енгізілді. Кейін ол үлкен жанжалмен алып тас­талды.  

Неге?

Өйткені заң жобалары мен нормативтік-құқықтық актілерге (НҚА) «сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама» (СЖҚС) жүр­гізудің өзі ел қаржысын талан-тараж ету құралына айналып кеткен. Мұны Парламент депутат­тары қатаң сынға алды. Бюджеттің қыруар қаржысы шығындалып, арнайы тапсырыс беріліп жасал­ған сараптаманың көбі шынында іске алғысыз, жұмысқа жарамсыз дүние болып шықты. Үкіметтен заң жобасына ілесе келетін бір бума қағазды әрлі-берлі аударыс­ты­рып, оң қорытындыдан басқа ештеңе таппаған депутаттар оны қоқысқа тастай салатынды шы­ғарды. Сараптаманың жойылуына бірнеше фактор әсер етті. Бірін­шіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың көбісі заң жобасының ғылыми-құқықтық сараптамасының көшірмесі ғана болатын. Соған қарамастан, осы екі сараптамаға жеке-жеке ақша төленеді. Бұл қос сараптаманы жүргізу әдістемелеріндегі олқы­лық, сарапшылар біліктілігінің төмен деңгейі, олардың жауап­сыздығы, бюджет қаражатын бөлу тетігінің адал болмауы кесірінен орын алды. Екіншіден, СЖҚС өткізу бойынша тендерді күмәнді ұйым­дар ұтып алып жүрді: олардың штатында мүйізі қарағайдай ға­лымдар, заң ғылымдарының док­торлары есепте тұрады, әйткенмен сараптаманы біліктілігі әлдеқайда төмен қатардағы сарапшы жүр­гізеді. Соған қарағанда, азуын айға білеген академик-ғалымдар ұйымда жай тіркеліп тұрғаны үшін жалақы алатынға, бірақ онда нақ­ты жұмыс істемейтінге ұқсайды. Нағыз «мата атымен бөз өтедінің» кері. Үшіншіден, сарапшы ретінде таңдалған ЖОО-лардың профес­сорлық-оқытушылық құрамы Білім және ғылым министрлігімен тығыз ынтымақтасқан, грант игеретін, «дәмдес» тұлғалар екені құпия емес. Салдарынан олар тәуелсіз емес: шенеуніктер бұл сарапшыларға кез келген уақытта ықпал ету, қысым жасау, сөзін өткізу мүмкіндігіне ие. Төртіншіден, белгілі заңгер ғалым Мереке Ғабдуәлиевтің пайымдауынша, жемқорлыққа қарсы сараптама өткізу рәсімін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің өзі сондай сараптамаға зәру болатын. Бұдан  бөлек, мұндай сарап­тама­ны  баю көзіне айналдырған, пы­­­шақ­тың қырындай «еңбек» жазғаны үшін миллиондап табыс табуға ма­ман­­дан­ған профессорлар қаптады. Ақыры Парламенттің сұрауымен билік пай­дасыз СЖҚС-тан бас тартты.  

Ақшасы қанша?

Алайда аталған тетіктің жойылуы сарапшылар мен ғылыми қауым­дастық тарапынан сыни пікірлердің толқынын туғызды. Осылайша, Президент Қ.Тоқаевтың СЖҚС-ны қалпына келтіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылғы 26 қарашада ел Парламенті «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады. Бұл заң жобаларын және Үкімет пен әкім­діктер шешімдерінің жобаларын кор­рупцияға жол беретін норма­лардан әзірлеу сатысында-ақ арылту үшін жасалыпты. Заңға сәйкес, нормативтік-құқықтық актілер жобаларына сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу енді қайта жан­данбақ. «НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сарап­таманың мақсаты – сыбайлас жем­қорлық нормаларын анықтау, сон­дай-ақ оларды жоюға бағытталған ұсынымдар әзірлеу» деп жазылған заңда. Сараптама жүргізу тәртібі мен мерзімін Үкімет айқындайды. Тиісінше, биылғы жыл бюд­же­тінде «Нормативтік құқықтық акті­­лердің жобаларына сыбайлас жем­қорлыққа қарсы сараптама жүргізу» деген №015 бюджеттік бағ­дарлама енгізілді. Ол бойынша са­рапшылар ара­сында биыл 3 мил­лиард 470,8 мил­­лион теңге бө­ліске салы­нады. Келесі жылы қар­жы­лан­дыру көлемі біршама аз: 2 мил­лиард 74,2 мил­лион теңге. Себебі сараптама жүргізілетін құжаттар саны екі есе кемиді. Мәсе­лен, 2020 жылы 6 545 заң жобасы мен қаулы-шешім коррупцияға қарсы сараптамамен қамтылса, 2021 жылы бұл сан 3 785-ке дейін азаяды. Қара­пайым арифметикаға жүгінсек, 1 құ­жатқа СЖҚС жүргізген ғалым орташа есеппен 550 мың теңгедей сыйақы алады. kyjat «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама нәтижелері бойынша НҚА-ға енгізілген ұсыныстардың үлесі 2021 жылы – 18%, 2022 жылы – 17%, 2023 жылы – 16% болады» де­ген міндет белгіленген бюджеттік бағдарламада. Әйтеуір, әрқайсысы жарты миллион тұратын бұл құ­жаттардың «миссиясы» қайтадан қо­қыс жәшігін «қоректендірумен» тынбаса болғаны.  

Сараптаманы сағынды...

Ғайрат Сапарғалиев атындағы мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институты мен оның са­рап­шылары көп жылдан бері ан­ти­коррупциялық сараптама жасап келді. Олар енді бұл ісінің қайтадан қаржыландырыла бастауын асыға күтіп отыр. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр, 2019 жылғы 2 қыр­күйектегі Жолдауында орталық және жергілікті органдардың нор­мативтік құқықтық актілеріне сы­байлас жемқорлыққа қарсы са­рап­тама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажетін, бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері атсалысуы керегін атап өтті. Тиісті заң да қабылданды. Бірақ оны өткізу тәртібін бекітетін Үкімет қаулысы кешеуілдеуде. Ол қаулы келісімнен өткізу сатысында жатқан болар. Салдарынан ғылыми қоғамдастық нақты жағдайдан құ­лағдар бола алмай отыр. Осыған орай билік органдары, ЖОО-лар, ғылыми мекемелер және әлеуетті сарапшылар арасында жария диалог орнатуды ұсынамыз. Онда аталған қаулы жо­басы талқылануы керек», – дейді ҒЗИ мамандары. Басқаша айтқанда, сарапшылар сараптама жүргізудің жаңа тетігін түсінгісі келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сарапшылар сарғая күткен №451 Үкімет қаулысы 2020 жылғы 16 шілдеде қабылданғанын айтты. Тек НҚА-лардың эталонды банкіне, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйе­сіне кештеу орналастырылыпты. Ан­тикоррупциялық сараптама жүр­гізу қағидалары да бекітілді. «Бұл қағидаларда үйлестірушіге, яғни ғылыми мекемеге немесе ЖОО-ға дәл сол жобаны әзірлеуге тікелей қатысқан сарапшыны сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сарап­тама жүргізуге тартуына тыйым са­лынды. Бұдан былай сарапшылар ол сараптама қорытындысын қазақ және орыс тілдерінде қатар дайын­дауға міндеттеледі. Біздің агенттік жаңа заңды қолдану практикасының нәтижелері бойынша антикор­рупциялық сараптама институтын ары қарай жетілдіру бағытында жұмыс жүргізетін болады. Сондықтан ғылыми қауымдастықтың қазіргі ұсыныстары қосымша зерделеніп, қағидаларды пысықтау барысында пайдаланылады», – деді Алик Жат­қамбайұлы. Ол сарапшыларды конкурстық іріктеу қағидаларының жобасы әзір­ленгенін жеткізді. Үйлестіруші мен сарапшы арасында бекітілетін са­раптама жүргізу келісімшартының бірыңғай үлгісі де дайын екен. Бұл құжаттардың жобалары агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес мү­шелерінің келісімін алуға ұсы­нылған және қоғамдық талқы­лауға шы­ғарылды. Қазіргі кезде агенттік қолда­ныс­тағы заңдар мен қаулы-ше­шім­дердегі коррупциялық тәуе­келдерді тұрақты негізде әрі өз бетін­ше анық­тауға күш салуда. Осы жыл­дың бі­рінші жар­тысында сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін жою бойын­­ша 121 тал­дау жүргізілген. Қо­ры­тын­дысында агенттік ұсы­ным­дарының шамамен 70%-ы ескерілген көрінеді.  

Сарапшы болмай шаттанба!

Қайталай кеткен жөн, әлгі 3 миллиард қаржыдан кез келген адам өз үлесін ала алады. Ол үшін мына өлшемшарттарға жауап беруі тиіс: сарапшы болғысы келетін тұлға біріншіден, жоғары білімді, екінші­ден, сараптама жүргізілетін қызмет саласында оның кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы қажет немесе сол салада ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі болған жағдайда кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болса жеткілікті. Үшіншіден, өтелмеген соттылығы болмауы керек. Төртіншіден, әкім­шілік жемқорлық құқық­бұзу­шылық үшін 3 жылдан көп әкім­шілік жаза­ланбаған болуы қажет. Бесін­шіден, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін жұмыстан босатылмауы тиіс. Алтын­шыдан, сыбайлас жемқорлық қыл­мысы үшін сотталмаған болуы шарт. Ғылыми сараптама құнын ме­мор­ганмен келісе отырып үй­лес­ті­руші, яғни ғылыми мекеме не ЖОО белгілейді. Заң жобасына сараптама 15 күнде, ал заңға тәуелді НҚА жо­басына 10 күн ішінде дайын болуы міндетті. Сараптама қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғы­лыми сараптаманың мәні бойынша дәлелді, ғылыми негізделген, толық және объективті тұжырымдар жазы­луы талап етіледі. «Қазақстан заңнамасының еркін институты» жобасының ғылыми же­тек­шісі, заң ғылымдарының кан­дидаты Мереке Ғабдуәлиевтің бай­ламынша, жемқорлыққа қарсы ғы­лыми сараптама қажет: ол корруп­циялық тетіктердің заңға кіріп кетуі­нің алдын алуы мүмкін. – Парламент қабылдаған қандай да бір жаңа заң жемқорлыққа өріс ашар нормадан тұрса және ол ше­неуніктерге билігін теріс пайда­лануына мүмкіндік берсе, онда елде әлеуметтік кернеу туындауының қосымша тәуекелі пайда болады. Қоғамның билік органдарына деген сенімсіздігі күшейе түседі. Көркем тілмен түйсек, мұндай заңдар шен­дінің немесе судьяның каби­нетінде жаңа «терезе» ашады және жемқорға сол арқылы халықтан не бизнестен пара қабылдауына жағ­дай жасайды. Заңнамалық актілер жоба­ларын жазу кезінде оны әзір­леушілер төл ведомст­восының мүд­делерін ілге­рілетеді, әлдебір мә­селеде ық­­­­­­­палды топтар үшін лобби жасайды. Мұның бәрін жемқор­лыққа қарсы сарап­тама әшкерелеп, тосқауыл қоюы шарт, – деді М. Ғаб­дуәлиев. Бұл ретте сарапшыларды дұрыс іріктеу үлкен мән-маңызға ие бо­лады. «Антикоррупциялық сараптама жүргізу ісі меморгандарға тәуелді шағын топтың, «кезекші сарап­­шы­лардың» құзырында қалып қой­мағаны маңызды. Енді бұрын­ғыдай тек заңгер ғалымдар ғана емес, сонымен қатар мамандар, практик­тер, іс басындағы заңгерлер мен адвокаттар, сала жағдайын білетін маманданған үкіметтік емес ұйым өкілдері сарапшы ретінде тартылуы тиіс», – деді ғалым.  

Елдос СЕНБАЙ