Биыл елге оралған қандастардың дені Өзбекстаннан келген
Биыл елге оралған қандастардың дені Өзбекстаннан келген

Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ғани Шымырбаев Қазақстанға осы жылдың басынан бері 11 мыңға жуық этникалық қазақтың келгенін мәлім етті. Бұл туралы елордада «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» ҚР заң жобасын талқылау барысында айтылды.

«Елімізде этникалық қазақтарды қоныстандыру тетігін жетілдіруге бағытталған ҚР көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылған болатын. Әсіресе, осы санаттағы азаматтар үшін оралман мәртебесін беру және төлем жүктемесінен босату, бұрынғы азаматтықтан шығуды ресімдемеу жеңілдіктері берілді. Оның ішінде ЖОО-ларда оқитын этникалық қазақтар ҚР-да тұру мерзіміне қарамастан азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу құқығына ие болды. Бұл Қытайдан Қазақстанға тұрақты тұруға келетін этникалық қазақтардың мәселесін шешуге мүмкіндік берді»,– деді Ғани Шымырбаев Оның айтуынша, жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде шеттегі қандастардың көп бөлігі көшіп, Қазақстан азаматтығын алған. «Статистикаға сүйенсек, еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қазақстан Республикасының азаматтығын 1 млн 57 мың 537 шетелдік алған. Оның ішінде 937 мың 663-і – этникалық қазақтар. Ал осы жылдың есеп беру кезеңіне тоқталар болсақ, азаматтыққа барлығы 13 034 шетелдік қабылданды. Оның 10 790-ны – этникалық қазақтар. Олардың басым бөлігі Қытайдан келген қандастар (4092). Өзбекстаннан - 6216, Қырғызстаннан 551 адам келді»,– деді Ғ.Шымырбаев.