Президент Жолдауы – сенімге серпін
Президент Жолдауы – сенімге серпін
134
оқылды
­Ең алдымен, мемлекеттік қыз­мет жүйесін жаңғырту үшін жыл соңы­на дейін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамаға түзетулер паке­тін қабылдау қажет. Президент са­палы жаңа ұлттық индустрияны да­мыту үшін жаңғыртылған заңна­малық негіз қажет екенін баса айт­ты. Бұл жерде жыл соңына дейін әзірленуі тиіс «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң өте маңызды, бұл заң өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін болады. Одан бөлек, Жолдауда өзге де маңыз­­­ды мәселелер қарастырылған. Біз солардың бірқатарына назар аударып, талдап көрдік. Біріншіден, Стратегиялық жос­парлау және реформалар агент­тігі және Жоғары реформалар кеңе­сінің құрылуымен мемлекеттік бас­қару жүйесін реформалауды ұлттық статистикамен қоса енді Президенттің өзі тікелей бақы­лайды. Екіншіден, «Жаңа эконо­мика­лық бағыт» аясында әртарапты, технологиялық экономика құру жос­пары жарияланды. Сонымен қатар отандық өнімдерді және шетел­дік инвесторларды қорғау, бизнеске салықтық жеңілдіктер, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары қарастырылған. Жолдауда индустрияландыруға көп мән берілген: қайта өңдеу, инвестициялар, ауыл шаруа­шы­лығы, мемлекетті институцио­налды реформаларды жаңа жағдай­да жал­ғастыру мақсатында әбден ой­лас­тырылып әзірленген. Мақсат ай­қын – экономикадағы мемлекет­тің монополиялық рөлін азайту. Үшіншіден, білім саласындағы белсенді азаматтардың ұсыныстары: «үздіксіз даму концепциясы», бей­ресми «балама білім беру», сертифи­каттау, «цифрлы теңсіздік» мәселе­лері Жолдауда орынды қамтылған. Төртіншіден, алдағы реформа­лар қоғамды мемлекет басқаруға қатыстыруға бағытталады. «Азамат­тық қоғамды дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі жоспары», «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау, құ­қық қорғау жүйесін реформалау, қоғам­дық кеңесті күшейту, ауыл әкім­дерін сайлау, мәслихаттар ашық­­тығы, онлайн-петиция беру механизмі, ІІМ, соттар мен про­куратура қызметін модерниза­циялау, адам құқықтарын қорғау сияқты ірі өзге­рістер болады. Бесіншіден, аймақтағы логисти­калық бәсеке­лес­тікке назар ауда­рылды. Мемлекет басшысы ауыл шаруа­­шы­лығын да­мыт­пай, бәсе­кеге қабі­летті экономика құру мүм­кін емес­ін тағы бір рет еске сал­ды. Президент жеке қосалқы шаруа­шы­лықтың әлеуетін пайдаланған абзал екенін айтты. Жеке шаруа­­­шы­лық миллиондаған ауыл тұрғын­дарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңір­лік азық-түлік хабтарын құруға жұмыл­дыру керек. Сондай-ақ Президент мемле­кеттің негізгі міндетін де айтты. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзі­мізді толық қамтамасыз ету, мил­лион­даған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту, агро­өнер­кәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру үшін мемлекет ая­нып қалмақ емес. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға назар аударды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді. Мемлекет басшысы осы көзқарастың бүгінгі күні өте маңызды екенін еске салды және алты принципін атады. Олар білім, еңбек, кәсіби дағды, тәртіп пен жауап­кершілік, әділдік, адалдық пен тиянақтылыққа негізделмек. «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырап­шылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бү­кіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақ­таншақтық қоғамның дамуын те­жейді. Бұл туралы ұлы Абай: «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мә­селе бүгінгі күні өзекті болып отыр. Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың са­на­сына сіңіргеніміз жөн. Біздің елімізде «Жауапты мем­лекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы ке­рек», – деді Президент. Жолдауда Үкіметке елді дағда­рыстан шығаратын басқа да тап­сырмалар берілді. Жылдың бас құжаты Үкімет, Парламент және барлық мүдделі мемлекеттік ор­гандарға нәтижелі жұмыс жүргізуге септігін тигізетініне сенімдімін.  

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі