Ең алдымен, мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту үшін жыл соңына дейін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамаға түзетулер пакетін қабылдау қажет. Президент сапалы жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет екенін баса айтты. Бұл жерде жыл соңына дейін әзірленуі тиіс «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң өте маңызды, бұл заң өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін болады. Одан бөлек, Жолдауда өзге де маңызды мәселелер қарастырылған. Біз солардың бірқатарына назар аударып, талдап көрдік. Біріншіден, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Жоғары реформалар кеңесінің құрылуымен мемлекеттік басқару жүйесін реформалауды ұлттық статистикамен қоса енді Президенттің өзі тікелей бақылайды. Екіншіден, «Жаңа экономикалық бағыт» аясында әртарапты, технологиялық экономика құру жоспары жарияланды. Сонымен қатар отандық өнімдерді және шетелдік инвесторларды қорғау, бизнеске салықтық жеңілдіктер, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары қарастырылған. Жолдауда индустрияландыруға көп мән берілген: қайта өңдеу, инвестициялар, ауыл шаруашылығы, мемлекетті институционалды реформаларды жаңа жағдайда жалғастыру мақсатында әбден ойластырылып әзірленген. Мақсат айқын – экономикадағы мемлекеттің монополиялық рөлін азайту. Үшіншіден, білім саласындағы белсенді азаматтардың ұсыныстары: «үздіксіз даму концепциясы», бейресми «балама білім беру», сертификаттау, «цифрлы теңсіздік» мәселелері Жолдауда орынды қамтылған. Төртіншіден, алдағы реформалар қоғамды мемлекет басқаруға қатыстыруға бағытталады. «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары», «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау, құқық қорғау жүйесін реформалау, қоғамдық кеңесті күшейту, ауыл әкімдерін сайлау, мәслихаттар ашықтығы, онлайн-петиция беру механизмі, ІІМ, соттар мен прокуратура қызметін модернизациялау, адам құқықтарын қорғау сияқты ірі өзгерістер болады. Бесіншіден, аймақтағы логистикалық бәсекелестікке назар аударылды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емесін тағы бір рет еске салды. Президент жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал екенін айтты. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Сондай-ақ Президент мемлекеттің негізгі міндетін де айтты. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру үшін мемлекет аянып қалмақ емес. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға назар аударды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді. Мемлекет басшысы осы көзқарастың бүгінгі күні өте маңызды екенін еске салды және алты принципін атады. Олар білім, еңбек, кәсіби дағды, тәртіп пен жауапкершілік, әділдік, адалдық пен тиянақтылыққа негізделмек. «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай: «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні өзекті болып отыр. Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн. Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек», – деді Президент. Жолдауда Үкіметке елді дағдарыстан шығаратын басқа да тапсырмалар берілді. Жылдың бас құжаты Үкімет, Парламент және барлық мүдделі мемлекеттік органдарға нәтижелі жұмыс жүргізуге септігін тигізетініне сенімдімін.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі