Онлайн платформа: шабуыл кімге тиімді?
Онлайн платформа: шабуыл кімге тиімді?
180
оқылды
«Zoom-да мұндай жағдайдың болып жатқанына  – екінші күн. Неліктен үш ай ішінде дұрыс мектеп бағдарламасын жасай алмадық? Балам да, сыныптастары да мына жағдайдан есеңгіреп қалды. Бұл қандай бағдарлама? Неге әлі күнге дейін дайын бағдарлама жоқ?» деп алаңдайды ата-ана. Нұр-Сұлтан қалалық Білім бас­қармасы да бұл оқиғаны растап отыр. «Zoom платформасында 5-сынып оқушыларына сабақ беру барысында бейтаныс адамдар араласып, балалардың компьютер экранында ұятсыз слайдтар мен сөз­дер айтып, математика са­ба­ғын бұзды. Ата-аналар мен мұға­лімдерден хабарлама алғаннан ке­йін мектеп әкімшілігі балалармен және ата-аналармен онлайн-кез­десу жасап, оқушыларға чат пен ал­аңдарда жұмыс істеу кезіндегі этика ту­ралы тәрбие сағатын өткіздік», – дей­ді Білім басқармасы.
Кешкілік ата-аналар да бала­ларының телефондарын тексеріп көрген екен, артық ештеңе таба алмаған.  4 қыркүйектен бастап, балалардың сабағын Microsoft Teams платформасына өткізе бас­таған.  

Алматылық тұрғын баласының мектепте оқығанын қалайды

Көп ұзамай, 7 қыркүйекте ал­ма­тылық тұрғын да қашық­тан оқу кезінде ұятсыз сөз­дер мен порнографиялық бейне­жазбалардың таралуына қатысты шағым жасады. «Білім және ғы­лым министрлігіне, санитар дә­рігерлерге және қала әкімдігіне айтар шағымым бар. Менің ба­лам бесінші сыныпта оқиды. Қа­шық­тан оқып жатыр. Бейсенбі күні Zoom платформасында балалар ұятсыз сөздер мен бейәдеп әндерді тыңдады. Жұма күні оларға пор­нографиялық бейнежазбалар көр­се­тілді», – дейді алматылық тұрғын Татьяна Голубева. Ол мұндай жағ­дай­дың болып жатқанына ата-аналардың алаңдаулы екенін жет­кізді. «Бұл – балаларды қорлау. Бұ­ған кім жауап береді? Біз бала­ларымыздың мектепке барып, бі­лім алғанын қалаймыз», – дейді тұр­ғын. Осы оқиғадан кейін директор да, мұғалім де арнайы түсініктеме беріп, тиісті органдарға шағымданған. 7 қыркүйекте мектеп директоры С.Айдарованың атына математика мұғалімі А.Тасылбаевадан түсі­нік­теме келген. Мұғалім Zoom платформасында онлайн са­бақ беріп жатқанда белгісіз бі­реу­лер бұзып кіріп, былапыт сөз айтып, кәмелеттік жасқа тол­ма­ған балаларға порно сурет, бейне­жазбаларды көрсеткен. Мектеп директоры бірден бұл оқиға тура­лы Алмалы аудандық полиция бас­қармасына хабарлады. «Қазір полиция сотқа дейінгі тергеу ісі реестрінде №207511035003305 іс тіркеді. Педагог ұжымымен ұжым­­дық түсіндіру жұмыстары жү­ріп жатыр. Мектеп әкімшілігі жақында оқу платформасын қауіп­сіздігі жоғары сапалы платформаға ауыс­тыруды ойластырып жатыр», – деп мәлімдеді Алматы қа­ласы әкімдігі. Ақтөбелік ата-аналардың да министрлікке айтар шағымы бар. Олар да қашықтан оқу кезінде ала­яқтардың шабуылына тап бол­ған. 6-сынып оқушыларының математика сабағы кезінде біреу оқушының атынан  бейәдеп сөз­дер жаза бастаған. Мұғалім амал­сыз сабақ беруді тоқтатқан. Бұл оқиғаға ата-аналар да алаңдап отыр. Олар мұндай іс-әрекеттерден балаларының психологиясы бұ­зыла ма деп қорқады. «Өткен апта­да сабақ кезінде әртіс ән ай­тып кетті. Оның себебі, мұғалім платформаны ашық қалдырған. Сол кезде бөтен адам кіріп кеткен.  Отыз жылдық тәжірибесі болса да, онлайн сабақты өткізуді біл­мейді», – деп шағымданады ата-аналар.  Ал облыстық білім бас­қармасы «бейәдеп сөз жазып, ба­­лағаттаған жазбаны қалдырған оқушы емес. Бұл оқиға бойынша тексеру жүргізілуде. Анық-қанығын айтатын боламыз», – дейді. 
 

Бұған министрлік не дейді?

Zoom платформасындағы бей­әдеп сөздердің таралуына қатысты министрліктің де айтары бар. «Қыр­күйектің алғашқы екі күнінде елде екі миллионға жуық сабақ өткізілді, оның 80 мыңға жуығы бейнесабақ арқылы өткізілді. Өкінішке қа­рай, сабақтың бірінде ұятсыз ма­те­риалдар таралып кеткен. Бұл про­цеске қатысушылардың кінә­сінен болып отыр. Бөтен біреуге қалжыңдап, осындай жазба жі­бер­гісі келген. Біз де барлық ата-аналар секілді балалардың жағ­­­дайына алаңдаймыз. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тиіс­ті органдар шара қабылдайтын болады. Мұғалімдер балалардың оқу үдерісі үзіліп қалмауы үшін қол­дан келгеннің бәрін жасау­да», – дейді министрлік өкілдері.
Дегенмен кез келген плат­форма­ны кибершабуылдан сақтай аламыз ба? Мұндай іс-әрекеттердің қайталанбасына кім кепіл? Күзгі оқу маусымы басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бір ап­таның ішінде онлайн платформа бірнеше кибершабуылға тап болды. Балалардың қауіпсіздігі үшін қа­шық­тан оқыған тиімді десек те, мұн­дай шабуылдардан сақтана ала­мыз ба?
Ақпарат қауіпсіздігі туралы са­­рапшы Қозыке Сатыбалдиев: «Оқу жылы басталғалы бері Zoom платформасы арқылы осындай бір­неше оқиғаның болғанын естідік. Нұр-Сұлтан қаласында 5-сынып оқушыларының математика саба­ғына белгісіз бір алаяқтың кіріп, порно бейнежазбаларды қойғаны туралы айтылып жүр. Ол жерде алаяқтар Telegram каналын еркін пайдаланып жатыр. Себебі алаяқтар осы канал арқылы мұғалімдерінің жіберген тапсырмаларын оқу­шыларды бұзуға шақыртып жа­та­ды. Біріншіден, оқушылар са­бақ­ты болдыртпауды мақсат тұ­тып отыр. Ал алаяқтардың мақ­саты – көңіл көтеру ғана. Бұл – ой­ландыратын үлкен мәселе. Ол балалардың психологиясына қат­ты әсер етуі мүмкін. Таяқтың екі ұшы бар: бірінші себеп – Білім және ғылым министрлігінің Zoom платформасы арқылы дұрыс нұс­қаулық бермеуі болса, екіншісі – Zoom бағдарламасында осындай оқиғалардан сақтап қалатын функ­циялар бар. Онда күту залы бар. Бағдарламаға қосылмас бұрын мұ­ға­лім оның нақты оқушысы еке­нін тексеріп алғаннан кейін конференцияға қосатын болады. Оған дейін қосылушы күту залында болуы тиіс.  Көбінесе мұғалімдер мұны біле бермейді. Сол себепті тексермей, конференциялар өткізе береді. Егер мұғалімдерге түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілген болса, мұндай қателіктерге жол берілмес еді», – дейді.
Мұғалімдер мен оқушылар тиім­ді пайдаланып жүрген плат­форма­ның бірі – OnlineMektep.org. Бұл карантин кезеңінде қа­зақстандық оқушылар пайда­ланатын негізгі ресурстардың бірі. Платформа негізінде 1 қыркүйектен бастап күн сайын 1,5 миллионнан астам мектеп оқушысы білім алуда. Оқу жылының басынан бас­тап мұғалім де платформа ре­сурстарында 3 миллионнан астам онлайн сабақ өткізді. 500 миллионға жуық жаттығу жасалды. Бірнеше күн қатарынан аталмыш платформа Қазақстаннан тыс жерлерден шы­ғатын жаппай DDoS шабуылына ұшырады. Платформа жасаушылар шабуылдың ұйымдастырылғанын әрі пайдаланушылардың сенімін азайту үшін жасалғанын айтып отыр. Онлайн білім алуда қорғаныс мықты болса, ата-ана да, мұғалім де, оқушы да алаңдамас еді. Сол үшін кез келген платформа шабуылға шыдас беріп, сақтанғаны ләзім.  

ГулзиГүлзина  БЕКТАС