Қос шенеунік күдікке ілінді
Қос шенеунік күдікке ілінді
131
оқылды
Адвокат Игорь Вранчев жем­қорлықпен күресуші органның елордадан арнайы келген қыз­меткерлері облыс әкімінің №1 орынбасарын шетелге кетейін деп тұрған жерінен құрықтағанын жет­кізді. «Маған Таубаевтың туыстары қоңырау шалды. Мен бірден сы­байлас жемқорлыққа қарсы қыз­метке тарттым. Жедел қызметкердің және тергеушінің көзінше Тау­баевпен жүздестім. Содан кей­ін екеуімізге жеке тілдесуге мүм­кіндік бердім. Ол іссапарға ұшуды жоспарлағанын, сол себепті түс­тен кейін үйіне келіп, жолға жи­нала бастағанын айтты. Үй аула­сының есігі ашық жатыпты. Ұлы өсімдіктерді суарып жүрген. Осы кезде арнайы формасы жоқ, қа­рапайым киінген бір топ адам сау ете қалады. Олар баладан әкесінің қайда екенін сұраған, содан кейін үйге енеді. Өздерін таныстырғаннан кейін Таубаевқа антикоррупциялық органға бірге бару керегін, бірқатар мәселені талқылау қажетін мәлім­депті. Таубаев киініп, оларға ере жүрген. Органның ғимаратына кір­ген кезде ғана оның пара алғаны туралы ақпарат барын хабарлап, қолына кісен салған», – деді Игорь Вранчев. Қорғаушы күдіктіге істің егжей-тегжейі түсіндірілмегеніне тоқталды. «Оған ешкім ештеңені түсін­дірмеген. Тек ұстау рәсімі өткізілген, тергеуші хаттама толтырған. Онда ұстау негізі көрсетілмеген. Мен оған қандай күдік келтіріліп отырғанын түсіндіруді сұрадым. Тергеуші оның пара алғанына қатысты сөз шық­қанын, анық-қанығын өзі де білмейтінін білдірді. Ол тіпті тер­геу-жедел әрекет ету тобына кіретін-кірмейтінін де білмейді. Өзіне тапсырылғандықтан, топта бар шығармын деп топшылайды. Сондықтан тергеу-жедел топ құру туралы хаттаманы және аталған топтың қылмыстық істі өндіріске қабылдап алғаны туралы қаулыны тауып көрсетуді өтіндім. Қос құжат та оның қолында болмай шықты», – дейді адвокат.   Оның мәліметінше, ізінше тер­геуші ауыстырылған: жергілікті маманның орнына Нұр-Сұлтаннан арнайы тергеуші аттандырылды. Қорғаушы одан да қандай айып тағылып отырғанын айтуды өтінеді. Жауап қысқа болған: облыс әкімінің бірінші орынбасары пара алды деген күдік бар. Алайда кімнен және қанша көлемде алғаны нақ­тыланбады. Сәйкесінше, Н.Тау­баевқа қорғаушысы өз құқығын пайдаланып, ешқандай айғақсөз айтпауға кеңес беріпті. Өз кезегінде тергеушілер оған тергеумен ын­тымақтасып, істің ілгерілеуіне кө­мек көрсетуге ұсыныс жасаған көрінеді. Ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне сіл­теме жасай отырып, Атырау об­лысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары 182 миллион теңге және 400 мың доллар пара алғанын жазуда. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасарына Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы бойынша «аса ірі мөлшерде пара алғаны» үшін айып тағылып отыр.  

Ерік ЕРДЕНОВ