Ақтөбе облысы әкімнің бұрынғы орынбасарына Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы (190 - «Алаяқтық», 218 - «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)», 367 - «Пара беруге арандату» баптары) бойынша айып тағылып отыр. Мамунов 2015 жылы «аса ірі көлемде пара алды» деген күдікпен ұсталып, 2016 жылы 13 жылға бас бостандығынан айырылған Ахметбек Ахметжановтың туыстарына үкімді қайта қарауға және сот тәркілеген мүлікті қайтаруға көмектесе алатынын айтқан. Мамуновты айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, 2016 жылдың 7 мамырында Р.Мамунов Нұр-Сұлтан қаласындағы дәмханалардың бірінде Ахметжановтың ағасымен кездесіп, 1 миллион долларға жазаны жеңілдетуге болатынын, бұл мәселені Жоғарғы соттағы таныс судьялары арқылы шеше алатынына сендірген. Ахметжановтың ағасы келінімен, яғни қостанайлық экс-әкімнің әйеліне Мамуновтың ұсынысын жеткізген. Ахметжановтың жақындары бұл ұсынысты қабыл алып, Мамуновқа әуелгіде 200 мың АҚШ долларын береді. Ал 2016 жылдың маусым және сәуір айларында Мамунов олардан тағы 250 мың доллардан алады. Ең қызығы, Қостанай облыстық соты Ахметжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырады. Осы кезде Мамунов Ахметжановтың туыстарына енді істі «шешу» үшін көп ақша кететінін айтып, «ставканы» 2 миллион долларға көтереді. Қысқасы, айыптаушы жақ Мамунов Ахметжановтың әйелінен 1 миллион 200 мың доллар алды деп отыр. Ақшаны алғанымен, Мамунов уәдесін орындау үшін саусағының ұшын да қозғалтпаған секілді. Себебі ол Ахметжановтардан алған ақшаға өзі мен әйеліне жап-жаңа Lexus көліктері мен Нұр-Сұлтаннан үлкен пәтер сатып алған. Ал Жоғарғы сот Ахметжановтың ісін 2017 жылдың маусымында қайта қарап, оның колониядағы мерзімін 13 жылдан 5 жыл 8 айға дейін қысқартты, бірақ босатқан жоқ. Бұл, әрине Ахметжановтың әйелінің ашуына тигені даусыз. Мамуновтың «аферасына» түсіп қалғанын сезген ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барып, оның үстінен шағым түсіреді. Сөйтіп, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанына небәрі үш ай толған Мамунов пара алу кезінде қолға түседі. Шотландиядағы Эдинбург менеджмент және маркетинг мектебін бітірген Мамуновтың ісі бүгіндері сотта қаралып жатыр. Айтқандай, Руслан Мамуновтың Ахметжановты түрмеден босатып бермек болып пара алғаны үшін қолға түскені туралы шыққан ақпаратты Мамуновтың «өзі» жоққа шығарып, Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырған. Ол жазбасына өзінің төрт жыл бұрынғы факт бойынша тергеуге куәгер ретінде ғана барғанын, өзін ешкім ұстамағанын, Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс бабымен жүргенін жазып, «Менің ар-намысым мен абыройыма кір келтіретін басылымдарға келетін болсақ, мен бұл істің шынайылығы мен растығына көз жеткізбей, осы ақпаратты жариялаған және таратқан адамдарға қатысты сотқа жүгінетін боламын» деп сес көрсетуді де ұмытпаған. Бірақ ел арасында тараған әлгі сыбыс соңында рас болып отыр. Енді осы тұста Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтың әйелі пара бергені үшін жауапқа тартыла ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Себебі бізде пара алушы ғана емес, пара берушінің де сотталатыны туралы бап бар.
Айдана БЕГІМ