Ескі жараны тырнаған деректер
Әуелі «Борат 2» фильмі түсіріліп жатыр деген ақпараттың түп-төркіні қайдан шыққанына зер салсақ. Жақында Америкадағы апталық Newsweek журналы «@alexandheir атты TikTok қолданушысы Саша Барон Коэннің «Борат 2» фильміне түсіп жүрген сәтін видеоға түсіріп алған» деп жазды. Қысқа видеоға қарасақ, Боратқа ұқсас қара мұртты, сұр костюмдегі ер адам көлік жүргізіп бара жатыр екен. Алдыңғы көліктегі түсірілім тобы оны түсіріп келеді. «Бірақ көлік рөліндегі адам Коэн бе, әлде каскадер ма, оны анық біле алмадық. Ал түсірілім тобы пандемияға байланысты бетперде тағып алған», – дейді Newsweek журналында. Ал көңіл көтеру үшін құрылған IGN сайты «Борат 2» фильмі Лос-Анджелесте түсіріліп жатқанын жазды. Бірақ «фильм жайлы әлі ресми ақпарат жоқ» депті. YouTube желісіне «Борат» түскен кадрлар қайта салына бастағанына қарап комедия жалғасын табуы мүмкін деп болжаса керек. Алайда расымен, «Борат 2» Лос-Анджелесте түсіріліп жатқандай. Себебі жуырда YouTube желісінде бірнеше жаңа кадр пайда болды. «Борат» фильмі 2006 жылы комедия ретінде шыққанын жақсы білеміз. Аудиториясын тапқан фильмді әлі күнге дейін айтып отыратындар бар, онымен қоймай, жалпы көрермендердің 87 пайызына ұнаған фильмді қайта оралтуға Саша Барон Коэннің талпынуы мүмкін. Британдық комик актер Саша Барон Коэн 2006 жылы фильм түсіріп, ансемиттік көзқарастағы қазақстандық тілшіні ойнаған. «Қазақстанды жабайы, нәсілшіл және сексист ел ретінде көрсетті» деп айыпталған фильм көрерменге ұнағанымен, кинотанушылар тарапынан біраз сынға ұшыраған болатын. – Жалпы, бұл мәселеде сөзді көп созудың қажеті жоқ. Өзге елдегі кинотанушылар да мұны өнер ретінде мойындаған жоқ. Көңіл көтеруді ғана қалайтын көрерменге ұнаса шара бар ма?! Сұранысқа ие дүниені құрта алмайтынымыз анық. Белгілі бір ұлтты кемсіту өнер атаулыға тән құбылыс емес. Мейлі, біздің орнымызда басқа мемлекет болсын, бұл фильмді өнер деп тани алмас едік, – дейді кинотанушы Назира Мұқышева.«Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат?»
Абайдың осы сөзі көп жайтты еске түсіретіндей. Қазақстанда, сонымен қатар Ресейде «Борат» фильмін көрсетуге тыйым салынған. Алғашында Қазақстан билігі бұл фильмді ұлтты қорлау деп қабылдап, бірнеше наразылық нотасын жолдаған болатын. Бірақ сол күйі қайта үнсіздік орнады. Заң жүзінде атқарылатын қарсылықтың да бір ғана түрі – наразылық нотасын жолдау болып отыр. Ал қарсы тарап әлі күнге жауапсыз. Бір қызығы, Саша Барон Коэн Борат образымен фильм түсірілместен бұрын да халық алдына шыққан. 2005 жылдың қарашасында Португалияның МТV Europe Music Awards хабарына жүргізуші ретінде қазақстандық журналист кейпінде шыққан ол Қазақстан билігіндегі шенеуніктерді сайқымазаққа айналдырыпты. Артынша Қазақстанның Сыртқы істер министрінің сол кездегі ресми өкілі Ержан Ашықбаев баспасөз мәслихатын өткізді, онымен қоса көрсетілімге байланысты британдық әртіске ресми наразылық хат жолданғанын хабарлаған болатын. Бірақ бұл қадам да сәтсіз аяқталды. Демек, билік өкілдері де бұл тұста үнсіз қалды деп айта алмаймыз. Фильм көрерменге жол тартқаны сол-ақ, бірден әлемге әйгілі болды. Фильм ғана емес, Қазақстанның да атағы «асқақтады». Түсінбейтін тағы бір жайт бар, 2012 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ержан Қазыханов фильм түсірушілерге алғысын білдіріпті. Министр киноға философиялық тұрғыдан қарау керек деп санайтынын айтқан. Тіпті, «Осы фильмнің шығуымен Қазақстанға берілген визалар саны 10 есеге өсті. Мен бұл біз үшін үлкен жеңіс екенін айттым. Мен Боратқа Қазақстанға туристерді тартуға көмектескені үшін ризамын» деп лебізін де білдіріпті. Қош, фильм уақытша көрермен жинап, артынша бәрі басылды делік. Бірақ бір фильмнің зардабы көпке дейін сүйекке түскен таңба болып, қайта-қайта шу шығарды. Мысалы, 2009 жылы Алматыда футболдан әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде стадионның мінбелеріне Бораттың суреттері ілінгенін британдық Gulf Times онлайн басылымы жазған еді. Сонымен қатар басылым «Бораттың» Қазақстанға зор танымалдық әкелгенін де тілге тиек еткен. 2017 жылдың қараша айында елордалық полиция EXPO көрмесі өткен аумақта Борат бейнесінде суретке түсіп жүрген Чехияның алты азаматын ұстады. Кейін басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн шетелдіктер үшін айыппұл төлегені белгілі болды. АҚШ пен Британияда оқитындар Борат фильмі туралы сол жақтағы достарының барлығы дерлік білетінін айтады. Атақты боксшы Геннадий Головкиннен де «Қазақстанда шынымен Борат фильміндегідей ме?» деп сұрағандар да болғанын білеміз. Көптеген елде «Борат Сағдиевтің» бейнесі арқылы тек Қазақстан емес, Өзбекстан мен Тәжікстандағы тұрмыстық жағдай, әйелдердің мәртебесі жылқы мен иттің дәрежелерінен төмен, саяси еркіндіктің жоқтығы келемеждеп көрсетіледі деген пікір де қалыптасыпты. Қайткен күнде де фильмді сөгіп, наразылығын білдіріп жатқан жұртшылықты кінәлай алмаймыз. Өнер атаулы адамзатты қорлауға, мазақ етуге жол бермесе керек-ті. Ал «Борат 2» фильмінің түсірілімі жайлы ресми дерек жоқ. Бола қалған күннің өзінде ел билігі наразылық нотасымен шектеле ме, ол жағы тағы белгісіз.