Жол ортада қалған жобалар
Жол ортада қалған жобалар

Таяуда Ақтау қаласында керемет бір конференция өтіп, онда Smart City жобасы таныстырылды. Сол жиында «Қа­зақ­телеком» акционерлік қоғамы Маңғыстау және Түркістан об­лыс­тары әкімдіктерімен, UBIC Technologies компания­сы­мен, тағы бірқатар мекемелермен меморандумдарға қол қой­ды. Бұл келісімдерге сәйкес, алдағы уақытта Ақтау, Түр­кістан және Арыс қалаларында Smart City пилотты жо­балары іске қосылуы тиіс. Жалпы, «-сити» сөзі айтылса, бір кез­дері алаулатып-жалаулатып басталып, соңғы нүктесіне же­те алмай қалған «Ақтау-сити» мен бертінде ғана қолға алын­ған «Шымкент-сити» жобалары еске түседі.

Әуелі 2007 жылы қыркүйекте Елбасының өзі тұсауын кескен «Ақтау-сити» туралы айтсақ, осы жоба жүзеге асқанда Маң­ғыстау облысының орталығында 4 миллион шаршы метр тұр­ғын үй салынатын еді. Тәуелсіз­дік аллеясы, мәдениет, білім, медицина, сауда, спорт нысан­дары, бизнес-орталықтар мен саябақтар салынып, қаланы электр энергиямен және сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін заманауи кәсіпорындар іске қосылуы тиіс болатын. Алайда бұл жоба жол ортада тоқтап қалды. Иә, салынған үйлердің сапасына қатысты шикіліктер шығып, тексеру жүргізілді, өйтті-бүйтті, сөйтіп жоба 2013 жы­лы тоқтатылды. Жүздеген үлес­кер пәтерсіз қала жаздап еді, абы­рой болғанда, жергілікті билік оларға басқа жерден баспана берді. Осылайша, 2020 жылы «Ақтау-ситиде» 1 миллион халық тұрады деген жоспар болған. 2020 жыл қыр астында тұр. Бір-ақ жыл қалды. Бүгіндері қала тұрмақ, облыс халқының саны 1 миллионға жеткен жоқ. Ал Ақтау халқының саны 190 мыңға ғана жуықтайды.

Міне, енді сол Ақтауда «ақыл­ды қала» жобасы жүзеге асы­рыл­мақ екен. Іске сәт деуден бас­қа амал жоқ. Өйткені, жо­баны ұсынушылар Ақтау атты «ақылды қалада» қоғамдық және жол бейнебақылауы, қоғамдық wi-fi, талшықты-оптикалық байланыс желісі, LPWAN желісі, экологиялық мониторинг, же­дел жәрдемнің диспетчерлік қыз­мет­терін автоматтандыру қолға алынады депті. Қағаз бетінде бәрі әдемі, енді іске асқанын күтейік.

Осыдан бір жыл бұрын Шым­кентке республикалық маңы­зы бар қала мәртебесі беріл­ген­нен кейін «Шымкент-сити» жобасы жарқ ете қалды. Бұл жобаның арқасында пәтер кезе­гінде тұрған 37 мыңнан астам шымкенттіктің баспана мәселесі шешілетіні аз айтылған жоқ. «Ақтау-ситиден» аузымыз күйіп қалған соң ба, жарнамасы жер жара жаздаған «Шымкент-сити» жобасын салқынқанды қалыппен қабылдадық. Күні кеше жобаның тағдырын білу мақсатында Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына хабарластық. Себебі «Шымкент сити» шағынауданында атқары­лып жатқан жұмыстарға осы корпорация жауапты. Обалы не керек, корпорация жоба бойын­ша атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жөніндегі мәліметті тез-ақ берді. Сол дерекке сүйенсек, «Шымкент-ситиде» 4 жатақхана салуға жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр екен. 2 000 орынға арналған Кон­гресс-холл құрылысының тех­ника-экономикалық көрсеткіш­теріне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, жоба­лау-сметалық құжаттамасы әзір­леніп, мемлекеттік сараптама қоры­тын­дысына жөнелтілген.

Highwill Kazakztan компа­ниясы бірінші қабатында ком­мерциялық жайлармен көпқабат­ты тұрғын үйлер құрылысын са­латын болған. Бүгінге дейін бі­рінші кезекте салынатын 9 қа­батты 10 тұрғын үйдің жобалау-сме­талық құжаттамасы әзір­­­ле­ніп жатыр. Балабақша құ­ры­­лы­сына қажетті құжаттар қоры­­тын­­дысы дайындалды. Ал инвесторлармен бір­лес­кен қызмет туралы келі­сімге сәйкес 13 тұрғын үйдің жоба­лау-сметалық құжаттамасы әзір­ленген, 9-ының құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлер келер жылы пайдалануға беріледі дейді. Сонда мыңнан астам адам қоныстойын тойламақ. Осы жерге келгенде кідіруге тура келеді. Өйткені жыл ортасында Шымкент қа­ласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамытәлиев Instagram әлеуметтік желісінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Шымкент-сити» шағынауданындағы тұрғын үйлердің 27-сі, яғни 1 154 пәтер осы жылы пайдалануға беріледі деп елден сүйінші сұраған. Ал корпорация берген жауапта пәтерлер 2020 жылы беріледі деп тұр. Бір жылда тұрған дәнеңе жоқ деп кеңдік танытамыз ба, әлде бұл қалай болғаны деп байбалам саламыз ба?

Қалай болғанда да, салыс­тырып қарағанда, соңғы жылдары қолға алынған жобаларды мер­зімінде орындауға деген талпыныс бары байқалады. Бұл 2000 жылдар басында басталған жобаларда кеткен қателіктен сабақ алу ма, әлде бұрынғыдай бөлінген қаржыны «бөліп әкетуге» кедергі болар тетіктердің жұмыс істей бастағаны ма, бастысы оң өзгеріс бар. Бірақ бұл тоқмейілсуге себеп емес. Өйткені шекарадан асып, өзге жұрттың тірлігіне зер салсаңыз, өз жобаларымыздың сиқын көргенде бетті басып, тұра қашқың келеді. Неге дерсіз? 2006 жылы Алматы іргесіндегі Алатау елдімекенінде ашылған Alatau IT-City ақпараттық тех­нологиялар паркін айтайық. Бұл жобаның тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кескен. Қазақстан үкі­меті осы паркті Орталық Азия­дағы жаңа ин­тел­лектуалды орталыққа айнал­ды­руды көз­деген. Жобаға мем­ле­кеттік бюд­жеттен 25 мил­лион доллар көлемінде ақша жұм­салған. 343 гектар жер бөлінген. Әрине, жо­баны бастау бар да, аяғына жеткізу бар. Бәлкім, сол кездегі Мемлекет басшысы Қазақстанды шикізатқа тәуел­ді­ліктен құт­қарып, балама экономика құруды көздеген шығар. Алайда жобаны жүзеге асыруға жауаптылар сенімді ақтамады. 2010 жылы БАҚ беттерінде «Парк жұмыс істеген жоқ деуге болады. Парк­тегі бірқатар компаниялар жұ­мы­сын тоқтатты» деген мазмұн­дағы материалдарды жиі кез­дес­ті­реміз. Дәл сол 2010 жы­лы аты дардай жобаның ныс­пы­сы «Инновациялық технология­лар паркі» деп өзгерді. Аты өзгер­генімен, заты сол күйі қалғанын да сол кездегі ақпарат құралдары аз жазбады.


Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының мақсаты жаңа тех­нологияларды тарту, иннова­ция­лық технологиялар мен те­лекоммуникация, электроника және аспап құрастыру, ресурс үнемдеу, табиғатты тиімді пайда­лану және өзге де салаларда жаңа кәсіпорындарды қолдау және өсіру делінген екен. Қазіргі тыныс-тіршілігінен хабардар болу үшін технопарктің ресми сайтына көз салдық. Жұпыны сайт­тан мақтанарлық ештеңе тап­пайсыз, сайтты соңғы рет қашан жаңартты екен деп жаба салдық. Бірақ жыл басында жарық көрген ресми деректерге жүгінсек, «Ала­тау» технопаркінде 5 мыңнан астам адам еңбек ететіні, өткен жылдың қорытындысы бойынша, технопарк қатысушыларынан түскен қаржы 51,1 млрд теңгені құрағанын білеміз. Бұл 2017 жыл­мен салыстырғанда, 1,5 есе көп екен. Мегаполистегі АЭА үшін бұл табыспен мақтану ыңғайсыз болар еді.

Арнайы экономикалық аймақта негізінен инновациялық технологиялар мен телеком­му­никация, электроника және аспап құрастыру саласындағы компаниялар шоғырланады. Бұл салаға қатысы жоқ ком­па­ниялар мен зауыттар да кір­гісі келеді екен. Сондықтан тех­но­парк басшылығы қызмет түрін кеңейтуді жоспарлап отыр екен. Мысалы, биыл меди­­ци­налық кластерді қосу ойда бар. Біз хабарласқан даму жө­нін­дегі менеджер ақпараттық техно­ло­гиялар саласы үшін өнім шығарып жатқан компаниялар өнімдерін Қазақстанға өткізіп отырғанын айтты. Ол компаниялардың рес­ми сайттарын да сүзіп шықтық. Технопарктің әу бастағы мақ­сатына жете алмаған: жаңа интеллектуалды орталық құ­рылған жоқ.

Жалпы, 2000 жылдардың ор­тасында посткеңестік кеңіс­тікте технологиялық парктер ашу дәстүрге айналды. Оның бәрі бірдей сәтті жүзеге аспа­ға­нына біз айтқан технопарк бір мысал. Ынта мен ықылас, менед­жерлік қасиет жетпеді ме, әйтеуір әлі күнге мақтанатын бір жаңалығы жарқ еткен жоқ. Осы технопаркпен қатар ашыл­ған шет мемлекеттердің жоба­лары бүгінде әлем назарын өзіне аударып отыр. Мысалы, Белорусь еліндегі «Жоғары тех­но­логия паркін» айтайық. Бұл жоба ұлттық экономиканың бәсе­кеге қабілеттілігін арт­тыру­ға бағытталған ақпарат­тық-коммуникациялық техноло­гия­ны, бағдарламалық қамтамасыз етуді дамытуы тиіс болды. Содан бері паркте үздіксіз жұмыс жүр­ді. Бүгіндері әлемнің 67 елі парктің тапсырыс берушісіне айналды. Паркте өндірілетін бағ­дарламалық қамтамасыз етудің 91 пайызы экспортқа шы­ғары­лады. Экспорттың 43,2 пайызы – АҚШ-қа, 49,1 пайызы – Батыс Еуропаға, 5,3 пайызы ТМД ел­деріне жеткізіледі.

Жоғары технологиялық парк­­тегі резидент компаниялар жа­са­ған мобильді қосымшаларды 193 елден 1 млрд адам пайдаланады. Паркте әлемдегі ең табысты ком­пьютерлік ойындардың алғаш­қы бестігіне енген ойындар жа­сал­ған. Forbes рейтингінде әлемдік он ірі корпорацияның бесеуі – бүгінде парктің негізгі тапсырыс берушісі. Парктегі алты резидент компания әлемнің үздік 100 аут­сорсинг компанияларының қ­а­та­­рына енген. Жыл сайын паркте жаңа жобалар жасалады. Мәселен, «Танкілер әлемі» ойын­дары мен Viber, Juno, MSQRD қосымшаларын айтуға болады.

Белорусь те, Қазақстан да бір «шекпеннен» шыққан мем­лекеттер. Ақпараттық техноло­гияны дамытатын паркті де бір мезгілде ашыпты. Нәтижеге қараңыз, белорустерше жұмыс істеуге не кедергі?

«Ақылды қала» саламыз деп қапыламыз да, қатырмаймыз. Ақпараттық технологиялар паркін ашамыз да, жарытпаймыз, жалпы біздің қолдан не келеді сонда? Миллиардтар құйылған жобалар осылай жол ортада қала бере ме?


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ