Қарқынды баудан кіріс көп
Қарқынды баудан кіріс көп
171
оқылды
Аталған орталық негізінен облыс кәсіпкерлеріне несие және қаржылық лизинг беру ар­­қы­лы қаржыландыру жұмыс­тарын жүргізеді. Қаржы ұйы­мы жеңілдетілген несиені ауыл шаруашылығымен айналысатын­дарға береді. Жылдық сыйақы мөлшері 8 пайыз көлемінде. Өңірде осынау орталық ар­қылы шаруашылығын кеңей­тіп, кәсібін дөңгелетіп отырғандар көп. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айының өзінде отбасылық алма ба­ғын ұйымдастыру бағыты бойын­ша 7 инвестициялық жоба қаржы­ландырылған. Құны 2 млрд тең­гелік жоба аясында қарқынды бауды салуға арналған жер учас­келерінің жалпы ауданы 117 гек­тар. Оның 100 гектары – бау, қал­ған жер инфрақұрылымға пай­даланылған. Оның ішіне пе­ри­метр арасындағы жолдар, сүзгілеу стансасы, коммуналдық ғимарат, шағын су қоймасы мен жаңадан салынған құдық та кіреді. БАҚ өкілдерінен құралған жасақтың жолы жуырда 100 гек­тар аумақты алып жатқан осы бір алма бағына түсті. Қарқынды бау тәсілімен егілген алма бір жылда-ақ жеміс береді екен. Де­генмен оның өз деңгейінде же­міс беруі үшін 3 жылға дейінгі өнімін пайдаланбайды. Оған дейін шыққан түйнек қырқылып тасталады. Мамандар қарқынды бау арқылы таза өнім 3 жылдан соң жақсы шығатынын айтады.  DALA-FRUIT.KZ  ЖШС ди­ректоры Сапарбек Ержігітовтің айтуынша,  сорғылау стансасы  «Жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған.  Стансадағы қондырғыларда азот, натрий кальций сияқты талтерекке қажетті толық азық бар.  Мұнда су жүйесін Алматы және Жамбыл облыстарында тәжірибесін шың­даған  «Ирри­га­тор Қазақстан» ЖШС орна­тыпты. Су жүйесі  то­лық авто­маттандырылған, тек өзінің ре­­жиміне қойылса бол­ғаны. «Біз тапсырыс берушіден та­қыр жерді алып, бауды то­лық құрып беруге 18 айға келісім­шартқа отырғанбыз. Жеткілікті техникамыз, жұмысшымыз бар. Енді бау толыққанды жұмысқа кіріскенде баудың одан ары жұ­мыстарына, баптап-күтіп ұс­тауына жергілікті тұрғындардан жұмысшылар қабылданады. Жалпы, 13 жылдан бері бау өс­іру­мен айналысып келеміз.  Алманың 16-17 түрін егіп көрдік. Олардың қайсысы біздің жерді жерсінеді, бейімделеді деп зерт­тедік. Италия, Голландияның да көшеттерін алдырып егіп көр­дік», – дейді DALA-FRUIT.KZ  компаниясының бау-бақшасын гүлдендіріп отырған маман. Бүгінгі таңда компанияда 100 гектар алма бауы болса, одан бөлек алманы сақтайтын қойма және алма шы­­рынын дайындайтын қайта өң­деу цехы да белсенді жұ­­мыс іс­теп тұр. Толыққанды жұ­мысы жан­данып отырған ком­пания енді тағы осынша гектарға алма егуді бас­таған. Де­мек, кәсіптің бұл түрі та­бысты болғаны.  «Қарқынды бау сонау Кеңес үкіметі  кезінен болған. Дегенмен адамдар онша мән бермеген.  Иә, ол кездері бар-жоғы  10-20 гектар ғана бау болған. Ал қазір мына жерді  20 гектардан есептегеннің өзінде 10 шаруашылықтың, яғни бұрынғы 10 совхоздың бау шаруашылығы бар деген сөз. Ауыл шаруашылығында жан-жақты тиімді және кірісі мол шаруа­шылық деген болады. Мәселен, бізде шаруалар көбіне шығын аз кетеді деп қауын-қар­бызды таңдап жатады. Бірақ ол үлкен тәуекелді керек етеді. Себебі оған сұраныс әртүрлі. Көп болғанда сұраныс түседі, аз болғанда кө­теріліп кетеді. Баға құбылып тұрады. Шаруалар  сол жағын бол­жай алмай қалады. Сондықтан біз бағбандар бірлестігін құр­дық. Бірлестікте бағбандар бас қосып,  қаржыны тиімді жұмсау, беретін тыңайтқышты  үнемдеу, техниканы дұрыстап пайдалану сынды сұрақ­тарды ортаға салып,  1 келі алманың шығынын есептеп, мұның кіріс­ті жеміс екенін дәлелдедік. Біз­де ірі сатып алушылар бар. Та­уарымызды еліміздегі барлық супермаркет ала­ды. Сонымен бірге Ресейге экс­­порттаймыз», – дейді Сапарбек Ержігітов. Бұл серіктестікте алманың 13 түрі бар. Негізінен, бау-бақ­шада 5 сұрыптағы Италия, Түр­­кия мен Голландияның ал­ма­ларына сұраныс жоғары екен.  100 гектар алқаптың дені алма. Өнімді ұзақ уақыт сақтау үшін сыйымдылығы 15 мың тонналық қойма жұмыс істеп тұр. Жоғарыда атап өткендей, мұнда екі мұз­дат­қыш камера,  алдын ала сал­­қындататын үш бөлме бар. Оған тағы да 5 үлкен камераны қо­сыңыз. Жалпы сыйымдылығы – 8 200 тонна.  Биылғы алма теру науқаны басталып кеткен. «Бүгінгі таңда 310 тонна алманың «Гала», «Голден Делишес» түрінен жалпы 400 тоннадан астам  өнім терілді. Ал қазір терімі басталған «Гренни Смит» қыркүйектің соңына де­й­ін жиналады. Жалпы, бұл бау 2017 жылы құрылған. Өнімге сұ­­ра­ныс жоғары. Көшеттер шет­елден әкелінгенімен, қажетті құ­рылғылар отандық өнім», – дейді бау өсірудің маманы. Енді биыл «Алмалы С» ЖШС-нің 100 гектар алқапты алып жатқан алма бауын өсіруге кіріскен. Серіктестік директорының ай­туынша, елімізде болып жат­қан карантин шектеулеріне бай­­­­ланысты сәуір айынан бе­рі шетелдік мамандар келе ал­май қал­ған.  Дегенмен бар күш­ті жинап, еліміздегі бау шар­уа­шылығының мамандарын тар­тып­ты. Одан бөлек, бұл кә­сіпке жергілікті тұр­ғындарды да баулып жатқанын айтады. Енді компанияның бас­шылығы сенімгерлік басқар­у­дың арқасында колледждегі шә­кірттерді осы салаға бейімдеуді қолға алып отыр. Биыл DALA-FRUIT.KZ  ЖШС алма баудың әр гектарынан 10-15 тонна, жалпы 1 000 тон­на­дан жоғары өнім аламыз деп жоспарлап отыр. Негізінен, алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді екен. Одан ары жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. «Жалпы, қарқынды бауда қатты өсіп кеткен бұтақты қырқып отырған жөн. Алма егуде арақашықтыққа емес, қыста және күзде қырқу жағына аса мән беру керек. Өнім беретін бұтақты қал­дырып, қатты өсіп кетеді де­ген­дерді қырқу қажет. Әрине, бұл жұмыстарға да білетін жақсы ма­ман керек. Біз бұл жағынан Көмешбұлақ, Әйтеке би, Шұбар ауылынан  келетін жергілікті тұрғындырды үйретіп жатырмыз. Rigon аймақтық инвес­тиция­лық орталығының өкілі Аманжол Шалбаев бақшаларда орталықтандырылған бақылауды енгізу мақсатында 7 линзинг алу­шы есебінен «Алмалы С» ауыл ша­руашылығы өндірістік коопер­ативі құрылғанын айтып өтті. Жо­балық қуаттылыққа шық­қаннан кейін жылына 4 500 тон­на  жеміс беретінін айтады. Айта кетейік, от­басылық бақ­тарға жабдықтар мен негізгі құралдарды DALA-FRUIT.KZ  ЖШС жеткізіп беруде.  Ол өз кезегінде қарқынды бақтарды құру жұмыстарын жүргізеді. DALA-FRUIT.KZ   ЖШС баулары тамшылатып суару жүйесімен, баудың үстін жабуға арналған тор,  периметрлік қоршау жолдарымен жабдықталған. Серіктестік DALA компаниялар құрамына кіреді, ол – Қазақстанның оңтүстік ау­мағындағы ең ірі ұйымдардың бірі.  Компаниялар тобы бірнеше бағытта жұмыс істейді.  

Назгүл НАЗАРБЕК,  Шымкент қаласы