Экс-әкімнің соты кейінге шегерілді

Экс-әкімнің соты кейінге шегерілді

Соттың шешімімен экс-әкім Қуанышбек Ысқақов үй­қамақта болған еді.  Оған жазда снарядтардан ойраны шыққан Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған ақшаға қол салды деген айып тағылған болатын. Өзімен  орынбасарлары мен бірнеше кә­сіпкер күдікке ілінген-ді. Олар 80 миллион теңгені құрылыс ком­панияларына аударып отырған. Жуырда Қызылорда облысы­ның экс-әкімі  Қуанышбек  Ыс­қақовтың ісіне қатысты сот бас­талған. Дегенмен әлі үкім шыққан жоқ. Өйткені жинақталған дерек тым көп болса керек. Облыстық соттың бөлім басшысы Ардақ Смағанбетованың айтуынша, экс-әкімге қатысты қылмыстық іс әлі қаралу сатысында екен. «Сот­талушыларға Қылмыстық ко­декстің 190-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Қ.Ысқақовпен бірге оның бұрынғы екі орынбасары мен екі кәсіпкер де осы іс бойынша жауап береді. Қылмыстық іс 52 томды құрап отырғандықтан, сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін», – деді сот өкілі. Биыл көктемде экс-әкіммен бірге оның орынбасарлары Ма­рат Делмұханов пен Мұрат Иман­до­сов та алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Ұс­тау кезінде Ысқақовтың алдау және сенімге қиянат жасау ар­қылы «Сыр мейірімі» қоғамдық-әлеуметтік қорында жатқан 80 миллион тең­геден астам соманы иеленгені туралы хабарланған еді. Бұл ақша 2019 жылы әскери қоймалардағы жарылыстардан кейін Арыс қа­ласын қалпына келтіру үшін жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық шараларынан жиналған бола­тын. Бізде «Сыр мейірімі» қоры­ның басшылығына қатысты көп­теген сұрақ бар. Арысқа ­жи­налған ақша неліктен шағын қайырымдылықпен айналысатын осы қорда болды? Оларды құрылыс компанияларының шотына ау­дару­ды нақты кім сұрады? Тергеу барысында бұл адамның аты-жөні аталмады, тек «облыс әкім­дігінің лауазымды тұлғалары» деп айтылды. Түсініксіз жайттар көп. 5 айдан бері жүргізілген тер­геуден соң іс сотқа жетті. Кінәсі дәлелденсе, Ысқақовқа 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Онлайн ре­жимде өткен сот  тағы да кейінге шегерілді. Ал экс-әкім әлі үй қама­ғында отыр.  

Миуа БАЙНАЗАР